Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өткен ғасырдан жеткен жәдігер

Өткен ғасырдан жеткен жәдігер

Қай дәуірде болмасын қазақтың ұсталары жасаған дүниелер өзінің құндылығын ешқашан жоғалтқан емес. Оның дәлелі елдегі музейлер қорында сақтаулы тұрған қазақтың ұлттық үй жиһаздары. Жалпы қазақ халқы күнделікті тұрмысында жиһаздардың бірнеше түрін пайдаланған. Солардың бірі – асадал. «Ас және адал» деген сөздерден құралған.

Асадал негізінен шкафтың қызметін атқарған, ыдыс-аяқ және азық-түлік сақтауға арналған ерекше мүлік саналады. Ол кебеже, сандықтарға қарағанда биік болып келеді. Этнографиялық деректерге қарағанда асадалдың бірнеше түрі болған және оны түркі халықтарының бәрі тұтынған. Белгілі этнограф Х.Арғынбаев өзінің еңбегінде асадалдың алғашқысы қазіргі уақыттағы тумбочка тәрізденіп, енінен биіктігі артық болып жасалса, екіншісінің ені мен биіктігі шамалас келеді. Үшіншісінің биіктігі кебежедей ғана болған. Ал төртінші түрі буфет тәрізденіп жасалған асадалдар деп жазады.

1991 жылы Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейінің қызмет­керлері Үрмәш Түктібаев ауылынан қазіргі уақытта марқұм болып кеткен Жақсылық Сағадиновтан құнды дүниені сатып алады. Асадал бұл күндері музейдің «Көрме» залында орналасқан. Осы уақытқа дейін өз құндылығын жоғалтпай келген асадалдың түп-тарихын білу мақсатында Жамбыл облысы, Бурный стансасында тұратын Жақсылық атаның жұбайы Зылиха Сағадинова әжемізбен байланысқан болатынбыз. Әженің айтуынша, асадал шамамен 1915-1920 жылдарда жасалған деп болжалып отыр. Бұл енесі, яғни Нұрбибі Толыбайқызының артынан қыз жасауымен қоса келген. «Енем текті жердің қызы, әкесі үсен руынан шыққан ишан, өмірін дін жолына арнаған адам болған екен. «Асадалды таза ұстаңдар киесі бар» деп енем маған дүниеден өтер алдында аманаттап кеткен еді. Өсіп-өніп балаларыммен Жамбыл облысына көшетін болғандықтан, туған жерімізде қалсын, ескінің дүниесі жаңа ұрпаққа мұра болсын деген оймен музейге табыстадық, күтіп ұстаңдар айналайындар» – деп әжеміз батасын берді.

Асадалдың екі ашпалы есігі және маңдай бетінде тартпасы орналасқан. Асадалдың беткі бөлігінде орналасқан ою-өрнектер келушілердің назарын өзіне аударып, қызығушылығын арттыруда. Тартпа беті мен екі ашпалы есігінде қауызын жарған гүл тәріздес ою бедерленіп, айналасына көз тартатын әсем өрнектер жүргізілген. Осындай әртүрлі ою-өрнектердің бір-бірімен қиылысуы, үйлесуі, шебердің ұсталық өнерінің жоғары дәрежеде болғандығын көрсетеді.

Алайда өкініштісі асадалдың толық сипаттамасы қағаз бетіне түспеген. Алдағы уақытта да халық арасындағы қолөнер шеберлерінің кереметтей дүниелері музей төрінен орын алады деген ойдамыз.

Әлібек СЕРАЛЫ,
Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейінің қор сақтаушысы

06 сәуір 2019 ж. 3 830 0

Баба рухы ардақталды

10 қазан 2024 ж. 42

Талғардағы трагедия

10 қазан 2024 ж. 57

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031