Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сырлы сазды сақтаған

Сырлы сазды сақтаған

Ғани Мұратбаев – жиырма үш жыл ғана өмір сүріп, жаһанға танылған тұлға. Әр жылдың 365 күнінде бір дамыл таппағандай. Жалынды жігіттің осындай қажыр-қайратына қайран қаласың.
Мәселен, XX ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы саяси-ағарту жұмыстарына белсене араласты, Шығыс жастарының рухани көсемі де болды. Тіпті, панасыз жүрген жетім балаларды көше-көшелерден іздеп жүріп тауып, оларды пансиондарға орналастырды, икемділерін оқытты да. Бір ғана Тәшкент қаласынан 800-ден астам баланы осылай өлімнен арашалап қалғанын қаһармандыққа балар едік. Керек десеңіз, Орта Азия мемлекеттерінің пароход жүйесін үйлестіріп, Арал және Әмудария флотилиясына басшылық жасаған Ғаниға КСРО Әскери соғыс теңіз флотының комиссариаты «Құрметті теңізші» атағын берген. Жерлесіміздің жалпақ жұртқа көп айтыла бермейтін қырлары жетерлік. Осы орайда, оның тағы бір елеулі еңбегін ел есіне салғымыз келеді. Өйткені, Ғанидың қазақтың сырлы сазының сақталуына сіңірген қызметі өз алдына бөлек әңгіме.
1921 жылы 7-11 шілде аралығында Орынборда өткен Қазақстан комсомолының бірінші съезінде Ғани музыка зерттеушiсi, қазақ әндерi мен жырларын және күйлерiн нотаға түсiрушi Александр Викторович Затаевичпен танысады. Ол кезеңде А.Затаевич қазақтың ән-күйлерін жинақтап, терең зерттеу жүргізіп жүрген еді. Орайы келгенде айта кеткен жөн, сазгер 1920 жылдың көктемінде Орынбор қаласына Варшавадан келгенде қазақ музыкасының кешіне қатысады. Сонда ұлы дала сазының әуенділігіне таң қалады. Затаевич үйіне келе салысымен отбасына: «Бүгіннен бастап қазақ әндерін жинаймын», деп өз шешімін білдіреді. Бұл болашақта аңызға айналатын ұлы істің бастамасы екенін ол кезде ешкім де білген жоқ. Осылайша, Затаевич ел аралап, қазақ әндері мен күйлерін 500-дей адамнан жазып алған. Оған қазақ әндері мен күйлерін жинауға қазақ зиялылары да көптеп көмек қолын ұсынды. Олар: халық композиторы Жаяу Мұса Байжанұлы мен Үкілі Ыбырай, әнші Әміре Қашаубайұлы, батыр Аманкелді Иманұлы, қоғам қайраткері Сара Есқызы, әнші Жанбике Шанина, Қазақстанның халық әртісі Елубай Өмірзақұлы, қоғам қайраткері Алма Оразбайқызы, ІІ Бүкілқазақ партия жиылысының қатысушысы Шөпбай, Қазақ мемлекеттік театрының әртісі, әнші Дәлилә Оңғарбайқызы, ұлы ғалым Қаныш Сәтбайұлы, жазушы Ғабит Мүсірепұлы, Қазақстанның халық әртістері Қалибек Қуанышбайұлы, Серке Қожамқұлұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі А.Тоқпанұлы т.б. Солардың қатарында қазақ жастарының көшбасшысы Ғани Мұратбайұлының да болғанын мақтанышпен айтамыз. Олардың есімдері Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 ән-күйі» атты еңбегіне енгізілді.
Сөйтіп, А.Затаевич Ғанидың орындауымен «Дударай», «Қатын жырау», «Қара торғай», «Сәулем-ай», «Әу-қарғам» әндерін нотаға жазып алады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сара Есова осы тарихи оқиғаны былай еске алады: «…Ғани тек қоғам қайраткерi ғана емес, өнер қайраткерi. Ол әндi жақсы көретiн. Өзi жақсы ән салатын. 1921 жылы Қазақстан комсомолының I съезiне шақырылып келгенiмiзде Орынборда Ғанидың тапсыруымен Ерғали Алдоңғаровтың үйiнде («Комсомол» журналының редакторы, белгiлi журналист) бiраз жастар ортамызға Затаевичтi алып, үлкен сауық кешiн өткiздiк. Сол жолы Ғани Мұратбаев, Ерғали Алдоңғаров, Алма Оразбаева, Мәдина Оразбаева (Алманың сiңлiсi) және дауысымызды Александр Викторович Затаевич ұнатқанды. Затаевич “Қазақтың 1000 әнi” бiрiншi томына Ғанидың айтуымен «Дудар-ай» және «Қатын жырау» әндерін енгiздi.
…Ғанидың бастауымен әрқайсысымыз ән салып, өлең айтуға қатты құмар болдық. Ғанидың бiр ұмытылмас мiнезi осы. Азғантай өмiрiнде артында ұмытылмас iз қалдырып, жолдастары, құрбылары, шәкiрттерi ортасында жұлдыздай жарқырап жүрген Ғани Мұратбаевтың мейірiмдi жүзiн ұмытармыз ба?»
Ғани Мұратбаевтың көрнекті ақын Қарасақал Ерімбетовпен туыстығы оны өнер атаулыдан да құр қалдырмаған-ды. Оның ән салу қабілеті ерекше болған. Зерттеушi журналист Сейiлхан Асқаров 1973 жылы “Простор” журналында жариялаған Ғанидың “Жизнь – пламя” атты өлеңi де оның өнерлi жiгiт екендiгiн айғақтайды.
Айта кетейік, Қазалы қаласындағы Ғани музейіне барғанда қазақтың ән өнеріне қосқан үлесін дәлелдейтін тарихи деректердің көшірмесін көзімізбен көріп, қолымызбен ұстадық. Сондықтан, артына өшпес мұра қалдырған қайраткерді халқы мәңгілік жадынан шығармай, ұлықтап отырады.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
25 қыркүйек 2018 ж. 1 394 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 42

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930