Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қазыналы жануар, құтты серік

Қазыналы жануар, құтты серік

Адамға етене жақын бұл жануарды көпшілік жақсы көреді. Деректерге жүгінсек, оны қолға үйрету мезолит дәуірінен бастау алыпты. Қазақ «жеті қазынаның» біріне балап, қастерлеуінде қандай сыр жатыр? Білмекке бекіндік.

Ит асырау харам ба?
Ұлық Пайғамдарымыздан (оған Алланың сәлемі болсын) «Ит пен сурет бар үйге періштелер кірмейді», «Күзетші ит пен аң аулайтын иттен басқа ит ұстаған адамның жақсы істері күн сайын екі қиратқа кеміп отырады» – деген хадис қалған. Бұдан итті аң аулау мен мал күзету, үйдің қалдық тамақтарын жегізу мақсатында ғана ұстауға рұқсат етілгенін бағамдау қиынға соқпайды. Хақ дінде итке өте сақ қараған. Мәселен, имам Муслим «Сахихында»: «Ит жалаған ыдыстарыңды тазалау үшін әуелі оны топырақпен, содан соң сумен алты рет жууларың қажет», – делінген. Ата-бабаларымыз сан ғасырдан бері ұстанып келе жатқан Ханафи мəзһабында иттің өзі таза саналады. Алайда, онда болуы ықтимал кейбір аурулар адам денесінде де өмір сүре алатыны айтылып, жануардың зəрі, тезегі мен сілекейін нəжіске балаған. Ит киімге сүйкенсе, намаз оқуға рұқсат етілген. Бірақ сілекейі мен зəрі рұқсат етілген мөлшерден тыс ластамауына мəн берген.
Алла елшісі: «Ең жаман табыс – жезөкшелікпен табатын табыс, ит үшін және қан алғаны үшін алатын ақша” – деген. Мұсылман ғалымдарының басым бөлігі осыған тоқтаған. Әбу Ханифа пайдасы бар итті сатуға болатынын, ал мұндай итке зиян келтіргені үшін шығынын өтеу керектігін айтқан. Ит ұлығанда, үргенде оқылатын дұғалар бары оған бейжай қарамағандықты байқатады.

Өлім шақыру немесе төл таным
Итке қатысты көне дерек Авестада молынан ұшырасады. Сол тұстағы таным бойынша адамдар ең қасиетті деп санаған хайуандарды итке теңеген. Сөзімізге құндызды «су иті», кірпіні «тікенекті ит» деп атағандығы дәлел. Зороастрлықтарда ит пәле-жаладан, жын-періден қорғайды деген сенім қалыптасқан. Орта Азия мен оған жақын аумақта итті жерлеуге қатысты табылған қазба деректері оның бағзыдан үлкен культке ие болғандығын аңғартады. Ит жылқы тәрізді өліктің жанын қияметке дейін жеткізетін жәрдемші деп санаған. Бағзыда ғұндар өлiктi жерлегенде «аруақты көкке ертiп шығады» деген сенім бойынша иттi де бірге жерлейтін болған.
Ит – қазақ үшін он екі мүшел жылдың бірі, жеті қазынаның басы. Халқымыз жеті қазынаға барлық итті емес, тек тазыны ғана жатқызған. Адалдықтың символына саналатын жануар күнделікті тұрмыс үшін таптырмас серік. «Қолға үйретілген итіңді жібергеніңде, ол олжаны өлтіріп, алдыңа əкелсе, жей бер», – деген хадис бар. Күнкөрісінде аң аулауға құс ұшырып, ит салған қазақтың түсінігі шариғатқа қайшы саналмайды.
Бізге жеткен шығыс елдерінің көбіне ортақ «ит ұлыса – өлім шақырады» деген түсінік бар. Негіз іздеп көрелік.
Ілгеріде бір кісінің иті күн сайын кешке ұлитын әдет туыпты. Мұны көрген иесі жаманшылық шақырып жатыр деп жорып, “басыңа көрінгір” деп қарғап, үйінен аулаққа қуып тастайды. Жануар болса үйді айналсоқтаған әдетін тоқтатпайды. Сондай күндердің бірінде əлгі кісінің үйіне бір диуана қайыр сұрап келіпті. Үй иесі жеті теңгесін қайырымдылыққа қия салып, кері бұрылып кетіп бара жатса, әлгі диуана: “Аспанға қарашы”, – дейді. Қараса, қап-қара қорқынышты бір алып дененің өзіне таяп келе жатқанын, ал итінің ұлып жақындатпай тұрғанын көреді. Сəлден кейін əлгі қара түсті беймәлім нəрсені өзінің берген жеті теңгесі қуалап кете барыпты. Осының бəрін көзімен көрген қожайыны диуананың тегін адам емес екенін біліп, алғысын жаудырыпты.
Мұсылман халықтары: «Қораздың шақырғанын естігенде Алладан молшылығын сұраңдар. Өйткені, қораз періште көргенде шақырады. Ал есектің ақырғанын немесе иттің үргенін естігенде, Алладан пана тілеңдер. Шынында, ол шайтанды көргенде ақырады», – дейді.
Бұл түсініктің төркіні ит үргенде көшпенді өмір сүрген қазақтың тұрмысындағы мал атаулының негізгі жауы қасқыр шақырады дегенге жанасады. Бабаларымыздың “Ит ұлыса, шаңыраққа өлім шақырады, көзін жою керек” дегені осыдан қалыптасқан.
Бір қызығы, иттің зілзала, дүлей дауыл, өрт, тасқын сияқты апаттарды алдын ала сезе алатын ерекше қасиеті де бар. Иесін ғана емес, иесінің өзі көрмеген туысын да иісінен ажыратады деседі. Сондықтан жақсы ит малға да, жанға да серік деген баға беріліп, үйдің ырысы делінеді. Көп грек мифінде ит өлім мен өмірдің шекарасы, екі дүние аралығы, жан мен тән дәнекері екені айтылады.
Итті қанша қастерлегенімен, алаш жұрты ас тағамдарға, әсіресе, ақ тағамдарға аузының тигенін жаман ырымға жорыған. Сойылған малдың етіне адам ауыз тимей ит иіскеп немесе ауыз салса, етті харамға санаған. Тілдік қордағы “Есіктен ергенек кетсе, иттен ұят кетеді” деген мәтел киіз үйге ит оңай кіріп кетпес үшін “ергенек” деп аталатын жіңішке ағаштардан істелген торлы бөгеттің болғанын байқатады.
Ертеде ит басқалардың жынын көргіш келеді, бақсы отырған үйдің “босағасын қабады” деп сенген.

Ырым қырын кетпейді
Итке қатысты біздің дәстүрлі таным тереңде.
Әпсана сюжетіне бойласақ, Алла Тағала адамның мүсінін жасағанда, оның кіндігінен алынған бір шөкім балшықтан итті жаратады. Оның үнемі адамнан айырылмай, қайда барса да, иесінің мал-мүлкін қорып, адамға серік болып жүретін себебі содан қалыптасқан деседі. Тағы бірінде Адам ата жаралған соң, оны қырық күн, қырық түн ит күзетіпті. Алғашында ит тықыр, жүнсіз болған екен. Бірде Ібіліс адамға жақын келіп: «Алла сені несіне жаратқан? Түрің құрысын!» – деп бетіне түкіріп жібергенде, ит адамды қорғап, иесінің жауына тап беріпті. Ібіліс ашуланып, қаһарын төкенде, ит тоңып өліпті. Алла Тағала иттің ерлігіне риза болып, оны қайта тірілтіп, денесін жүні қалың терімен қаптайды. Адамның шаңырағынан мекен береді.
Келесі аңыз бидайдың басындағы сабағы иттің алып қалған сыбағасы деседі.
Ұлттық ұғымдағы жаңа туған баланы да пәле-жәледен қорғасын деп иткөйлек кигізіп, ырымдау содан қалыптасыпты. Ғылыми түсінік иткөйлекті қасиетті деп ырымдап, оның адамды қорғайтынына сену – тәңірлік діннің белгісі дейді. Ел арасында дауға барған адамдар, жауға шапқан батырлар баласының итжейдесін қойнына тығып, өзімен бірге ала жүрген. Себебі, «иткөйлек қауіп-қатерден, пәле-жаладан сақтайды» деп ырымдаған.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дəстүрлi жүйесi» атты энциклопедияда жүйелі жеткізілген мынандай мағлұматтар бар.
«Дәстүрлі наным-сенім бойынша құмай тазы «италақаз» деп аталатын мифтік құстың жұмыртқасынан пайда болыпты. Оның «құмай» деп аталуы да осы қисынға байланысты. Мұндай атау құмай тазының ұшқырлығы ұшқан құстай екендігін білдіреді. Дүрегей иттерге тән нақты тұлға бітімі мен мінез-құлқы бола бермейді. Қазақта иттің сырттаны деп дене бітімі ірі, саққұлақ, күшті, алғыр, батыл сияқты ерен қасиеттерімен ерекшеленетін итті атайды», – дейді.
Әрі сақшы, күзетші, әрі қамқор иттің көшпелі ортада ерекше қастерленгендігі соншалықты «итті теппе – ырысың кетеді» деген тыйым да қалыптасқан.
Қазақта итке байланысты ғұрып, ырымдар да көп. Мәселен, қалыңдыққа ұрын келу ғұрпында атқарылатын жосын атауы – итырылдатар аталады. Ата-бабаларымыз баланы қырқынан шығысымен атақты адамның үзеңгісінен өткізіп алу ғұрпы сияқты иттің күшігін де ырымдап, белгілі адамдардың үзеңгісінен өткізген. «Ілгері басқанның иті оттайды, кері кеткеннің келіні ұрлық жасайды» деген мақалдағыдай иттің шөп жеуін жақсыға санаған. Ауылдан атқа мініп аттанғанда артынан ит ере шықса, қуалап зорлықпен кері қайтармайды. Бұл жайтты ит иесінің жолы болады, сапары оң болады деп жақсылыққа жорыған. Сондай-ақ иттің қылығы мен әрекетіне қарап күн райын болжау да кеңінен етек алған.
Қазақ әйелдері итке тас лақтырмаған. Олай етсе қолының берекесі қашады, ырысы кетеді, иттің құты ұшады деп ойлаған. Жаңа түскен келін мен аяғы ауыр әйелдің итке «кет» деп айтуына тыйым салынады. Құда-жекжаттар «итше ырылдасып кетеміз» деп бір-бірінен ит, күшік алмайды. Мал сойғанда алдымен үй иелері еттен ауыз тимей тұрып қанын итке бермейді. Ауырған баланы ит орнына аунатады.
Зәрушілікке байланысты оны емдікке қолдану жиі кездескен. Жеті қазынаның біріне саналатын иттің итаяғынан тілі шықпаған балаға су ішкізеді. «Ит жыны» бар бақсылар дертті иттің бас сүйегіне көшірген. Сөйткенде, иттің «рухы» әртүрлі аурудың иелерін қуып шығады екен деседі.
P.S. Бала кезімде нағашы атамның ауызғы бөлмесінде алты ит жататын. Әжеміз үйдегілерден өзге иттерге арнайы ас-быламық дайындап жүретінін білетінбіз. Қазақы ит, құмай тазылар болса керек, нағашым мал іздеуге, аңға ерте кететін. Қазір қорғаныс үшін шарбақта байланған иттен өзгелерін көрудің өзі қиын. Ветеринарлар «күшікке де күтім керек» деп дабыл қағып, көп жағдайда пәтерде, аулада өсірген түрлері тиісті күтім көрмей, табиғи ерекшеліктерінен ажырауда. Бұл өз кезегінде жер бетінде аталған жануар қатарының күрт кемуіне үлес қосуда дейді. Жаны бардың обалы бар. Жоғарыдағы жайтты ескерсек, кейде ит асырамау дұрыс та шығар деген ойға келесің. Алайда, бұл ұстанымда болсақ, қазақ қастерлеген қасиетті жануарды келер ғасырда ұрпақтарымыз тек зообақтан ғана көре ме деп қауіптенесің.

ДайындағанА.МЕЙІРХАНОВА

18 қыркүйек 2021 ж. 765 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 75

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930