Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұлттық ойын – ұлт қазынасы

Ұлттық ойын – ұлт қазынасы

Қазақ халқы ежелден салауатты өмір салтын ұстанып, денсаулыққа аса мән берген. Оны ұлттық ойындардан да аңғаруға болады. Өткенге көз салсақ, бозбала да, қыз бала да жастайынан аттың құлағында ойнауға бейімделген. Ұлттық ойындардан тәжірибе мен тәсілдің еркіндігі, тапқырлық пен болжамның қиылысатын шебі, мұрат пен меженің тоғысқан шеңбері анық көрінеді. Өкініштісі, қазіргі таңда ұлттық ойындар көп ойналмайды. Тіпті көбісін білмей жатамыз.

Ертеректе қазақы ойындарда ежелгі заманнан келе жатқан тастан, ағаштан, аң сүйектерінен, кейін металлдан жасалынған құралдар қолданатын болған. Ойын арқылы адам өзінің іскерлігі мен күшін көрсетеді. Қазақтың ұлттық ойындары бес түрге бөлінеді. Олар: аңға, малға байланысты, түрлі заттармен ойналатын, зеректікті, ептілікті және икемділікті қажет ететін, соңғы кезде қалыптасқан ойындар. Олардың негізгілерінің өзі жүзден астам. Этнограф ғалымдардың пайымдауынша, ата-бабадан бізге жеткен ойындар тарихы Қазақстан жерінде б.з.б. бірінші мыңжылдықта-ақ қалыптасқан. Олардың ішінде тоғызқұмалақ, асық ойындары Азия елдерінде тайпалық одақтар мен алғашқы мемлекеттерде кеңінен тарады. Біздің қоғамдағы ұлттық ойындардың негізі, шығу тегі халқымыздың көшпелі дәстүрлі шаруашылық қарекеттерінен бастау алады. Бұлардың көбісі мал шаруашылығына, аңшылыққа, жаугершілікке негізділген.
Қазақ халқымен бірге жасасып келе жатқан, ұзақ тарихы бар ойын – күрес. Адамның жеке күш-қайраты сынға салынады.
Бұл тұста ел жастарды «Күш – атасын танымас» деп қайрайды. Бұл күштілерді дарақылыққа итермелеу емес. Сайыс майданына түскен жігіттер кіммен болса да тайсалмай күресуге тиіс. Қарсыласқысы келгеннен аянбау керек. Күрес қазақ арасында күні бүгінге дейін сақталып келеді.
Бүгінде өз қадір-қасиетін жоймай келе жатқан ойынның бірі – көкпар. Көкпарда «Дода және жеке тартыс» аталатын екі түрлі әдіс қазақ арасында көп қолданылады. Екеуінде де ат пен жігіт сынға түседі. Қазір көп жерде дода тартыс қана ойналып жүр. Жеке тартыстың шарты бойынша қарсылыстар өз тобынан екі-екіден тартыскерлер шығарады. Сайланған төрт жігіт өздерінің қайрат-күшін елге танытады. Тартылатын серкені бір бала өңгеріп алып, алдын ала сарапшылар белгілеген бір жарым шақырымдай жерге апарып тастайды. Тартысқа шыққан жігіттер серкеге барғаннан кейін таласа-тармаса тұрып, жерден іліп алу амалын жасайды. Қайсысы бұрын іліп алса, тақымына басып, қарсыласына ырық бермеуге тырысады. Ол да жармасып, бос сирақты тақымға басып, тартыса бастайды. Серіктері жолдастарын жебейді. Қайсысы көкпарды жұлып алса, серігіне береді. Ол топқа қарай ала қашады. Қарсыласы қуалайды. Жетіп ұстаса, қайта ­тартысады. Сөйте-сөйте көрерменге жақындайды. Осы арада көкпарды жұлып алған жігіт тез қимылдап, қарсылас топқа апарып тастайды. Жиналғандар жүйрік атпен мықты жігіттің қайратына сүйсінеді. Біраздан кейін серкенің терісі жыртылып, сүйегі сөгіле ­бастайды да, ел жапа-тармағай тартысқа кіріседі. Бұл «дода» деп аталады. Мұнда да мықты жігіттер мен жақсы ат көзге түседі.
Салт аттылардың бірін-бірі ер үстінен аударып алу сайысы – аударыспақ деп аталады. Бұл ойынға қайрат-күші мол, батыл да төзімді, шапшаң қимылдап, ат құлағында ойнай білетін жігіттер қатысады. Ежелгі заманнан келе жатқан бұл ойын жаугершілік кезінде найза ұстап, қылыш шабатын жауынгерге қажетті қасиеттерді қалыптастырған.
Қыз қуу ойыны бір тегіс, жұмсақ топырақты жазық жерде өткізілген. Мәренің қашықтығы 300 метрдей, ені 30-40 метрдей жер болуы шарт. Ойын өтетін алаңнан қарама-қарсы жағында, бұрылыста жалауша қадалған бақылау пункті болады. Қызбен жігіттен екі-екіден жұптар жасақталады. Сөре желісінде қыз жігіттен 15 метрдей алда тұрады. Төрешінің белгісі бойынша ойыншылар бір мезетте сөреден шаба жөнеледі. Ойынның шарты бойынша қыз бұрылысқа бірінші болып жетуі керек. Егер жігіт бұрылысқа дейін қызды қуып жетсе, жеңімпаз ретінде қызды құшақтап, сүюге міндетті. Ал жігіт оған үлгермей қалса, бұрылыстан қайта шапқанда қыз көрермендердің гулеп қостауы үстінде шабандоз жігітті қамшының астына алады. Екеуі де осы жарыс үстінде өздерінің тапқырлығын, сынаптай сырғыған ептілікті, шабандоздық шеберлікті таныта білулері керек.
Теңге ілу – бозбалалар мен жігіттердің атпен ойнайтын ойыны. Көбіне қыз ұзатылатын және сүндет тойларының думанында ойналған. Жігіттің атқа мықтылығы, ат үстіндегі әрекеті, денесін игеріп, билеп алған ептілігі сынға салынады. Теңгені іліп ала алмай, аттан ауып қалып жататындар да көп болады. Кейде бір ауылға келін ұзағырақ жылдардан кейін түсіп, беті ашылғаннан кейінгі сайранда ырым үшін де ойналады. Сонда жас келін өзінің шолпысын не алқа күмістерін орамалға түйіп, бір қарыстай терең қазылған, қолдың басы ғана сиятын шұңқырға салып қояды. Сәйгүлік мінген жігіттер жүз, жүз елу метрдей жерден екпіндете шауып келіп, сол ағынымен шұңқырдағы орамалды іліп әкетуге тиіс. Шұңқыр тұсында іркіліп, тоқтауға не аттың шабысын бәсеңдетуге болмайды. Кімде-кім орамалды іліп әкетсе, оны өзіне тартылған жас келіннің тарту сыйы деп біледі. Оны өзі алып қалмайды, қалаған адамына сыйлайды.
Ақ сүйек – ай сүттей жарық түндері, жазды күні қыздар мен жігіттер, балалар араласып ойнай береді. Кешке мал келіп, қораланып болғаннан кейін күзет түрінде ауыл шетінде ойын басталады. Ойынға ерте кезде ірі қараның қу жілігі пайдаланылған. Күн көзінде ұзақ жатқан жіліктің қурап, ақсөңке болып қалатыны белгілі. Ойынның «Ақсүйек» атануындағы мән осында. Оны оңай тауып алуға болады. Ойынға келгендер екі топқа бөлінеді. Бастаушы ақсүйекті әуелетіп, алысқа лақтырады. Басқалар ай сәулесіне шағылыса жарқыраған ақ сүйектен көз айырмай қарап, қай шамаға түсетінін бақылайды. Ақ сүйек жерге түскен соң, бастаушы: «Ал, іздеңдер» деп бұйырады. Бәрі іздейді. Ақ сүйекті тапқаны: «Мен таптым!» деп айқайлайды да, жоғары көтеріп көрсеткеннен кейін сөреге қарай жүгіре жөнеледі. Қарсыластары оны қуып жетіп ұстап алуға тиіс. Ұсталып қалса, ол ақсүйекті өзін ұстаған ойыншыға береді. Ол әрі қарай жүгіреді. Сөйтіп ақ сүйекті қай топтың ойыншысы сөреге жеткізсе, қарсы топтағылар жеңілген есебінде ән салып береді. Ойын осылайша жалғасады.
Бала кезде сақина салу ойынын ойнағандарыңыз бар шығар. Онда жеребе арқылы бір қыз, бір жігіт ортаға шығады. Басқалары екі қолдарын уыстаған күйі тізелерінің үстіне қойып отырады. Қыз қолындағы сақинаны әр ойыншының уысына салғандай ыңғаймен ойынға қатысушыларды түгел аралап өтеді. Содан кейін жігітке: «Сақинаны тап!» деп бұйырады. Жігіт өзі ұйғарған ойыншыдан: «Сақинаны бер!» деп сұрайды. Тапса, сақинаны ұстап отырған ойыншы айып тартады. Таппаса, іздеушінің өзі айып тартады. Ал айыптың өтеуі көпшіліктің қалауы бойынша орындалады. Оның түрі де ән салу, жұмбақ шешу, жаңылтпаш айту, салмақ көтеру секілді қызықты болғаны жөн. Осыдан кейін ортаға келесі жұп қыз бен жігіт шығарылады. Бұл ойында қыздар жағы тек сақина салушы ғана болады. Іздеуші – жігіт.
P.S: Ойын – ой-өрісті дамытады. Түрлі ойын барысындаой өтімділігі мен сөз өткірлігі, шеберлер өз мәртебесін мойындатып жатады. Ойын серіктесті таба білуге, онымен тіл табысуға үйретеді. Онда адам қарсыласының олқы және оң жақтарын дұрыс анықтауға ерекше мән береді. Әр ойынның астарында тәрбие жатыр. Ұлттың тұғыры мықты болуында ұлттық ойындардың ұмытылмай ойналып тұруы да өз үлесін қоспақ.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
15 қыркүйек 2020 ж. 4 701 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930