Құмырсқаның көйлегі
Бірде ауылдан қалаға келген бір кейуана сауда қатарынан самсаған заттарды көзімен барлап шығып: «Мына құжынаған базарда құмырсқаның көйлегі ғана жоқ екен. Одан басқаның бәрі бар» дегені бар. Расында, Құдайға сансыз шүкір, басымызда тоқшылық дәурен. Нені қалайсың, не кием, қандай тағам жейін демейсің?!
Таңдауға қарай түр-түрімен жанға керектінің бәрі бар. Солай болғанымен, осынша қаптаған дүниелер ортасында адамдардың қабақтары қатулы, жүздері жабырқаулы. Сонда жүректері нені аңсайды, жалпы баршылық адамзатқа не беруде? Жоқты бар, барды жоқ етуші Алла Тағала – барша ризықтардың иесі. Ол біреуге аз, біреуге көп, біреуге жеңіл не ауыр жолмен келеді. Әнімен де, сәнімен де, есіл еңбегі, маңдай тері, білектегі күшімен тауып жатқандар да бар. Сайып келгенде, адам дүниені тілімен не зілімен табады.
Өрісімізде еркін өрістегенімізге отыз жыл өтті, нендей жетістіктеріміз бар? Аллаға шүкір, тапқан табыстар әлбетте баршылық. Алайда, көзге шоқтай басылатын бір ғана жайт – халықтың рухани деңгейі. Бір адамға бақандай отыз жыл – кешегі күнін бүгінімен барынша салыстырып, аражігін анықтайтын уақыт. Өз-өзін қай жағынан болсын дамытып, отызға келген ұрпағына өзін дәлелдейтін әжептәуір мерзім. Мүмкін «елу жылда ел жаңаға» салынып, бүгінгінің жемісін жиырма жылдан кейін күтетін шығар. Әйтсе де, өз ісіне бүгін есеп бере білгені дұрыс.
Қазір кімді болмасын, нені болмасын, іздеген дүниеңді әлеуметтік желіден табасың. Тек оның пайдасынан зияны көбірек. Бір қызығы, желіге байланған жылқыдай, қолдары сәл қалт етсе, кез келген отбасы бүкіл тайлы-тұяғымен ұялы телефонға шұқшиып, алтын уақыттарын сарп етеді. Тіпті, бірін-бірі аңдыған мысық пен тышқанның алаңындай. Туыс-туған, көрші-қолаң, жекжат-жұрағат, абысын-ажын, қайын-балдыз, таныс-біліс, сыныптас-топтас, құрбы-құрдас, басшы-жұмысшы, әнші-күйші, биші-жыршы, сыншы-мінші, тағысын тағылардың жиырма төрт сағаттық ғұмыры зерттелетін жер. Өзінше сараптама беретін жаппай талдау орталығы. Ең сорақысы, жырқыл мен тырқылдың, ғайбат пен күнәніңотаны. Ал ондағы пікірлер ақ ит пен көк иттің майданы. Тіптен қынжылтатыны, өмірлік бақытын отбасынан емес, сол ғаламтордан іздейді. Шаңырағында бір-бірімен шүйіркелесіп сөйлесу, құпия сырласу, сұхбаттасу жоқтың қасы. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар жолын жолдаған кезіндегі ата-бабалар өз әулетіне аса мән беріп, жыр айтысып, келешекті болжап, өткенін бүтіндеу үшін, бір-бірінің жүзін көруге, қабағын тануға дөңгелене молдас құрушы еді. Ал бүгінгілер жеке-жеке, өз беттерінше, сол әдет қапияда қалдыруда. Міне, отыз жылдағы халықтың өз бетімен өрбіген жетістік деңгейі. Сонда отыз жылда оңалмасақ, елу жылда қалай жаңарамыз? Көш жүре түзелетіні рас. Оған қанша уақыт керек?
«Көп түкірсе көл» демекші, еліміздегі мешіт имамдары мен иманды азаматтар бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруда. Жағдайсызға сая болып, көп балаға баспана тұрғызып, әл-ауқатына көмек, киер киімі мен ішер асына дейін тауып беріп жатыр. Қалай ойлайсыздар, осы тоқшылық адамдарды жалқауландырған жоқ па? Ең болмаса, өзіне өмір берген Құдай Тағалаға сол өмірін сеніп тапсырып, оған күніне бес рет иіліп намаз оқуды, шүкірлік етуді әлдеқандай зор бейнет көретін тәрізді. Халықтың санасы рухани жаңғыруды неліктен қабылдамай келеді?
Қазір ән-сәнімен дүние табушылардың қай-қайсысы болсын, мінген көлігін, сыйға тартқан гүлін, сатып алған шүберегін елдің алдына шығарып: «Менің тапқан дүнием, жеткен шыңым осы» деп, әлеуметтік желіні ұршықша иірген. Біреудің жиған дүниесіне жамандық тілеуден сақтасын. Алайда, бұл істерін кімдер көруде, ол басқаларға үлгі ме әлде күлкі ме? Тұрмысы төмен отбасылар да істегісі келеді. Оларға Алла бермеді, мүмкін сынағы болар, мүмкіндігі жоқ шығар... Бұдан жүректерге пәстік ұялауда, қызғаныш пен көреалмаушылық туындап, тағдырлар тайталасуда. «Менің де ән айтқым келеді», «Менің де қызым қымбат көйлек кисе екен» немесе «Менің де ұлым көлікті болсын» деген ойлар шарықтап, шаңырақтарда ойран салуда. Яғни әйелі күйеуінің, күйеуі болса әйелінің кемістігін бетіне басып, Алла алдындағы құнсыз қалып кететін қадірсіз дүниеге еліктеуден өз берекеттерін өздері алып, жамандыққа бет алуда. Мүмкін кінәрат әр адамның өзін де шығар. Дегенмен, таяқтың екі ұшы бар емес пе, осындай жағдайға себепкер болу кімге жақсы? Бәлен мыңға шаш сәндеп, бет-жүзді әрлеу мәңгіліктің сұлулығына жатпайды. Кезінде айнаға қарап, өзінің сән-салтанатына масаттанып, мақтанып отырған әйгілі Харун Рашидке перденің артына жасырынған қызметшісі «Сіздің осы сұлулығыңыз мәңгілікке сақталса ғой» дегені бар. Ендеше, ешбір жанның көңілінде көлеңке болмаған жөн. Бұған дін шариғаты немесе үлкен даналық қажет емес. Жүректегі уыстай иман, Құдай берген сәл сана шыдам болса жеткілікті.
Дүниесін мақтан ету, онымен елдің алдында даралану – мәдениетсіздік. Шариғат шартында бұған тыйым бар. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз қызыл сары киім киюді және тәкаппарлықпен елден оқшауланып, өзін көпшіліктен артық санауды шайтан істері екендігін меңзеген. Халқымыз «Жаман жегенін айтады» дегеніндей, имам Ғазали (р.ғ) «Адам ішкен-жегенімен мақтанса, ол адамның құны сол тағамнан шығатын нәрсеге тең» дегені бар. Мүмкін осындай еліктеу, адамдық қасиеттің жоғалуы, шынайы жүректердің қараюы, түкке дарымай қадірсіз болуы, басына қайғы-қасірет алып келуі, құнсыз дүниенің шарықтап кетуі тағдырдан болар. Десек те мақтану – жаман қылық. Себебі, ата жолымен емес, көше кезген адамның таққа шығуы, елдің көзі үшін жымия суретке түсу, бай байға, су сайға дегендей, табиғаттың бұзылып, күтпеген жерден су шығып, көрінген жерді ну басып, кешегі жаяу адамның бүгінде сәлем бермей қалуы қиямет белгілерінен деп түсіндіріледі.
Нұрлан қажы БАЙЖІГІТҰЛЫ,
дінтанушы, имам