Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өрелі өнеге, рухани үлгі

Өрелі өнеге, рухани үлгі

Жақында Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Молдахмет Қаназдың туғанына 80 жыл толуына орай «Алаш азаматы» атты әдеби кеш ұйымдастырылды.
Шараға мемлекет және қоғам қайраткері, саясат ғылымдарының докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Қазыбай Құдайбергенов, жазушы, «Парасат» орденнің иегері, көсемсөзші-эколог Сайлаубай Жұбатырұлы, философия ғылымдарының докторы, профессор Баймырза Қожамберлиев және Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессор-оқытушылары, М.Ықсанов атындағы колледж студенттері мен ұстаздары қатысты.
Кеш қонақтары М.Қаназдың өмірі мен шығармашылығы туралы байыпты әңгіме қозғап, жазушының шығармалары мен әдебиеттегі өзіндік орны, қоғамда атқарған қызметтері жөнінде толымды да тартымды сөз жалғады. Қаламгердің Арал, Қазалы жерінде басталған шығармашылық талабының Алматыда сәтті жалғасқан жемісті жолы туралы жазушы-әріптесі Сайлаубай Жұбатырұлы бай мәліметті әңгіме өрбітті. «Жалын» баспасының редакторы, редакция меңгерушісі, 1992 жылдан «Денсаулық» журналының бас редакторы қызметін 30 жыл бойы атқарғанын, бірсыпыра шығармаларының грузин, орыс, өзбек тілдеріне аударылғанын және бірнеше шетел жазушылары шығармаларын қазақ тіліне аударғанын атап көрсетті.
Қазақтың ұлт батыры Жанқожа Нұрмұхаммедұлы өмірін зерттеу, бұл тарихи тұлғаға қатысты жазушы жазған еңбектер өз алдына бір төбе.
Өмірі ізденістерге арналған, шығармаларында шарттылықтан шынайылық басым Молдекеңнің тағы бір керемет қасиеті ел алдында кеуде соқпай, дабыра-даңққа ұмтылмай, көркем мінез ұстануы, жұртпен араласуы, тыңдаушысын өзіне үйіре тартатын қасиеті туралы Ә.Бәкір, Қ.Құдайбергенов, Б.Қожамберлиев сөз жалғады. Шара соңында ақын Мақсат Әлсейітовтың «Жарқырай бер, Асыл аға, алтындай» атты арнауын кітапханашы Ақмарал Серікбаева нақышына келтіре орындады.
Жазушының «Жусан иісті жүрдек поезд» хикаяты жақында шыққан түркі тілдес елдер жазушылары анталогиясының 81-ші томына енгені туралы ақжолтай хабар да осында айтылды.
А.ӘЛІМБЕКҚЫЗЫ


03 желтоқсан 2022 ж. 413 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031