Өнерлі өрен мерейі
11 қазан күні Алматы қаласында Х республикалық "Күз – береке" атты балалар мен жасөспірімдер шығармашылығына арналған əн-би байқауы өтті. Жас бүлдіршіндерді ерте жастан шығармашылыққа баулып, олардың рухани жетілуіне әсер етуге бағытталған шараға Қожабақы ауылындағы №25 мектептің 5 сынып оқушысы Мерейхан Ниетулла қатысып, бақ сынады.
Қожабақы ауылдық мәдениет үйінің қызметкері Жадырасын Смағұл дайындаған өрен бұған дейін де түрлі деңгейдегі өнер додасында, жүлделі орындарға қол жеткізген.
Қожабақы ауылдық мәдениет үйінің қызметкері Жадырасын Смағұл дайындаған өрен бұған дейін де түрлі деңгейдегі өнер додасында, жүлделі орындарға қол жеткізген.
– Алғаш балалар шығармашылығына арналған республикалық жарыс өтетіні туралы естігенде ауылдағы мәдени шараларда белсенділік танытып жүрген кішкентай Мерей ойыма оралды. Бұл туралы әріптестерім мен баланың ата-анасына айтып көріп едім. Көп ұзамай олар да қолдау білдірді. Мерейхан – әдемі дауыс иесі ғана емес, сахнаны сезіне алатын, болашағынан үміт күттірген бүлдіршін. Аз уақыт дайындалдық. Дегенмен балдырған кішкентай бола тұра, өнерді жан-тәнімен жақсы көріп, жауапкершілікті сезіне алатындығымен мені тәні етті, – дейді жетекшісі.
Өнерлі өрен республиканың түкпір-түкпірінінен келген қатысушыларды көріп, алғашында аз қобалжығанымен, сенімді де сергек шыққан. Ол шырқаған композитор Ұшқын Жамалбек пен сырбойылық ақын Мөлдір Айтбайдың сөзіне жазылған «Отан» әні кең тынысты даусына үйлесім тауып, ән орындаушысын, орындаушы әнін тапқандай болған. Қазылар алқасы байқау қорытындысында қожабақылық бүлдіршіннің өнерін озық деп тауып, бірауыздан бас жүлдені берді.
Алматы – жақын жер емес. Осы жолда Мерейдің өнерін өрістетіп, талабын ұштауға қолдау білдірген Аранды ауылдық округі əкім аппараты, "Мерей" шаруа қожалығы мен №25 орта мектеп және ауылдық мəдениет үйі ұжымына ата-анасы ризашылығын білдірді.
Қаламқас СӘБИТОВА,
Қожабақы ауылдық мәдениет үйінің директоры.