Қазақстанның бірқатар өңірінде дауылды ескерту жарияланды

Қазақстанның бірқатар өңірінде 16 қыркүйекке байланысты дауылды ескерту жарияланды.
«Қазгидромет» РМК мәліметіне сәйкес, кей аймақтарда жел күшейіп, жаңбыр мен найзағай, шаңды дауыл күтіледі. Сонымен қатар бірнеше өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жамбыл облысында таулы аудандарда солтүстік-шығыстан жел соғып, оның екпіні 15-20 м/с-қа жетеді. Өңірде төтенше өрт қаупі сақталады. Тараз қаласында да 16 қыркүйекте төтенше өрт қаупі күтіледі.
Түркістан облысының батысында шаңды дауыл болжанады. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы облыстың батысында және таулы аудандарында 15-20 м/с болады. Өңірде төтенше өрт қаупі сақталады. Түркістан қаласында күндіз желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.
Жетісу облысында 16-17 қыркүйекте Алакөл көлдері ауданында солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15-20, кей уақыттарда 23-28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Облыстың бірқатар аумағында жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Алматы облысының тау бөктері мен таулы аудандарында өткінші жаңбыр, найзағай күтіледі. Күндіз облыстың шығысы мен таулы аудандарында желдің екпіні 15-20 м/с болады. Өңірде төтенше өрт қаупі сақталады.
Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында да жаңбыр, найзағай және желдің күшеюі болжанған. Кей аудандарда желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді.
Батыс Қазақстан облысының бірқатар аумағында жаңбыр мен найзағай күтіледі. Атырау облысының батысы, солтүстігі мен оңтүстігінде аздаған жаңбыр жаууы мүмкін.
Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Ұлытау және Маңғыстау облыстарында жоғары немесе төтенше өрт қаупі сақталады.
Сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында жоғары өрт қаупі, Шымкентте төтенше өрт қаупі жарияланған. Шымкентте солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.











