Есептен шығару куәлігі: сайлаушы нені білу керек?
23 тамыз күні Қазақстанда Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Сайлау күні тұрақты тіркелген мекенжайында болмайтын азаматтар алдын ала есептен шығару куәлігін рәсімдеу арқылы еліміздің кез келген сайлау учаскесінде дауыс бере алады.Есептен шығару куәлігі – сайлаушының дауыс беру құқығын қамтамасыз ететін маңызды құжат. Ол сайлау күні тіркелген жерінен тыс жерде болатын азаматтарға Қазақстан аумағындағы өздері таңдаған кез келген сайлау учаскесінде дауыс беруге мүмкіндік береді.
Куәлікті алу үшін азамат өзі тіркелген учаскелік сайлау комиссиясына жазбаша өтініш береді. Өтінішпен бірге жеке куәлігі немесе паспорты ұсынылуы қажет. Сонымен қатар есептен шығару куәлігін сенім білдірілген өкіл арқылы да алуға болады. Мұндай жағдайда сенімхатты нотариалды куәландыру талап етілмейді.
Есептен шығару куәліктері сайлау күніне 15 күн қалғанда беріле бастайды және дауыс беру күніне дейінгі күнгі сағат 18:00-де беруді тоқтатады. Сондықтан сайлау күні басқа өңірде немесе тұрғылықты жерінен тыс жерде болатын азаматтарға құжатты алдын ала рәсімдеп алған жөн.
Дауыс беру күні азамат өзі таңдаған сайлау учаскесіне есептен шығару куәлігін және жеке басын куәландыратын құжатын ұсынады. Осыдан кейін ол сайлаушылар тізіміне енгізіліп, сайлау бюллетенін алып, өз таңдауын жасауға мүмкіндік алады.
Сурет: Орталық сайлау комиссиясы












