Құрылтай
Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақсуатта атқарылған іс ауқымды

Ақсуатта атқарылған іс ауқымды

Коллаж: автордікі
Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жаңғыру жолында ауылдық аумақтарды дамыту – мемлекеттік саясаттың басты діңгегіне айналып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Ауылды дамыту – бүкіл Қазақстанды дамыту деген сөз. Ауыл – қазақтың жаны, болмысының қайнары, қасиетінің бүтіні», – деп атап көрсеткен болатын. Елді мекендерді сақтау – елді сақтау. Бұл мемлекет ұстанымы. Себебі Қазақстанның ауылдық елді мекендері елдің бет-бейнесін айқындайтын негізгі тірек. Осы сындарлы саясаттың нақты жемісі мен өміршеңдігі бүгінде Қазалы ауданына қарасты Майлыбас ауылдық округінде айқын көрініс тауып келеді.

ЕЛ БЕСІГІНІҢ ЕҢСЕСІ ТІК
Қазақстан халқының 7,5 миллионға жуығы ауылдық жерлерде тұрады. Сондықтан ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен ертеңгі тағдыры – ел дамуының басты көрсеткіштерінің бірі. Ауыл туралы сөз болғанда, ойға бір-біріне қарама-қайшы екі көрініс келеді. Бір жағынан, мемлекеттік бағдарламалардың, инфрақұрылымдық жобалардың нәтижесінде жаңарған елді мекендер көзге түссе, екінші жағынан, кейбір ауылдарда халық санының азаюы, жұмыссыздық, инженерлік инфрақұрылымның тозуы сияқты мәселелер әлі де толық шешімін тапқан жоқ.
Дегенмен, соңғы жылдары мемлекет ауылды дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді. Елді мекендердің әлеуетін арттыруға бағытталған бағдарламалар мен жобалардың арқасында шалғай ауылдардың да еңсесі тіктеліп, тұрғындардың тұрмыс сапасы жақсара бастады. Жол жөнделіп, инженерлік желілер жаңартылып, әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Сонымен қатар, ауыл кәсіпкерлеріне жеңілдетілген несиелер мен гранттар ұсынылып, өз ісін бастауға ниетті азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Мұның барлығы ауыл экономикасының жандануы және халықтың әл-ауқатының артуына оң әсерін тигізіп келеді.
Осындай оң өзгерістердің нақты көрінісін Майлыбас ауылдық округінен аңғаруға болады. Еңбекқор жұрттың ынтасы мен мемлекеттік қолдаудың үйлесуі ауылдың бүгінгі келбетін айтарлықтай өзгерткен. Инфрақұрылым біртіндеп жаңарып, кәсіпкерлік дамып, әлеуметтік нысандардың жұмысы жандана түскен. Тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүйелі жалғасып, ауылдың тыныс-тіршілігіне жаңа серпін беруде.
Майлыбаста бүгінде жастардың туған жерден түлеп ұшқан соң қайта оралып, кәсіп бастауына, мемлекеттік бағдарламалардың игілігін пайдалануына мүмкіндік артып келеді. Жеке кәсібін дөңгелеткен азаматтардың қатары көбейіп, ауыл шаруашылығы мен шағын кәсіпкерлік дамуға бет алған. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылып, тұрғындардың тұрақты табыс табуына мүмкіндіктер қарастырылған.
Интернет байланысының дамуы, мемлекеттік қызметтердің цифрландырылуы, кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау тетіктері ауыл өмірінің жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне ықпал етуде.
Бүгінгі Майлыбас – тек ауыл шаруашылығымен ғана шектелетін мекен емес. Ол – жаңару мен дәстүрді қатар ұстанған, еңбек пен бірлікті ту еткен ауыл. Мұнда ұлттық құндылықтар сақталып, заманауи мүмкіндіктермен ұштасып келеді. Мемлекеттік қолдау мен тұрғындардың ұйымшылдығының арқасында ауылдың келбеті жыл өткен сайын көркейіп, әлеуметтік-экономикалық әлеуеті арта түсуде.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ауылдағы оң өзгерістер елдің ертеңіне деген сенімді нығайтуда. «Ауылдың ажары жылдан-жылға жақсарып келеді. Жастарға мүмкіндік көбейді, кәсіппен айналысамын деген жанға қолдау бар. Ең бастысы – туған жеріміздің болашағына деген сенім күшейді», – дейді олар. Мұның өзі Майлыбастың жаңғыру жолындағы нық қадамын айғақтай түседі.

ТАРИХИ САБАҚТАСТЫҚ ТІНІ
Майлыбас округінің іргетасы мен тарихы – қиын-қыстау кезеңдегі ерлік пен еңбектің ұштасуынан қаланған қазық, берекелі бастауды ойға түсіреді.
ХХ ғасырдың басында бой көтерген әйгілі Орынбор–Ташкент теміржолы бойында іргесі қаланған Майлыбас бекеті уақыт өте келе өңірдің әлеуметтік-экономикалық тынысына серпін берген маңызды теміржол станцияларының біріне айналған.
Кеңестік кезең – 1929 жылы мұнда «Калинин» атындағы ұжымшар құрылып, жергілікті тұрғындардың негізгі кәсібі мал шаруашылығы болған. Табиғатпен үндескен еңбек пен маңдай тер ауылдың берекесін арттырып, оның өсіп-өркендеуіне негіз қалайды.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Майлыбас бекеті ел үшін ерекше маңызға ие стратегиялық нысанға айналды. Майданға қажетті азық-түлік, әскери техника мен түрлі жүктерді үздіксіз жөнелту ісінде бекет қызметкерлері аянбай еңбек етіп, Жеңіске өзіндік үлес қосты.
Соғыс өрті өршіп тұрған 1942 жылы Сәбила Батырованың жасаған батырлық әрекетін ауылдастар құрметпен еске алады. Сол кезде С.Батырова Ақтөбе облысынан 35 отбасын бастап, қыстың қатал аязына қарамастан, 6011 бас қой, 30 сиыр және 5 атпен суыққа төзімді Кеңестік меринос тұқымды ақ қойларын айдап жолға шығады. Бірнеше күн жүрген көш Сырдарияның оң жағалауындағы «Кеңтүп» елді мекеніне табан тіреп, жаңа өмір бастайды.
Көп ұзамай, 1943 жылы «Комсомол» және «Бірлік» ұжымшарлары бірігіп, аудандағы алғашқы «Қазалы» совхозын құрады. Сапалы жібек жүнді ақ қойларды өсірудегі толағай табыстары үшін бұл шаруашылық халық арасында «Ақ қой совхозы» деп аталады
1948 жылы шаруашылық тізгінін ұстаған Дүйсенбай Мақановтың 13 жылдық жемісті басшылығы кезеңінде совхоз республика және одақтық деңгейдегі алдыңғы қатарлы асыл тұқымды орталыққа айналады. Дәл осы жылдары ауыл инфрақұрылымының негізі қаланып, заманауи клуб, қонақ үй, интернат құрылысы салынып, пайдалануға беріледі. 1950 жылы алғашқы дәрігер Н.В.Крутикова қызмет еткен аурухана, қуатты радио торабы мен киноқондырғы іске қосылады. Сол кезде басталған көгалдандыру мен тазалық мәдениеті бүгінгі Майлыбастың басты брендіне айналып отыр.
1957 жылы ұжымшардың негізінде «Майлыбас» кеңшары құрылып, ауылдың өндірістік әлеуеті жаңа кезеңге қадам басады. Кеңшарда мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы қарқын алып, әлеуметтік инфрақұрылым да біртіндеп қалыптасады.
1958 жылы КПСС-тің V жылдық міндеттемесінде Қазақстанда қой санын 50 миллионға жеткізу мақсатында кеңшар қонысын кеңейтіп, ортақ игілікке үлкен үлесін қосады.
Тәуелсіздікпен бірге Майлыбас өңірінің де жаңа даму белесі басталады. 1997 жылғы әкімшілік-аумақтық реформалар нәтижесінде кеңшардың негізінде қазіргі Майлыбас ауылдық округі құрылып, оның құрамына бірнеше елді мекен біріктірілді. Бүгінде өткеннің өнегесін сақтай отырып, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып, жаңару мен жаңғыру жолына түскен округ өңірдің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосып келеді.
ЖАҢАРУ МЕН ӨРКЕНДЕУДІҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ
Ауылдық округте инфрақұрылымдық жобалар мен мемлекеттік бағдарламалардың арқасында жаңғыру белгілері айқын байқалады. Бұл үрдіс тек экономикалық көрсеткіштердің өсуімен ғана емес, сонымен қатар халықтың тұрмыс сапасының жақсаруымен де тікелей байланысты. Қабылданып жатқан кешенді шаралар еліміздің барлық аймақтарына тың серпін беріп, жаңа даму белестеріне бағыттаған.
Бүгінде 1808 тұрғын өмір сүретін округте халық санының тұрақтылығы мен елді мекеннің әлеуметтік тынысының жандануы ауылдың келешекке деген сенімін арттыра түседі.
Жаңа сапа стандарттары көрініс беріп, бюджет кірістерінің артуы тікелей халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Соңғы кезеңде атқарылған инфрақұрылымдық жұмыстар ауыл бейнесін танымастай өзгерткен.
Ауылдың келбеті – оның көшелерінің тазалығы мен жарықтандырылу деңгейінен-ақ аңғарылады. Сондықтан елді мекенді абаттандыру, көшелерді күтіп ұстау және түнгі жарық жүйесін дамыту жұмыстары жергілікті биліктің басты назарындағы бағыттардың бірі болып келеді.
Округте көшелердің инфрақұрылымын жақсартуға ерекше көңіл бөлініп, тұрғындардың қолайлы әрі қауіпсіз өмір сүруіне бағытталған бірқатар жұмыстар атқарылған. Ішкі жолдар кезең-кезеңімен ретке келтіріліп, жиектері тазартылып, санитарлық жұмыстар тұрақты жүргізілу жүйелі жолға қойылған. Бұл ауылдың көркін арттырып қоймай, тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдетуге де оң әсерін тигізген.
Түнгі уақытта жарықтандыру мәселесі де назардан тыс қалмаған. Елді мекеннің негізгі көшелеріне заманауи жарық шамдары орнатылып, қолданыстағы электр желілеріне тұрақты техникалық қызмет көрсетіліп, тұрғындардың кешкі мезгілде еркін қатынауы, балалар мен жастардың, қарттардың қауіпсіз жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалған.
Жарықтандырылу – тек көріктендіру шарасы ғана емес, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің де маңызды тетігі. Мұндай көшелер тұрғындардың жайлылығын арттырып, құқық бұзушылықтың алдын алуға, жол-көлік оқиғаларының қаупін төмендетуге ықпал ететіні сөзсіз.
Асықа бармай-ақ, жақын арада жүзеге асқан шаралар да ауыз толтырып айтарлық. Байқожа стансасының кіре берісіне заманауи арка орнатылып, 11 түнгі жарық шамы қойылған. Сондай-ақ, Ғ.Мұратбаев пен А.Өмірзақов көшелеріне 38 жаңа үлгідегі жарық шамдары орнатылып, ауылдың түнгі келбеті сәулелене түскен. Электрмен қамту, инфрақұрылымды жаңғырту мақсатында 85 жаңа бағана тұрғызылып, 250 КВТ трансформатор арқылы 2340 метр әуе желісі тартылған. 47 тұрғын үй сапалы әрі тұрақты электр қуатына қол жеткізген. Ауылдың әр көшесінің таза, жарық әрі көрікті болуы – жергілікті атқарушы билік пен тұрғындардың ортақ жауапкершілігінің нәтижесі.
Тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету – елді мекеннің әлеуметтік тұрғыдан дамуы мен халықтың тұрмыс сапасын арттырудағы маңызды бағыттардың бірі. Осы мақсатта Ақсуат ауылында аяқ су жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге арналған кешенді жұмыстар атқарылуда.
Есепті кезеңде ауылды аяқ сумен толық қамтамасыз ету үшін жаңа қуатты электр насостары мен қажетті техникалық жабдықтар орнатылып, пайдалануға берілген. Нәтижесінде су жүйесінің өнімділігі артып, тұрғындарға су жеткізудің сенімділігі едәуір жақсарған. Бұл әсіресе жаз мезгілінде аяқ суға деген сұраныс артатын кезеңде тұрғындардың қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беруде.
«Жаңартылған қондырғылардың іске қосылуы су тарату жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп қана қоймай, техникалық ақаулардың алдын алуға және қызмет көрсету сапасын арттыруға ықпал етуде. Бүгінде ауыл халқы аяқ сумен тұрақты қамтылып, су жеткізу ісінде бұрынғыдай қиындықтар туындамайды.
Сумен қамту жүйесін жаңғырту жұмыстары тұрғындардың тұрмысын жақсартып, жеке қосалқы шаруашылықты дамыту, бау-бақша мен көгалдандыру жұмыстарын тиімді жүргізуге де оң әсерін тигізуде», – дейді еңбек ардагері Мұстай Дүйсенбаев.
Ақсуат ауылын аяқ сумен толық қамтамасыз ету үшін жаңа электронасостар мен қажетті жабдықтар іске қосылған. Тұрғындарды таза ауыз сумен қамту бағытында 7,5 миллион теңгеге су мұнарасы толық жаңартылған. Сонымен қатар, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жаңа өрт сөндіру пункті ашылған. Сумен қамту нысандарын кезең-кезеңімен жаңғырту арқылы көрсетілетін қызметтің сапасын одан әрі арттыру көзделіп отырғанын білдік.
Жол инфрақұрылымы да жолға қойылған. Ауыл ішіндегі жолдарға құм-қиыршық тас қоспасы төселіп, көшелер тегістелген.
Ауылдық қоғамдық қауымдастық төрағасы Әлішер Мәмбетов экологиялық жауапкершілік жоғары екендігін айтады.
««Таза Қазақстан» Президенттің экологиялық бастамасы аясында округ бойынша апта сайын кең көлемді сенбіліктер ұйымдастырылуда. 12,5 гектар алқапқа егілген жасыл желек тұрақты күтімге алынып, Ақсуат ауылына шығар жолдың бойында 100 метрлік жасыл белдеу бой көтерді. Бұл – табиғатты қорғаудың және болашақ ұрпаққа таза қоршаған орта аманаттаудың нақты мысалы», – дейді ол.
Мемлекеттің басты құндылығының бірі – адам капиталына, білім мен әлеуметтік қолдауға инвестиция құю.
Округтегі №100 орта мектепте 208 оқушы сапалы білім алуда. Мектептің педагогикалық құрамы жоғары білікті мамандардан құралған. Білім ошағындағы 35 мұғалімнің барлығы жоғары білімді. Оның 3–уі педагог-зерттеуші болса, 13-і педагог-сарапшы.
ҰБТ нәтижелерінің жыл сайынғы динамикалық өсімі осы еңбектің нәтижесі.
2024-2025 оқу жылында ҰБТ-ға қатысу көрсеткіші 90,8 процент болса, орташа балл 81-ді құраған. 2 оқушы Үздік аттестат иегерлері атанған.
2025-2026 оқу жылында 11 сыныпты бітірген барлық оқушы ҰБТ-ға қатысқан. 4 оқушы «Алтын белгіні» қорғаған.
Жаңа оқу жылында білім ошағының материалдық базасын нығайту мақсатында 49 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары бастау алғалы тұр. Оқушылар үшін жайлы әрі қауіпсіз жаңа мектептер жұмыс істеп, олар цифрлық құралдармен толық жабдықталған.
Жергілікті амбулаториялар мен емдеу нысандары соңғы үлгідегі медициналық техникалармен қамтамасыз етіліп, қызмет сапасын жақсартқан.
Мемлекет пен халық арасындағы ашық диалог – Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Майлыбас ауылдық округінің әкімшілігі тұрғындармен тығыз байланыс орнатқан. 2026 жылдың басында бекітілген жоспарға сәйкес, 36 мәдени-көпшілік шара өткізіліп, 5460 көрермен қамтылған.

БОЛАШАҚҚА НЫҚ ҚАДАМ
Жұмыссыздықты азайту мақсатында жыл басынан бері 10 адам тұрақты жұмысқа орналасып, 14 тұрғын ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған. 4 жас маман «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен алғашқы еңбек жолын бастаған. Қуанарлығы, 2025 жылдың бірінші тоқсанында аз қамтамасыз етілген 1 отбасына атаулы әлеуметтік көмек төленсе, 2026 жылға атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасы тіркелмеген.
Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының драйвері. Майлыбас округі – мал шаруашылығының ежелгі ата қонысы. Бүгінгі таңда бұл сала цифрландыру үрдісімен ұштасып, жаңа деңгейге көтерілген. Округ бойынша 1675 бас ірі қара, 1827 бас жылқы, 1583 бас түйе бар. Ұсақ мал саны – 5460 басты құраған. Шаруашылықтағы барлық мал 100 процент бірдейлендіріліп, компьютерлік деректер базасына енгізілген.
Бүгінгі Майлыбас – тек тарихымен ғана емес, нақты экономикалық көрсеткіштерімен де мақтана алатын, болашаққа нық қадам басқан округ.
Қаржылық дербестік – ауыл дамуының берік негізі. 2025 жылдың қорытындысы мен 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер ауылдық округтің даму қарқынының тұрақты екенін, қаржылық мүмкіндіктері мен жергілікті өзін-өзі басқару әлеуетінің жылдан-жылға нығайып келе жатқанын айқын аңғартады.
Ауылдың экономикалық қуатын айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі – жергілікті бюджеттің орындалуы. Есепті кезеңде округ бюджетінің кіріс бөлігі жылдық жоспардан асыра орындалып, 106,5 процент немесе 131 миллион 827 мың теңгені құраған. Бұл – қаржының тиімді жоспарланып, салықтық түсімдердің уақытылы әрі толық жиналғанының айқын дәлелі.
Әсіресе, округтің өз кірістерінің 195 процентке орындалуы ерекше назар аудартады.
«Қаржылық дербестіктің артуы – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің тиімділігін көрсететін басты өлшемдердің бірі. Бұл ауылдық округтің сыртқы қолдауға ғана иек артпай, өз мүмкіндіктерін ұтымды пайдаланып, ішкі ресурстарын тиімді жұмылдыра алатынын дәлелдейді. Өз қаржысының көлемі ұлғайған сайын округтің әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға, елді мекеннің санитарлық тазалығын сақтауға, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарын жүргізуге және тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндігі де арта түседі.
Қазіргі таңда округтің қаржылық әлеуеті нығайып, экономикалық негізі бекемделіп келеді. Алдағы уақытта да инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейту, кәсіпкерлікті қолдау, салық базасын ұлғайту және жаңа бастамаларды іске асыру арқылы оң үрдіс жалғасын табады деген сенім мол», – дейді ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуаныш Рзахан.
Қаржы көрсеткіштеріндегі оң нәтижелер – жай ғана статистикалық мәлімет емес. Бұл – ауыл тұрғындарының бірлігі мен еңбекқорлығының, жергілікті билік пен халықтың өзара ынтымақтастығының нақты жемісі. Осындай үйлесімді жұмыстың арқасында округ бүгінгі күні экономикалық тұрғыдан орнықты, қаржылық жағынан дербес әрі болашағына нық қадам басқан ауылдардың қатарына қосылып келеді.
Кәсіпкерлікке бет бұрған азаматтардың қатары көбейіп, шағын және орта бизнес субъектілерінің жұмысы жандана түскен. Нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, салық түсімдері артып, жергілікті экономиканың берік іргетасы қалануда.
Мемлекеттік субсидиялар мен жеңілдетілген несиелердің арқасында ауылдық кәсіпкерлер жаңа қадамдарға батыл бетбұрыс жасаған. Соңғы жылдары нақты шаралар нәтижесінде жергілікті өнімдердің үлесі артып, ішкі нарық төл тауарлармен қамтамасыз етілуге жол ашылған.
«Аграрлық несие корпорациясы» мен «Ауыл аманаты» бағдарламаларының арқасында жылқы өсіру шаруашылығы жаңа серпін алып, өңірдегі ет және қымыз өндірісі артқан. 2025 жылы «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы «Кәусар бұлақ» шаруа қожалығы 20,0 миллион теңге несие қаражатын алып, 42 бас жылқы сатып алынған. КС «Сыр бойы» ЖШС арқылы «Жұмаш Айтуған» шаруа қожалығы 8,0 миллион теңге несие қаражатына қол жеткізіп, 17 бас жылқы алған. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында «Байқоңыр ӘКК» АҚ арқылы «Кушкинбаева» жеке кәсіпкер 1,9 мың теңге несие қаражат алып, жұмыстарын жүргізуде.
Бұдан бөлек, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының гранттық қаржыландыру компоненті мен жалпы құны 6,2 мың теңге болатын 4 жоба қайтарымсыз қаражат арқылы ісін өрістетуде. «Бастау Бизнес» жобасымен 5 адам кәсіпкерлік негіздерін оқып, сертификат иеленген.
2026 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 1 жоба ұсынылды, қаржысын күтуде.
Ауылда адал еңбекпен кәсібін дөңгелетіп отырған жандардың бірі – кәсіпкер Гауһар Көшкімбаева. Ол бірнеше жыл бұрын құс шаруашылығын санаулы ғана тауықпен бастаған. Бүгінде олардың саны 250 басқа жетіп, кәсібі тұрақты табыс көзіне айналған.
Табысқа жетудің басты кепілі – тынымсыз еңбек пен төзім.
«Алғашында аз ғана тауықпен бастадық. Кәсіпті бірден үлкен көлемде жүргізу оңай емес. Біртіндеп тәжірибе жинап, шаруашылықты кеңейттік. Қазір 250-ге жуық құсымыз бар. Жұмыртқа мен құс етін сатып, тірілей де өткіземіз. Табиғи таза өнім – қауіпсіз ас әрі тұрақты сұранысқа ие. Болашақта құс санын көбейтіп, өнім көлемін арттыруды жоспарлап отырмыз. Ауылда еңбек етемін деген адамға мүмкіндік көп, тек талап пен табандылық керек», – дейді кәсіпкер Гауһар Көшкімбаева.
Қол жеткізген жетістіктер мұнымен тоқтап қалмақ емес. Міндеттер мен даму векторы жайында округ басшылығы нақты және өміршіл жоспарлар белгілеген.
Алдағы кезеңде кезегін күткен істер туралы сөз еткен ауыл әкімі Алмат Әбілхан округті дамытуға бағытталған жұмыстардың жүйелі түрде жалғасатынын айтты. Оның айтуынша, ең өзекті мәселелердің бірі – ауыл тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету. Бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіріп, мәселенің оң шешімін табуға бар күш-жігер жұмсалмақ.
Сондай-ақ, Ғ.Мұратбаев, Ә.Есмамбетов және А.Өмірзақов көшелеріндегі тозығы жеткен электр бағаналарын жаңарту, инженерлік инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жақсарту жоспарланған.
Әкім сөзіне құлақ түрсек, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Осыған байланысты «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл тұрғындарының жеңілдетілген 2,5 проценттік несие алуына қолдау көрсетіліп, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға басымдық беріледі. Сонымен қатар, көпбалалы отбасылар мен жастардың мемлекеттік гранттар мен жеңілдетілген несиелерге қол жеткізуіне жан-жақты сүйемелдеу жұмыстары жүргізілмек.
Округтің санитарлық тазалығы мен көркін арттыру да назардан тыс қалмайды. «Таза ауыл» мәдениетін қалыптастыру мақсатында абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары жалғасып, ауылдың ажарын айшықтайтын жасыл желек көлемін ұлғайту көзделіп отыр.
Әлеуметтік қолдау бағытында да бірқатар жұмыстар қолға алынбақ. «Әділет» партиясының «Халыққа көмек» және «Бақытты отбасы» жобалары аясында аз қамтылған отбасыларға, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік көмектің тиімділігі бақылауда болып, мұқтаж жандарға қолдау көрсету жұмыстары тұрақты жалғаспақ.
Округ экономикасының негізгі салаласы – мал шаруашылығына маңыз берілген. Төрт түлік ауруларының алдын алу, оның ішінде кенеге қарсы ветеринариялық іс-шараларды ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Сонымен бірге Ақсуат ауылында мал қорымының құрылысын жүргізу де алдағы маңызды міндеттердің қатарында.
Балалар мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, оларды салауатты өмір салтына баулу, отансүйгіштік рухта тәрбиелеу және жастар саясатын жүйелі жүргізу де әкімдік жұмысының басым бағыттарының бірі болмақ.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ішкі істер органдарымен бірлесіп, мал ұрлығының, ұсақ құқық бұзушылықтар мен өзге де қылмыстардың алдын алу шаралары күшейтіледі. Учаскелік полиция инспекторымен және ауылдағы мекеме қызметкерлерімен бірлесе отырып, қоғамдық тәртіп пен тазалықты сақтау бағытындағы жұмыстар да жандана түседі.
Әкім ауылдағы түйткілді мәселелерді шешудің негізгі тетіктерінің бірі – қаржы екенін атап өтті. Осыған байланысты ауыл бюджетінің кіріс бөлігін ұлғайту, салықтық түсімдерді арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. Оның пікірінше, бюджет мүмкіндігі кеңейген сайын ауылдың әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерін кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік арта түседі.
Ауыл – азық-түлік қауіпсіздігі, экспорт әлеуеті және ұлттық сәйкестілікпен тікелей байланысты, Қазақстан саясатының негізгі тірегі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Күшті ауыл – күшті ел» қағидасын жиі атап өтеді. Майлыбас – мемлекеттік қолдау, цифрландыру, жастарға арналған бағдарламалар арқылы ауылды жаңашыл үрдісіне айналдыру мүмкіндігі бар мекен. Бұл күнгі сапар ауылдың дамуы демографиялық тепе-теңдікті сақтап, экономиканы әртараптандыратынын ұғындырды.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
25 шілде 2026 ж. 36 0

Сан мен сапа сәйкес пе?

25 шілде 2026 ж. 24

Қос кешен іске қосылды

25 шілде 2026 ж. 24

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031