Көктем – Қыз
Келдің бе тағы күлімдеп көркем Көктем – Қыз,Көктемнің тойын күтіп те жүрміз көптен біз.
Нұр құяр жанға, сымбатты сұлу келбеті
Көктемді гүл мен қызға да теңеп кеткенбіз.
Төрге шық енді, бағыңа қоншы, Көктем – Қыз
Жылылық іздеп əлемді шарлап кеткен қыз.
Оралып қайта кең жайлау керім, далаға,
Сағыныш жасын ақ жауын етіп төккен қыз.
Тəкаппар едің, найзағай отты Көктем – Қыз,
Кеудеге шуақ, көңілге жылу сепкен қыз.
Қыс деген қатал аязды күннің сынынан.
Сүрінбей, сынбай, сабырлы күйде өткенбіз.
Біргеміз бүгін бəріміз бірдей көктембіз,
Көрімдік беріп, көзайым айтып жеткенбіз.
Жасампаз елдің жомарттығымен тойларын
Жасай береміз көктеммен жəне көппен біз.
Назыңмен ерке толқындай тулап тасып қал,
Жер бетіне де нөсерлеп шашу шашып қал.
Сезімін оят, арманға асық жандардың
Бойына қуат алады сенен ғашықтар.
Көтерген халық жүгін де ауыр азаптың,
Ақыры қайыр келді де теңдік, азат күн.
Аялап өтер арулар қандай кешегі
Əлия, Мəншүк – көктемі еді қазақтың.
Жыл құстары да жылы ұясына жеткенде,
Думанды күндер, Көктем – Қыз, сірə, тек сенде.
Аналар күні, мереке Наурыз жəне де
Ынтымақ күні, Жеңіс күні де – Көктемде.
Көңілге қонар айтылған ыстық тілектер,
Қалауын тапқан табысар іңкəр жүректер.
Көктеммен бірге самғайды арман көгінде
Қанатты құстай мектептен ұшқан түлектер.
Түрлентіп кетер шырайлы күннің шаттығын,
Түсіріп еске қариялардың жастығын.
Елдік пен бірлік, достықтың болып куəсі
Көктем – Қыз сенің өшпейді сенім, пəктігің
Көктемнің жыры жаңарып жатар жаңғырып,
Шулайды құстар айдында сұлу сəн құрып.
Өтсе де күндер, солса да гүлдер сарғайып,
Көктемнің тойы жалғаса берер мəңгілік
Əмірхан ҚАНАЙҰЛЫ













