«Қазақстанда жасалған»: төл өнім қашан төрге озады?
Осыдан отыз бес жыл бұрын, ата-анамыз шымкенттік «Восхот» қосқатарлы түймелі костьюмін, Орал қаласындағы Клара Цеткин атындағы тігін шеберханасының сырт киімдерін, қарағандылық шұлық өндірісі өнімдерін, Алматы мақта-мата комбинатында өндірілген матадан тігілген көйлек, Таразда иленіп, өңделген теріден дайындалған бұйымдарды тұтынатын. «Бір өзі жарты қала комбинаттың» деп әнге арқау болған Қызылордадағы қағаз-кортон зауытының түтіні будақтап, қалай жұмыс істегенін сезініп өстік. Тіпті шағын Қазалының өзінде сыртқа жергілікті өнімді экспорттайтын балық зауыты, аяқ киім фабрикасы қызу жұмыс істегені көптің есінде. Сол тынымсыз толайым тірліктің тұралауына не себеп? Бүгінгі бизнестегі беталыс қалай? «Қазақстанда жасалған» бренд – бөгенай ма, әлде қажеттіктен қабылданған қам ба? Сараптадық...Сауда бізге қол емес пе?
«Қазақтар тек мал бағып, егін екен. Сауда сарттың ісі» деген ел арасында сыңаржақ пікірден қалыптасқан ұстаным жиі айтылады. Расында қазақтар бұл іске бейім болмағаны ма? Бұл туралы сауалды тарихшыларға қойдық.
«Ол негізсіз емес. Бізге жеткен деректерге көз жүгіртсек, сауда-саттық ел арасында дамып, жолға қойлығандығы туралы мәліметтер аз», – дейді алғашқы тарихшы.
«1897 жылғы Ресей империясының жалпы халық санағы жазбасында «Қазақстан аумағында саудамен айналысатындар ~40 мың адам, оның ішінде қазақтар небәрі ~4,6 мың яғни 11 процент шамасында» деген жолдар бар.
Орынбор, Троицк, Петропавл, Семей сынды сауда орталықтардың Ресеймен, 1747 жылғы қаулы негізінде, қазақтардың айырбас саудасы, бажсыз сауда рұқсаты болғаны туралы мәлімет жеткен.
Қазақ өлкесінде жәрмеңкелік сауда XIX ғасырда басталған. Қоянды, Қарқара, Шар, Ойыл тағы басқа жәрмеңкелерге көбіне Ресей, Қытай, Орта Азия көпестерінің келген. Бұл бүгінгі мереке не мейрамда өтетін жәрмеңкелер сынды жағдайға ұқсайды,», – дейді тарих ғылымдарының кандидаты Мүсіреп Жансейітұлы.
«Қазақ тарихында сауда айналымының ұлғаюы көбіне мал иелерінің қатысуымен өрбіген Егін егіп, мал баққан еңбеккерлер ертеден ақшасыз айырбас үрдісін кеңінен қолданған. Қазақ жерін басып өтетін Жібек Жолы мәдениеті сауда өркениетінің қалай өркендегіне куә бола алады. Бұл туралы жазба деректер жеткілікті», – дейді әріптесіне қарсы пікір айтқан тарихшы Гүлбағида Мейірханқызы.
Айтуынша, қазақ саудагерлерінің XVIII ғасырда Ірбіт жәрмеңкесі, Қытай еліндегі Шұғышаққа барып, ірі сауда капиталы жинағаны туралы ғылыми дәлелдер жеткілікті.
Қарқара жәрмеңкесінің 1893 жылғы санағы 171 саудагер, 435 мың сомдық тауарды Қытайға жөнелткені жеткен. Қоянды жәрмеңкесінің тарихы, қазақтар мен орыс саудагерлерінің съезі, мал саудасының дамуын аңғартады.
«XIX–XX ғасыр басындағы қазақ, татар және түркі халықтары арасындағы ірі көпес, баспагер және меценат әулеті Хұсайыновтар қазақ әдебиеті мен мәдениетіне зор үлес қосқан. Әулеттің бизнесі саудадан басталып, кейін кітап басу ісіне ауысқан. Жәдит мектептеріне қаржы бөлген. Қазақ даласындағы ең танымал қазақ көпестері – Қосшығұловтар сауда-саттықпен, өнеркәсіп ашумен және қоғамдық істермен айналысқан. Олар өндірістік зауыттар ашып, автомобиль саудасын қазақ даласына әкелген. 1913 жылы тұңғыш автомобиль шығаратын зауыт салуға кіріскенімен, бастама толық іске аспаған».
Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында
КСРО кезінде Қазақстанда ауыр өнеркәсіп өнімінің 70-80 процентін құраған. Республика шикізат өндіруші ретінде дамып, көмір, мұнай, түсті металдар, темір рудасы, ферроқорытпалар бойынша КСРО-да жетекші орын алған.
Теміртау металлургия комбинаты болат, шойын, прокат шығарса, Балқаш, Жезқазған мыс, Өскемен, Лениногорск қорғасын-мырыш шығарған. Ақтөбе және Ақсу ферроқорытпа зауыттары №1 феррохром шығарушы орынға саналса, Қарағанды – КСРО-ның үшінші көмір базасына айналса, Екібастұз – ашық кен өндірудегі әлемдегі ең ірілер кеш шығару орнының бірі. Ембі, Маңғыстау Атырау, Павлодар, Шымкент мұнай өңдеу зауыттары, Ақтөбе, Қаратау, Жамбыл фосфор, тыңайтқыштар өндірісі, Алматы, Петропавл ауыр машина жасау зауыттары, Кентау трансформатор, Семей кабель зауыты республиканы шикізат өндіруші ретінде дамытқан.
Сондай-ақ тоқыма, тігін, трикотаж, былғары-аяқ киім, тері, жүн өңдеу мен дайындау сынды жеңіл өнеркәсіп өте маңызды рөл атқарған.
Алматы мақта-мата комбинаты – ірі көлемде мақта маталарын шығарған. Қостанай, Семей камволды-шұға комбинаты, Қарағанды шұға фабрикасы, соғыс жылдарында және одан кейін жұмыс істеген 18 ірі тігін фабрикасының көбі дерлік қуатты, сол кездегі импорттық жабдықпен жабдықталған. Елде былғары және аяқ киім өндірісі де жолға қойылған. Қатарындағы Жамбыл былғары-аяқ киім комбинаты, Семей былғары комбинаты, Петропавл былғары зауыты, Алматы аяқ киім фабрикасы, тон тігу, жүн жуу мен өңдеу өндірісінің де үлес-салмағы басым болған-ды.
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы өнеркәсіп, экономика тақырыптарын зерттеген тарихшы-ғалымдардың бірі В.Павленконың 2003 жылы жарияланған «1941–1945 жылдардағы соғыс жылдарындағы Қазақстан өнеркәсібі» атты мақаласында мынандай жолдар келтірілген.
«Соғыс басындағы жағдайға қатысты, эвакуацияланған фабрикалардың арқасында, Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының саны 8-ден 26-ға дейін өсті. Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары соғыс жылдарында шығарған өнім: жазғы әскери киім – 487, іш киім – 451, шинель – 70, пима – 67, басқа заттар – 24 дивизияға жететіндей әзірленді».
Бұл еліміздегі еңбек қуаттылығы туралы нақты айғақ. Ал тұрақты жұмысымен қажеттілікті өтеп, жұмыс орындары болған өндірістердің жұмысын тоқтауына ел басындағы өзгірістер себепкер болды.
Тәуелсіздік алғаннан кейін көптеген осы кәсіпорындар жабылып, сала қатты құлдырады.
1991 жылдан бері шағын және орта өңдеу өнеркәсібі әсіресе тамақ өңдеу саласындағы ет, сүт, құс, консерві, нан-тоқаш сынды өте ауыр кезеңді бастан өткерді. Көптеген кәсіпорындар жабылып, қайта іске қосылмады немесе қысқартылды. Бұл процесс әсіресе 1990-жылдардың басында және ортасында қатты орын алып, жалпы үрдіске айналды.
«КСРО ыдырағаннан кейін 1992–1995 жылдардағы экономикалық дағдарыс және гиперинфляция – егізгі себер болды.
Біріншіден, мемлекеттік субсидияның тоқтады. Жаппай жекешелендіру жағдайды тұрақты реттеуге қауқарсыз болды.
Кәсіпорын иелеріне де жағдай оңайға соқпады. Шикізат бағасының құбылуы, энергия қымбаттауы, салық ауыртпалығы, жаңа нарыққа бейімделе алмау көп жағдайда жұмысты тоқтатуына мәжбүр етті.
Оның үстіне нарықта импорттың күрт өсуі белең алды. Халық сапаға емес, қолжетімділікке, тығырықтан шығуға ұмтылды. Ресей, Қытай, Еуропа, Түркиялық дайын арзан өнімдер өнімдерге шекара ашық болды. Логистика мен сақтау инфрақұрылымының нашарлығы, көптеген зауыттардың ескірген жабдықтары және қуаттылығының төмендеуі де әсер етті», –дейді қаржы сарапшысы Дидар Палуанұлы.
Тәуелсіздік туғызған төл брендтер
ҚР Ұлттық статистика бюросы тәуелсіздіктің алғашқы 10–15 жылында Қазақстанда шағын және орта өңдеу өнеркәсібінің 60–70 процентке жуығы жабылып немесе қысқартылғандығын айтады. Өкініштісі, ескі кеңестік зауыттардың көбі қайтып келмеген.
Елдегі жаңа нарықтық қоғамға бейімделу жағдайынан соң Тәуелсіздіктің алғашқы 15–20 жылында жабылған кәсіпорындардың орнына жаңа жеке және шетелдік инвестициямен зауыттар ашыла бастады.
Кәсіпкерлер шетелдік өнімдерді тасымалдаудан бөлек, өз өінмдерін шығаруға бет бұрды. Бұған саланы өрістетуге арналған мемлекеттік қамқорлық субсидиялар мен қайтарымсыз, қолжетімді несиелердің қолданысқа енуі мүмкндік берді.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің материалдары, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ресми деректері, Қазақстан Ұлттық экономика министрлігі ақпараттарында төмендегідей мәліметтер бар.
1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ел экономикасында түбегейлі өзгерістер басталды. Кеңестік жоспарлы жүйеден нарықтық экономикаға көшу барысында өнеркәсіп саласы қайта құрылып, жаңа бағыттар қалыптасты. Әсіресе өңдеу өнеркәсібі елдің тұрақты дамуының негізгі факторларының біріне айналды. Мемлекет индустрияландыру бағдарламалары арқылы шикізатқа тәуелділікті азайтып, дайын өнім өндіруге басымдық берді.
Мұнай өңдеу саласы айтарлықтай жаңғыртылды. Атырау мұнай өңдеу зауыты, Павлодар мұнай-химия зауыты және Шымкент мұнай өңдеу зауыты – толық модернизациядан өтіп, халықаралық стандарттарға сай жанармай өндіруге көшті, ішкі нарықты сапалы отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Қазақмыс, Қазцинк және АрселорМиттал Теміртау сияқты ірі кәсіпорындар түсті және қара металл өндірісін дамытып, өнімдерін экспортқа шығарады.
Тәуелсіздік жылдары жаңадан қалыптасқан салалардың бірі – машина жасау өнеркәсібі бойынша, «СарыарқаАвтоПром» зауытында түрлі маркалы автокөліктер құрастырылса, Локомотив құрастыру зауыты теміржол техникасын өндірумен айналысты.
Халықтың күнделікті сұранысын қамтамасыз ететін маңызды сала тамақ өнеркәсібінде «Рахат», «FoodMaster» және «RG Brands» сияқты отандық компаниялар ішкі нарықпен қатар, экспорттық бағытта да жұмыс істеуде.
Бұқтырма цемент зауыты сияқты кәсіпорындар құрылыс саласын қажетті материалдармен қамтамасыз етсе, «Santo» фармацевтикалық өнімдер шығарды.
Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан бері өңдеу өнеркәсібі саласында айтарлықтай өзгерістерге қол жеткізді. Әсіресе 2010 жылдан бастап іске қосылған Үдемелі индустрияландыру бағдарламасы аясында жүздеген жаңа зауыттар мен кәсіпорындар ашылып, өндіріс көлемі бірнеше есе ұлғайған. Бұл бағдарламалардың арқасында шикізаттық емес экспортты дамыту, еңбек өнімділігін арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру мақсаттары жүзеге асырылуда.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өңдеу өнеркәсібі дағдарысқа ұшырағанымен, 2010 жылдан кейін тұрақты өсім байқалды. 2025 жылы өңдеу өнеркәсібі 6,4 процентке машина жасау – 12,9, химия өнеркәсібі – 9,8, құрылыс материалдары – 9,7, жеңіл өнеркәсіп –13,2 процент сияқты салаларда жоғары болған.
2025 жылы 33 жаңа ірі өнеркәсіптік кәсіпорын пайдалануға берілген. Бұл нысандар әртүрлі өңірлерде орналасып, машина жасау, металлургия, химия және жеңіл өнеркәсіп бағыттарын қамтыған.
Аймақтағы ахуал
Қызылорда облысы әкімдігінің әлеуметтік-экономикалық даму мәліметтері, 2025–2028 жылдарға арналған инвестициялық жоспарлар және индустрияландыру картасы, stat.gov.kz, Trend.az, Qazinform World Bank және primeminister.kz мәліметтері өңірде өнеркәсіп және өңдеу өнеркәсібі көрсеткіштері жыл санап отырып келе жатқандығын аңғартады.
Қазақстанның оңтүстік-батысындағы маңызды өңірлердің біріне баланатын Қызылорда облысы экономикасы мұнай-газ, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібіне негізделген. Соңғы жылдары облыс шикізатқа тәуелділіктен арылып, инвестиция тарту және әртараптандыру бағытында қарқын алып келеді.
2026 жылдың қаңтар-ақпан айларында облыстың өнеркәсіп өндірісінің көлемі 101,8 процент яғни 158,2 миллиард теңге құраған. Өңдеу өнеркәсібі өндірісінің үлесі 60,6 миллиард теңге. 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 17,3 процент өсім байқалған.
2022–2026 жылдары Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында 613,1 миллиард теңге құнына 37 жоба іске асырылуда.
2025–2028 жылдары облыста 2,8 триллион теңге инвестицияға 98 инвестициялық жоба жүзеге асырылады деп жоспарланған. Бұл 12 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашпақ.
2026 жылдың қаңтар-ақпанында өнім көлемі 11,4 миллиард теңге, өсім 103,4 процент Жалпы өнім көлемі жыл сайын өсіп, 2025 жылы 234,8 миллиард теңгеге жеткен. Облыстан 80,4 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталған.
Су тапшылығына байланысты күріш егісін қысқарту саясатына орай, 2026 жылы күріш алқабы 65 мың гектарға дейін азаяды деп жоспарланған. Нәтижесінде суды аз қажет ететін дақылдар және жоғары маржалы өнімдер өсірілмек. Арал теңізі маңындағы құрғақ жерлерді қалпына келтіру мақсатында «World Bank» қолдауымен сексеуіл ормандары егіліп, жасыл белдеу құру жұмыстары жалғасын табуда.
2025 жылы 720 миллиард теңге инвестициялар тартылды деп жоспарланған. Оның 70 проценті жеке инвестиция. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 2026 жылдың басында 96,5 миллиард теңге.
Қазіргі уақытта облыс 2026 жылдың басында тұрақты даму үстінде. Өңдеу өнеркәсібі қарқынды өсіп, инвестициялар артып, ауыл шаруашылығы су тиімділігін арттыру арқылы әртараптандырылуда. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың мәліметтері соңғы жылдары инвестиция көлемі бірнеше есе өсті. Ал алдағы жылдары 48 жоба іске қосылатынын келтірген. Оның 21-і 2026 жылы жүзеге аспақ. Бұл өңірдің шикізаттан өңдеуге және тұрақты дамуға ауысуын көрсетеді.
Өзгерген не? Өзекті не?
Елде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы және оған ұқсас бағдарламалар жыл сайын мыңдаған адамды жұмыспен қамтуда. Жаңа кәсіптің бастау алуына, алға адымдауына көмектеседі. Дегенмен мемлекеттік субсидиямен ашылған жұмыс орындары ұзамай жабылып қалатын жағдай да жиі кездеседі
«Жағдайға бағдарламалардың негізгі түрлері және олардың уақытша сипаты себепкер», – дейді әлеуметтік сала ардагері Кенжебай Уәли: «Мәселен, «Жастар практикасы» қолжетімді бағдарлама деуге келмейді. Оқуды бітіргеннен кейін 35 жасқа дейінгі жұмыссыздарға арналған. Ұзақтығы — 12 айға дейін. Оның жалақысын төлеуге 30 айлық есептік көрсеткіш субсидияланады. Әлеуметтік жұмыс орындары әлеуметтік осал топтарға арналған уақытша орындар. Абаттандыру, жөндеу сияқты уақытша қоғамдық жұмыстар уақыты 3–6 ай.
Бұл орындар субсидияланған, яғни мемлекет жұмыс берушіге жалақының бір бөлігін төлейді. Жыл сайын мыңдаған адам осы бағыттар бойынша жұмысқа орналасады. Алайда олардың мерзімі шектеулі болғандықтан, субсидия аяқталған соң жұмыс орны жиі жабылады», – дейді ол.
Сала ардагері алшақтық мемлекетік жалақы өтемін тоқтағанда, жұмысышын ұстау қажеттілігі болмайтынын, бұл орайда нақты нарықтық сұраныс ескерілмей, бағдарлама үшін жасанды жұмыс орындары ашылатынын айтады.
Сарапшы Руслан Сұлтанов «Экономический ликбез» Telegram арнасында: «Мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламасы тек экономикалық тұрғыдан тұрақты жұмыс орындарын құрған жағдайда ғана қуатты құрал бола алады. Ал қазір вакансиялардың едәуір бөлігі алты айдан кейін жоғалып кететін болса, жұмыспен қамтудың өсуі емес – бұл есептіліктің өсуі және «жетістіктер туралы» жаңа презентациялардың көбеюі», – деген.
2020–2021 жылдары «Еңбекпен қамту жол картасы» бағдарламасы арқылы уақытша жұмыс орындары көбейгенімен, тұрақты жұмысқа ауысу үлесі төмен болған. Бұл көрсеткіш өзгерістің қажеттілігін ұқтырады. Сарапшылар пікіріне жүгінсек, субсидияны тек нақты сұранысқа сәйкес орындарға беру, оқыту мен бизнес қажеттілігін байланыстыру, есепті емес, нақты тұрақты жұмысқа ауысу көрсеткішін бағалау.
Қазақстанда өндірілетін өнімдер саны жылдан жылға артып келеді. Дегенмен халық арасында өз өнімдерімізді тұтыну деңгейі төмен. Ал шетелдіктерге біздің кейбір тауарларымыз ерекше қызықты. Бұл мәселе қоғамда және экономикада маңызды орын алады.
Қазақстандықтар өз өнімдерін неге таңдамайды?
Тақырыпты әзірлеу барысында тұрғындардың қазақстандық өнім туралы пікірлерін сұрадық.
««Қазақстандық өнім» дейсіз бе?» Жауап беруге қиналамын. Наурыз мейрамына Қырғызстанның киімін киіп бара жатырмын. «Неге өзіміздікін тұтынбаймыз?» дейсіз ғой, біздің өнімдер қолжетімді емес. Олар экспортқа бағытталған. Қымбат. Сондықтан өзімізге лайықтысын алуға мәжбүрміз», – дейді Ақбала.
«Қазақстанда жасалған өнімді тұтынғысы келетін патриоттың бірі менмін. Мәселен, Қазалыдан шыққан сүт, күріш өнімдері қашан да сұранысқа ие. Бірақ ол барлық жағдайда жеткілікті бола бермейді. Балық өнімдері дайындалатынын білсек те, олардың дәмін татып көрмеген қазалылықтар бар», – дейді Күнсұлу.
«Атамаңыз. Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар?.. Қазақстан өндірісшілері қамтамасыз етсе, неге басқалардың тауарына қызығамыз. Осыдан бір-екі жыл бұрын жаппай косметика шығару ісі белең алды. Себебі белгілі. Бьюти-индустрия – нәтижелі қадам. Мұны пайдаланып, аты қазақша, сапасы қытайша өнімдер қаптап, олар сынның астында қалғаны белгілі. Осы орайда сан емес, сапаға жұмыс істеген жөн деп ойлаймын. Тіпті ауылшаруашылығы үшін бөлінетін гранттың бірнешесін алған қорасы жоқ танысымды білемін. Бұл қарқын тоқтамаса, Қазақстан дамымайды», – дейді Назгүл.
«Қазақстаннан машина шықты деп қуанып едік. Қайтадан немістің отыз жыл бұрын шыққан көлігін сатып алдық. Машина қаңқасы Қазақстанда құрастырылғанымен, қосалқы бөлшектері шетелден келеді. Біз әлі сату деңгейіндеміз. Алайда санаулы болса да әлеуметтік желіден өздері аяқ киім тігіп, сатып жатқан қандастарымызды, кілем, жиһаздар жасап жатқан бауырларымды көргенде, қуанамын. Бірнеше мемлекетте болдым. Ата кәсіптерін ақсатпай, 300 жылдан аса дамытып келе жатқан буындарды кездестірдім. Бізде ондайлар сирек. Тек мал шаруашылығын ширатып отырғандар ғана бар. Мемлекет қолдамайды емес, тек оны дұрыс бағыттау, бақылау болса деген ұсынысым бар», – дейді Нұрқанат.
Көптеген жаңа бизнес бастамалар туындаған нарық қиындықтарға кездесіп отырғандығын аңғартады. Кәсіпкерлердің басым бөлігі салық ауыртпалығының артуы, мемлекеттік реттеудің қатаңдауы, бюрократияның көбеюі, банк несиелерінің қымбаттауы және валюта бағамының тұрақсыздығы сияқты мәселелерге тап болуда. Әсіресе шағын және орта бизнес өкілдері үшін нарықта қалу қиындауда.
Нәтижесінде көптеген кәсіпкерлер бизнесін жауып, жұмысын тоқтатуға мәжбүр болуда. Кейбірі шетелге кету немесе басқа салаға ауысу жолдарын қарастыруда. Бұл үрдіс ұзақ мерзімде еліміздің экономикасына, жұмыспен қамту деңгейіне және халықтың әл-ауқатына кері әсер етеді.
Кәсіпкерліктің көшін қайта жандандыру үшін мемлекет тарапынан нақты қолдау, салық жеңілдіктері, әкімшілік кедергілерді азайту және адал бәсекелестік ортасын құру маңызды. Әйтпесе, «көш тарылған» кәсіпкерлік еліміздің экономикалық өсуін тежейтін негізгі факторға айналуы мүмкін.
«Көп адам отандық өнімдерді сапасыз деп есептейді. Шетелдік брендтер сенімді, жақсы жарнамаланған және көзге көрнекті қаптамасы бар. Оған маркетинг пен көрнекіліктің жетіспеушілігі де – басты себеп. Тұтынушы ақпарат аз болғандықтан, көбіне шетелдік өнімді таңдайды», – дейді таргетолог: ««Шетелдік – сапалы» деген ой әлі де қоғамда бар. Бұрынғы өнімдердің кейбірі сапасыз болғандықтан, адамдар өз брендтеріне сенбеуі мүмкін.
Кейде отандық өнімдер арзанырақ болады, бірақ ассортименті немесе дизайны жағынан шетелдік брендтерден төмен болуы мүмкін», – дейді сөзінде.
ҚР Сауда және интеграция министрлігі мәліметіне қарасақ, шетелдіктерді қызықтыратын Қазақстан өнімдері жыл санап артуда.
Еліміз әлемде ірі астық экспорттаушылардың бірі. Еуропалық нарыққа бериллий, тантал, титан, аммоний және фосфор метаванадаты сияқты металл және химиялық өнімдерді жеткізуде. Мыс өндірісі бойынша Қазақстан әлемнің үздік ондығына кіреді. Елде никель, кобальт, марганец және литий сияқты аккумуляторлық шикізат өндірісінің кластерін ұйымдастыру мүмкіндіктері бар.
Сирек металдар өндірісіндегі басты қиындықтардың бірі – импорттық шикізатқа тәуелділік және өндіріс кәсіпорындарының технологиялық тозуы.
Мыс, алтын, темір рудасы, уран, «КазСПО-N» – киім, аяқ киім өндірісі, электровоз, тепловоз, автокөліктер X-Ray машиналары, Рахат, Баян Сұлу кәмпиттері, ұн және макарон өнімдері, сүт өнімдері, бал, ет консервілері, цемент, кірпіш, құрғақ қоспалар – Қазақстанда жасалған танымал өнімдер.
Әлемдік нарықта танымал төл өнімдер қатарындағы бал, қымыз, түйе сүті Қытай, Оңтүстік Корея, Еуропа елдерінде сұранысқа ие болса, бидай, күріш – Ресей мен ТМД елдеріне экспортталады.
Киіз, кілемдер, зергерлік бұйымдар, ұлттық киім, киізден жасалған бұйымдар – туристер мен шетелдік коллекционерлер үшін қызықты. Табиғи сабын, шөптен жасалған косметика, эфир майлары – экологиялық таза өнімдерге Еуропа мен АҚШ-та сұраныс бар. Минералды тыңайтқыштар, фермерлік техника, металл бұйымдары – Азия мен ТМД нарығына экспортталады.
Әлем жаһандық энергетикалық және цифрлық дамуға ұмтылып, маңызды шикізат материалдарына сұраныс артуда. Қазақстан Еуропалық Одақ бекіткен аса маңызды шикізаттың жиырмаға жуық түрін өндіреді және әлемдік нарыққа жеткізеді. Қазақстанда өндірілетін шикізат АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Ресей және Еуропалық Одақ елдеріне экспортталады.
Бұл мәселелер мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында айтылған тапсырмалар негізінде 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарға енгізілген.
Қазіргі таңда өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бизнеспен бірге Жеңіл өнеркәсіпті дамытудың кешенді бағдарламасын әзірлеуде. Бағдарлама мақсаты: шикізат базасын күшейту, өндірісті жаңғырту, мемлекеттік сатып алуларда жергілікті тауарларды қолдау. 2026 жылғы 4 наурыздағы Үкімет қаулысымен импорттық жеңіл өнеркәсіп тауарлары ұлттық режимнен алынып тасталды. Бұл жергілікті өндірушілерді қолдау үшін жасалған.
Қазақстанда шағын және орта бизнесті қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қалады. 2010 жылдардан бастап «Бизнестің жол картасы-2025» сияқты бағдарламалар іске қосылды. 2025 жылдың соңында олар «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасымен ауыстырылды. Бұл бағдарламалар субсидия, кепілдік, жеңілдетілген несие және лизинг арқылы шағын және орта бизнесті қолдауда. «Даму» қоры, «Өрлеу», «Қарапайым заттар экономикасы» сияқты құралдар да белсенді жұмыс істеуде.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА














