Тылсым бейне – таным таразысында
Көзбен көрмей, құлақпен естімей сенбейтініміз рас. Адам табиғаты дәлелді, дәйекті дүниені ғана мойындайды. Алайда рух пен жан әлеміне қатысты дүние дәлелге емес, түйсікке сүйенеді. Ақылмен аңдай алмағанды жүрек сезіп, санамызға сырғып кіретін бір тылсым бар. Сенбеске шараң қалмайтын сәттер болады. Бір кездері Дарвиннің іліміне малданып, адам маймылдан жаратылған деген жаңсақ ұғымға сеніп өскен ұрпақ едік. Бірақ уақыт пен ақиқат өзгеше сөйлейді екен. Шындықтың шымылдығын Хақ Тағаланың хикметі түре тартқанда, жалған теориялардың жаны қаша бастайды. Осы рухани сергектік кезеңінде санамызда талай сұрақтар бой көтерді. Бірі жауабын тапса, енді бірі жұмбақ қалпында тұр. Менің де көкейімде көптен бері мазалап жүрген сондай бір сұрақ бар. Ол «үй иесі» деген ұғым.
Қазақы сенімде нақты атауы болмаса да, оның баламасына ұқсас нанымдар бар. Ал «домовой» кеңестік кезеңнен қалған жат ұғым. Бәз біреулер оны орыстардың үйіндегі лас, тазалықтан ада жерлермен байланыстырады. Неліктен екенін анық білу қиын. Бірақ не нәрсенің де негізсіз пайда болмайтыны тағы анық. Сол себепті, мен бұл тақырыпта өз басымнан өткен оқиғаны ортаға салмақпын. Мүмкін, сіздің басыңыздан өткен кей жағдаймен жанасар. Бәлкім, біз қаузағалы отырған дүниеге сіз ой қосарсыз...
Студенттік шақ – адам санасының ең бір бейқам да, ең бір әлсіз тұсы. Қалаға алғаш келген ауыл баласының бойында қорқыныш та, үміт те, аңғал сенім де қатар жүреді. Біз жатақханадан уақытша айырылғанда, төрт қабырғасы тар пәтерге тығылып, өзімізді үлкен өмірге бір табан жақындағандай сезіндік. Бірақ сол «үлкен өмірдің» көлеңкелі тұстары да бар екен.
Көпқабатты үйдің өзі біртүрлі болатын. Қабырғалары дымқыл, дәліздері күңгірт, баспалдақтарынан жағымсыз иіс кетпейтін. Мұндай үйлердің өзіндік тарихы болатынын кейін түсіндім. Ал ол кезде біз жергілікті тұрғындардың сөзін тыңдап, бірде күліп, бірде іштей тітіркеніп қана қоятынбыз. Әңгімелердің өзегі – баяғы «үй иесі».
Біреулер оны жын деп атаса, кейбіреулер үйдің рухани иесі дейді, ал басқалары – тек адамның ойынан туған үрей деп қарастырады. Бір күні әрқайсысы әрқалай сипаттаған белгісіз сол бір әлеммен бетпе-бет келдік. Ескі пәтерде үш қызбен тұрдым. Құрбыларымның ішінде ең батылы Бану еді. Ол жалғыз қалудан қорықпайтын, әр демалыс сайын үйде өзі қалатын. «Қорқатын ештеңе жоқ, бісміллә бар» деп әзілдейтін. Бірақ сол әзілдің шындығы бетке басылғанда, оның қаншалықты әлсіз екенін біз бәріміз көрдік. Жиі қайталанған тақылдаған дауыс оның жүрегін үрейге толтырып, санасын тұңғиыққа батырып жіберді. Сол сәттен бастап Бану түнгі уақытта жарықты сөндірмей ұйықтайтын болды. Біз бұл жағдайды «құр қиял» деп жұбаттық. Өйткені адам сенгісі келмеген нәрсеге сенбейді. Тек өз басыңа түскенде ғана бәрі өзгереді екен.
Құрбымның әпкесінің пәтерінде болған оқиға менің сол сенімімді күл-талқан етті. Ол үйде де біртүрлі ауыр аура бар еді. Сізге өтірік, маған шын. Сол күнгі оқиғадан өз көзіме өзім сенбей қалдым. Түн ортасында көзімді ашқаным сол еді, бөлме іші бұлыңғыр жарықпен көмкеріліп тұр екен. Бір кезде бойы бір қарыс әйел сықылықтап жүгіріп өтті. Жүрісі анық, бейнесі бұлдыр. Денем дір ете қалды. Қорқыныштан көрпеме оранып, бетімді бүркей бергенім сол еді, әлдебір салқын қол мойныма жармасып, демімді ішіме тықты. Көз алдым қарайып, тұншығып барамын. Құрбым мен әпкемнің асүйдегі күбірі еміс-еміс құлағыма жетіп тұр. Қимылдағым келеді, бірақ денем тілсіз. «Біссіміллә» деуге тілім бармай, түннің қара тырнағына шырмалғандай күй кештім. Кенет, әлгі көзге көрінбейтін күш иығымнан сыпырылып түскендей болды. Әлім жеткенше айғай салып, «Жібер, жібер» деп айқайлап жібердім. Терге малшынып, орнымнан ұшып тұрдым.
Құрбым мен әпкесі жүгіріп келіп, демімді басты. Жылы сөзбен жұбатып, уайымымды сейілтуге тырысты. Бірақ ішімдегі әлгі сәттің үрейі ұзаққа дейін тарқамады.
Үйдегілер мұның бәрін «қара басу» деп түсіндірді. Қазақ танымында бұл ұғым – адамның жанының әлсіреген, қорғанышы азайған шақтағы күйі деп саналады. Бәлкім, біз «үй иесі» деп жүрген нәрсе – осы қара басудың өзге мәдениеттегі атауы ғана шығар. Содан бері мен мұндай әңгімелерге күле қарамаймын. Бірақ соқыр сенімге де бой алдырмаймын. Себебі кейбір құбылыстардың аты бөлек болғанымен, заты ортақ.
Құлағың түрік болса, әрбір ескі үй, әрбір күңгірт дәліз бір сырды ішіне бүгіп тұрғандай көрінеді. Ал ол сырды қалай қабылдау – әркімнің өз санасына байланысты. Бәлкім, «үй иесі» дегеніміз, өзімізбен бірге көшіп-қонып жүретін қорқынышымыз шығар. Ал «қара басу» соның бір сәтке сыртқа шыққан кейпі ғана. Әрине, бұл мендік ұйғарым. Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?
А. ЖҮСІПОВА














