Цифрлық көшпенділер үшін ең қолайлы елдер анықталды
Еуропа әлем бойынша қашықтан жұмыс істейтін мамандар үшін ең қолайлы өңірлердің рейтингінде көш бастады. «Цифрлық көшпенді» өмір салты кеңінен таралып жатқан қазіргі кезеңде бұл құрлық өзінің тұрақтылығы, дамыған инфрақұрылымы және ұзақмерзімді мүмкіндіктерінің арқасында алдыңғы қатарға шықты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.COVID-19 пандемиясынан кейін миллиондаған адам дәстүрлі кеңсе форматынан бас тартып, толықтай онлайн жұмысқа көшті. Мұндай өзгеріс адамдарға тек икемді жұмыс кестесін ғана емес, сонымен қатар еркін қозғалыс пен өмір сапасын таңдауға мүмкіндік берді. Осы үрдісті дер кезінде байқаған көптеген ел арнайы визалық бағдарламалар енгізіп, «мобильді, қаржылай дербес әрі жергілікті еңбек нарығына тәуелсіз» шетелдік мамандарды тартуға кірісті.
Цифрлық көшпенділерге қолайлы елдер рейтингі
Global Citizen Solutions консалтингтік компаниясы 64 елді қамтыған арнайы рейтинг жариялады. Бағалау барысында виза мерзімі, табысқа қойылатын талаптар, тұрақты тұруға және азаматтық алуға апарар жолдар секілді маңызды критерийлер ескерілген.
Нәтижесінде үздік он елдің жетеуі Еуропада орналасқаны анықталды. Сарапшылардың пікірінше, бұл құрлық цифрлық инфрақұрылымды жаңғыртып, технологиялық экожүйелерді дамытуда жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Есепте:
Көптеген еуропалық ел уақытша тұрудан бастап, тұрақты резиденттік пен азаматтыққа дейін апаратын нақты тетіктер ұсынады. Бұл цифрлық көшпенділерге сенімді паспорт пен ұзақмерзімді мобильділік береді. Сонымен қатар Еуропаның қауіпсіз, саяси тұрғыдан тұрақты әрі мәдени өмірі бай аймақ ретіндегі беделі оны қоныс аудару үшін тартымды ете түседі, – деп атап көрсетілген.
Цифрлық көшпенділер үшін ең қолайлы 10 ел (2025 жыл қорытындысы):
- Испания
- Нидерланд
- Уругвай
- Канада
- Чехия
- Португалия
- Франция
- Біріккен Араб Әмірліктері
- Германия
- Мальта
Испания неліктен бірінші орында?
Испания рейтингтің көш басына цифрлық көшпенділерге арналған арнайы визасының арқасында шықты. Бұл виза шетел азаматтарына Испаниядан тыс орналасқан компанияға қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Маңызды артықшылықтардың бірі – өзін-өзі жұмыспен қамтыған мамандар Испаниядағы компаниямен де жұмыс істей алады, бірақ мұндай қызмет жалпы кәсіби табыстың 20 пайызынан аспауы тиіс.
Сарапшылар Испанияда интернет жылдамдығының жоғары екенін, өмір сапасы индексінің жоғары деңгейде тұрғанын және шетелдіктерді ұзақмерзімді интеграциялауға бағытталған заңнамалық базаның бар екенін ерекше атап өтеді.
Тағы бір маңызды жайт – бұл виза азаматтық алуға тікелей жол ашады. Иберо-Америка елдерінің, Филиппин мен Экваторлық Гвинея азаматтары үшін азаматтық алу уақыты небәрі екі жылды құрайды. Ал стандартты тәртіп бойынша бұл процесс он жылға созылады.
Экономикалық тұрғыдан алғанда, Испания Солтүстік Еуропа елдеріне қарағанда әлдеқайда қолжетімді. Оның үстіне шағын қалаларда өмір сүру құны төмен болғанымен, қауіпсіздік, медицина және инфрақұрылым деңгейі жоғары, – делінген мәліметте.
Дегенмен виза алу үшін белгілі бір талаптар бар: үміткердің беделді жоғары оқу орнын бітіргені туралы дипломы немесе кемінде үш жылдық кәсіби тәжірибесі болуы тиіс. Сонымен қатар Испаниядағы ең төменгі жалақының 200 пайызынан кем емес көлемде қаражатының бар екенін көрсетуі, медициналық сақтандыруы және сотталмағаны туралы анықтамасы болуы қажет.
Еуропаның басқа елдері не ұсынады?
Нидерланд екінші орынға тұрақтады. Мұнда өзін-өзі жұмыспен қамтуға арналған рұқсат жүйесі бар. Ол ел экономикасына «елеулі үлес қоса алатын» мамандарға басымдық береді және болашақта тұрақты тұру құқығын алуға мүмкіндік жасайды. Салық жүктемесі жоғары болғанымен, өмір сапасы, медицинасы, қауіпсіздігі мен қалалардың жайлылығы бұл кемшілікті өтейді.
Чехия бесінші орында. Орталық Еуропадағы ең мықты орталықтардың бірі саналатын бұл ел цифрлық көшпенділерге азаматтық алуға апаратын тікелей механизм ұсынатын санаулы мемлекеттердің қатарында. Мұнда өмір сүру деңгейі жоғары, ал шығын Батыс Еуропамен салыстырғанда әлдеқайда төмен.
Португалияның D8 визасы алтыншы орынға жайғасты. Ол уақытша тұру визасын немесе резиденттік алуға мүмкіндік береді. Ел интернет жылдамдығы, ғылыми-зерттеу саласындағы ЕО-мен байланысы және шетелдік мамандарға арналған салықтық жеңілдіктерімен ерекшеленеді.
Франция азаматтыққа тікелей жол ұсынбаса да, өмір сапасы, көлік жүйесі мен интернет инфрақұрылымы бойынша жоғары баға алды.
Германия тоғызыншы орында. 2021 жылдан бері енгізілген фриланс-виза арқылы мамандар елде үш жылға дейін тұра алады, ал бес жылдан соң тұрақты тұру құқығына қол жеткізуге мүмкіндік бар.
Шағын ғана Мальта да үздік ондыққа енді. Мұнда бір жылдық виза ұсынылады. Азаматтыққа апармаса да, ел тұрақты интернеті, дамыған медицинасы және әлеуметтік қауіпсіздігімен ерекшеленеді. Ағылшын тілінің ресми мәртебеге ие болуы да шетелдік мамандар үшін үлкен артықшылық.
Қазақстанда қандай жағдай қарастырылған?
Қазақстан еліміздің жаһандық таланттар мен инновациялар орталығы ретіндегі ұстанымын нығайта отырып, білікті мамандарды, кәсіпкерлерді және қашықтағы жұмыскерлерді тартуға арналған визалардың үш жаңа санатын іске қосты.
«Neo Nomad» (B12-1), «Digital Nomad» (B9-1), Тұрақты тұруға арналған (Visa for Permanent Residence) (B9) визалар Қазақстанда мансаптық өсу, бизнесті кеңейту немесе қашықтан жұмыс істеу сияқты ұзақ мерзімді мүмкіндіктер іздейтін азаматтар үшін икемді жолдарды ұсынады.
Қашықтан жұмыс істеуге арналған бірегей ұсыныс
Neo Nomad визасы (B12-1) Қазақстанда тұрып, шетелдік табысын сақтай отырып, қашықтан жұмыс істегісі келетін кәсіби мамандар мен цифрлық кәсіпкерлер үшін арнайы әзірленген.
Тұрақты тұруға апаратын жол
Digital Nomad визасы (B9-1) тұрақты тұруға рұқсат алу мақсатында Қазақстанға көшетін ақпараттық технологиялар саласындағы сұранысқа ие мамандарға арналған. Ол қазақстандық еңбек ортасына кірігуге және елдің экономикалық дамуына өз үлесін қосуға мүмкіндік береді.
Білікті мамандар үшін ұзақ мерзімді мүмкіндік
B9 визасы медицина, ғылым, инновация, білім беру және шығармашылық индустриялар сияқты салаларда сұранысқа ие дағдылары бар шетелдік мамандар үшін Қазақстанда ұзақ мерзімді тұрақтануға мүмкіндік беретін құрылымдық жолды ұсынады.
Елімізде онлайн жұмыс істейтіндер саны
Қазақстанда қашықтан жұмыс істейтін азаматтар саны да өсіп келеді. 2024 жылдың төртінші тоқсанының қорытындысы бойынша елде қашықтан жұмыс істейтіндер саны 46,7 мың адамға жетіп, бір жылда бірден 18,6 пайызға көбейген. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш небәрі 5,4 пайызға өскен болатын.
Соған қарамастан қашықтан жұмыс істейтіндердің жалпы жұмыспен қамтылған халық ішіндегі үлесі әлі де мардымсыз күйде. Ресми деректерге сүйенсек, бұл көрсеткіш бір жыл ішінде 0,44 пайыздан 0,51 пайызға ғана ұлғайған. Яғни Қазақстанда қашықтан еңбек ету форматы кең көлемде таралды дей алмайсың.
Дегенмен оң үрдістер де жоқ емес. Онлайн жұмыспен қамтылғандардың ішінде жұмыс беруші тарапынан байланыс құралдарымен және коммуникация жабдықтарымен қамтамасыз етілгендердің үлесі айтарлықтай өскен. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 3,8 пайыздан 13,7 пайызға дейін артты. Санмен айтсақ, мұндай қызметкерлер саны 1,5 мың адамнан 6,4 мың адамға дейін көбейген.
Аймақтар бойынша ахуал
Өңірлік бөліністе қашықтан жұмыс істейтіндердің ең жоғары саны 2024 жылдың төртінші тоқсанында Ақтөбе облысында тіркелген. Бұл өңірде 11,3 мың адам қашықтан жұмыс істейді. Сондай-ақ дәл осы облыста қашықтан жұмыс істейтіндердің жалпы жұмыспен қамтылған халық ішіндегі үлесі де ең жоғары деңгейде – 2,46 пайыз.
Екінші орында Жетісу облысы тұр: мұнда 7 мың адам, яғни жұмыспен қамтылғандардың 2,33 пайызы қашықтан жұмыс істейді. Үшінші орын Маңғыстау облысына тиесілі – 6,6 мың адам немесе 1,89 пайыз.
Ал Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстары секілді еліміздің төрт өңірінде ресми статистика бойынша қашықтан жұмыс істейтіндер мүлде тіркелмеген. Бұл жағдай өңірлер арасындағы цифрлық инфрақұрылым, еңбек нарығы және жұмыс форматтарына бейімделу деңгейінің біркелкі еместігін көрсетеді.
Жалпы алғанда, Қазақстанда қашықтан жұмыс істеу форматы біртіндеп дамып келе жатқанымен, оның әлеуеті әлі толық іске асқан жоқ. Сарапшылардың пікірінше, бұл бағытты дамыту үшін заңнамалық тетіктерді жетілдіру, жұмыс берушілерді ынталандыру және өңірлердегі цифрлық мүмкіндіктерді теңестіру қажет.











