Тірек ауылдарға тың серпін

Салтанатты шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Байқадамов, Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов, құқық қорғау органдарының жетекшілері, қала және аудан әкімдері, еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері мен шаруашылық жетекшілері қатысты. Мерекелік жиында аймақ басшысы «Үлгілі елді мекен» облыстық байқауының жеңімпаздарын марапаттап, оларға 19 дана арнайы коммуналдық техника мен қаржылай сыйақы табыстады.
«Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы өңірімізде қарқынды жүзеге асуда. Қаламыздағы, аудан орталықтарындағы, ауылдардағы парктер, скверлер мен аллеяларды, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандырудамыз. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, тынымсыз еңбек еткен жерлестеріміздің арқасында облысымыз таза әрі көркем аймаққа айналып келеді. «Ауыл – ел бесігі», – деп дана халқымыз бекер айтпаған. Ауылды дамыту – мемлекеттік саясаттың аса маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі. Елді мекендерді дамыту, оның ішінде ауылдағы ағайынның өмір сапасын жақсарту, қолайлы орта қалыптастыру, ауылдағы көркейту-көгалдандыру жұмыстарын ынталандыру мақсатында 2023 жылдан бастап дәстүрлі түрде «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткізілуде. Биыл 564 миллион теңгеге 19 техника сатып алынды. Әр аудандағы бір ауылды абаттандыру, көркейту жұмыстарына 100 миллион теңгеден астам қаржы беріледі. Ауыл-аймақтың ажарын айшықтап, келбетін көркем етуге бағытталған «Үлгілі елді мекен» конкурсы алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғасады. Келер жылы конкурсты өткізуге облыстық бюджеттен 500 млн. теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бірліктің туын биік ұстап, туған жеріміздің келбетін көркейту жолында аянбай қызмет етіп жүрген еңбек адамдарын әрдайым құрметтейміз!», – деді Н.Нәлібаев.
Дәстүрге айналған «Үлгілі елді мекен» байқауы биыл да өз мәресіне жетіп, үздіктер марапатталды. «Үлгілі ауыл» аталымында бірінші орынды Сырдария ауданының Нағи Ілиясов ауылы жеңіп алса, екінші орын Арал ауданының Қызылжар ауылына, үшінші орын Қармақшы ауданының Ақжар ауылына бұйырды. Ал «Үлгілі аудан» номинациясында Шиелі кенті үздік деп танылып, бірінші орынды иеленді. Екінші орын Әйтеке би кентіне, үшінші орын Жаңақорған кентіне берілді.Сонымен қатар тірек және серіктес елді мекендер қатарына кірмейтін ауылдардың абаттандыру жобаларын қолдау мақсатында 15 миллион теңгенің сертификаттары табысталды.
Биылғы «Үлгілі елді мекен» байқауы аясында тірек және серіктес ауыл мәртебесі жоқ, бірақ даму қарқыны жоғары елді мекендерге ерекше қолдау көрсетілді. Атап айтқанда, Арал ауданының Ақбай, Қазалы ауданының Бөзкөл, Қармақшы ауданының Қуандария, Жалағаш ауданының Жаңадария, Сырдария ауданының Іңкәрдария, Шиелі ауданының Майлытоғай және Жаңақорған ауданының Қыраш ауылдарына абаттандыру жобаларын іске асыруға қаржылай сертификаттар табысталды. Айта кету керек, соңғы екі жыл ішінде конкурс жеңімпаздарына жалпы құны 1,5 миллиард теңгені құрайтын 48 заманауи коммуналдық техника табысталған.
Аймақтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған «Үлгілі елді мекен» байқауында «Үлгілі аудан» номинациясы бойынша екінші орынды иеленген Әйтеке би кенті нәтижелі жұмысының жемісін көрді. Кентке қалдық тазалаушы көлік, ассенизатор және жер қазатын трактор сынды үш бірдей арнайы техника табысталды. Сонымен қатар тірек және серіктес елді мекендер санатына кірмейтін елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту мақсатында Бозкөл ауылдық округіне арнайы абаттандыру сертификаты берілді.
Инфрақұрылымдық қолдаулар мен қаржылай серпін елді мекендердің одан әрі гүлденуіне жол ашып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға өз үлесін қосары сөзсіз. Мұндай байқаулар өңірлер арасында ынтымақ пен бәсекелестікті арттырып, даму қарқынын күшейтеді.
А. ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ