Қазақстандық "Кадет" фильмі "Оскарға" ұсынылды

Қазақстанның Оскар комитеті «Кадет» фильмін америкалық киноакадемия сыйлығына үміткер ретінде таңдады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Қазақстанның Оскар комитеті 2026 жылы өтетін «Оскар» кинопремиясына ұсынылатын ұлттық фильмдерді іріктеуді аяқтады. Комитет мүшелерінің басым даусымен режиссер Әділхан Ержановтың «Кадет» атты көркем фильмі таңдалып, Қазақстанды «Үздік халықаралық толықметражды фильм» (Best International Feature Film) номинациясында таныстырмақ.
Бұл туралы аталған туындының сценарист әрі режиссері Әділхан Ержанов желі парақшасында жазып, қолдау білдіргендерге алғыс айтты.
Есімде, мен әскери мектеп туралы қорқынышты фильмнің сценарийімен жүгіріп жүргенде, көптеген компаниялар «тым авторлық кино» деп қабылдамай қойған еді. Соның өзінде фильм Берлин, Токио, Карловы Вары, SXSW және басқа да фестивальдерге қатысты. Ең бастысы – прокатта өзінің шағын бюджетін толық ақтады. Енді міне, фильмімізді комитетіміз «Оскар» номинациясына таңдады. Біздің көрермен әртүрлі жанрдағы киноны қалайды. Қазақ киносы жанрлық тұрғыдан жаңарып келеді!,-деп жазды ол.