Министрлік қазақстандық бензиннің Өзбекстанға жіберілмегенін айтты

Қазақстанда жанармайды сыртқа шығаруға тыйым қатаң салынғанын еске салды Энергетика министрлігі. Энергетика министрлігі қазақстандық бензиннің Өзбекстанға экспортталып жатыр деген ақпаратты жоққа шығарды. Ведомствоның мәліметінше, Қазақстанда жанармайды сыртқа шығаруға тыйым қатаң сақталып отыр.
Бензин ресми түрде Өзбекстанға да, басқа елдерге де экспортталмаған. Ал заңсыз жолмен шығару мәселесіне қатысты министрлік нақты дерек келтірмеді, бірақ контрабандамен күрес жүріп жатқанын атап өтті. Министрліктің түсіндіруінше, даудың басталуына 2025 жылдың көктемінде қабылданған бір реттік шешім себеп болған. Сол кезде ел ішінде артық жиналып қалған АИ-92 маркалы бензинді сақтау қоймалары жеткіліксіз болғандықтан, белгілі бір көлемі Өзбекстанға сатылған. «Сәуір-мамыр айларында ішкі нарықта жеткілікті көлем қалыптасқандықтан, артық қалған бензинді уақытша экспорттауға рұқсат берілді. Бұл халықаралық тәжірибеде бар қалыпты қадам. Бір жағынан қоймаларды босатуға, екінші жағынан бюджетке қосымша салық түсіруге мүмкіндік берді. Маусымнан бастап экспорт толығымен тоқтатылды. Бұл шешім жоспарлы жөндеу жұмыстарына дайындық үшін стратегиялық қор жинауға бағытталды», – деді министрлікте. Ведомство мәліметінше, экспортқа тыйым салу елдегі жанармай қорын айтарлықтай арттырған. Жаздың басында АИ-92 қоры шамамен 70 %-ға, ал дизель көлемі 78 %-ға көбейген. Қазір нарықтағы жағдай тұрақты, тапшылық жоқ. Бұған дейін Ресейдегі жанармай дағдарысына және көрші елдердегі баға айырмашылығына байланысты Қазақстаннан бензинді заңсыз әкету қаупі күшейгені айтылған еді.