Министрлік зейнетақы тағайындау ережесіне түзету енгізді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы тағайындау ережесіне түзету енгізді. Енді бала күтімімен өткен жылдар еңбек өтіліне тек аналарға емес, әкелерге де есептеледі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Егер ер адам бала үш жасқа толғанға дейін үйде отырып, оның күтімімен айналысса, бұл кезең де оның еңбек өтіліне қосылады. Дегенмен, бұл уақыт 12 жылдан аспауға тиіс. Осылайша Қазақстанда бала тәрбиелеген әкелерге де жасы бойынша зейнетақы есептеу кезінде тең құқық берілмек. Түзету енгізілген құжат жобасы "Ашық НҚА" порталында жарияланды. Құжат 24 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауда болады.
"Бұл түзету үш жасқа толмаған балалардың күтімімен айналысқан, бірақ жұмыс істемеген әкелердің жасы бойынша зейнетақы мөлшерін тағайындаудағы құқықтарының іске асырылуындаболған кемсітушілікті жоюға мүмкіндік береді", – делінген құжатта.
Қазіргі жағдай
Қазақстанда жыл сайын шамамен 200 мың адамға жасы бойынша зейнетақы тағайындалады. 2024 жылы 191 мың адам зейнетке шықса, олардың 106 мыңы – әйелдер.
Орташа зейнетақы төлемі - айына 116,2 мың теңге. Бүгінгі таңда зейнетақы есептеу кезінде жұмыс істемеген ананың бала үш жасқа толғанға дейінгі күтімі есепке алынады. Бұл кезең декреттік демалыста болған "жаңа" зейнеткерлердің шамамен 30 пайызына есептелген. Мысалы, 2024 жылы бала күтімімен өткен уақыт 52 мың әйелдің еңбек өтіліне қосылды.
Ал әзірге бұл норма тек аналарға қолданылады,ал бала күтімімен айналысқан әкелерге есептелмейді.
Қазақстандағы әкелердің декреттік демалысы
Қазақстанда бала күтімі бойынша демалысты үш жасқа дейін ана ғана емес, әке де ала алады. Бұл демалыс жалақы сақталмай беріледі, бірақ жұмыс орны сақталады. Бұл кезеңде жұмыс беруші қызметкерді жұмыстан босатуға құқылы емес.
Контекст
Бұл түзетуді енгізуге министрлікті сот міндеттеген. Ақпанда бір қазақстандық Конституциялық сотқа жүгінді, себебі Кодексте бала күтімімен өткен уақыт еңбек өтіліне тек ана үшін есептелетіні жазылған болатын.
Ер адам екі айлық ұлын күту үшін жұмыстан шыққан. Өйткені жұбайы сырқат болып, оған қарауға мүмкіндігі болмағанын айтты. Бірақ кейін бұл кезең оған еңбек өтіліне есептелмегенін білген. Сот заңға сүйеніп, оның талабын қанағаттандырудан бас тартты, содан кейін ер адам Конституциялық сотқа жүгінді. Конституциялық сот оның талабын орынды деп танып, бала күтімімен өткен уақыт еңбек өтіліне ата-ананың қайсысына да есептелуге тиіс екенін нақтылауды міндеттеді.