Жаңартылған субсидия – жаңа серпін

Жиынды басқарманың мал шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы Дәулетбек Жәнібекұлы жүргізіп, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» Ережесіне енгізілген өзгерістерге арнайы тоқталды. Бұл – тек ресми құжат ғана емес, ауылдағы шаруаларға мемлекет тарапынан жасалған нақты қолдау.
Жаңартылған қағидаларда бұрынғыға қарағанда нақты тетіктер мен ашық бағыттар бар. Субсидияның тағайындалу тәртібі жеңілдеген, құжаттық талаптар нақтылаған. Өз кезегінде, шаруалар үшін тиімділік пен сенімділікті арттырады.
Сонымен қатар кездесуде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы бордақылау алаңдарына берілетін жеңілдетілген несие бағдарламасы да кеңінен таныстырылды. Маңызды бағдарлама – мал ұстаушылар мен ет бағытындағы шаруалар үшін үлкен мүмкіндік. Төмен пайыз, икемді шарттар мен жеңілдетілген жолмен қаржыға қол жеткізу – шаруалардың тынысын кеңейтетіні сөзсіз.
Аудан шаруашылықтарының басым бөлігі кездесуге қатысып, нақты сұрақтарын қойып, мамандардан қажетті кеңестер алды. Әсіресе субсидия алу жолдары, өтінім беру рәсімдері, бордақылауға қатысты несие шарттары кеңінен қозғалды.
Бұл кездесулер қағаздағы заңды қарапайым халықтың тілімен жеткізу, түсіндірудің нақты мысалы. Себебі ауылдағы азамат үшін әр ереже күнделікті тіршіліктің өзегі. Ал мемлекет пен шаруа арасындағы дәнекер осындай ашық алаңда қалыптасады.
Асыл тұқымды мал – ауылдың қазынасы. Оны сапалы әрі жүйелі дамыту үшін бүгінгідей кездесулердің жиі өтуі – уақыт талабы.
А. ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ