Несие төлеуді кешіктірдіңіз бе? Қарызды заң жүзінде реттеуге болады

Несиені төлеу мерзімін өткізіп алдыңыз ба? Алаңдамаңыз. Қазақстан заңнамасы сізге банкпен келіссөз жүргізуге 30 күн береді және кейбір қаржылық қаражатты тәркілеуден қорғайды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл жағдайды қалай реттеуге болатынын қарастырайық.
Мұндай жағдайда банкпен қарым-қатынасыңызды тек несие шарты ғана емес, ҚР «Банктер және банк қызметі туралы» Заңының 36-бабы да реттейді. Бұл бап — сіздің және банктің құқықтары мен міндеттерін нақты айқындайтын заңнамалық негіз. Енді осы заңнамадағы маңызды жайттарға тоқталайық.
Бірінші қадам: Банктен ресми хабарлама
Несие төлемін кешіктірген бойда банк бірден қатаң шара қолдана алмайды. Алдымен, ол сізге ресми түрде хабарлама жіберуге міндетті.
Банктік қарыз шарты бойынша міндеттемені орындау мерзімі өткен жағдайда, бірақ кешіктіру басталған күннен бастап он күнтізбелік күннен кешіктірмей банк қарыз алушыға төлем жүргізу қажеттілігі және кешіктірілгені жөнінде жазбаша хабарлама жібереді.
Бұл хабарламада банк сізге қарызды қайта құрылымдау (реструктуризация) мүмкіндігі туралы және міндеттемелер орындалмаған жағдайда туындайтын салдарлар жайлы да мәлімет беруі тиіс.
Сіздің құқығыңыз: келіссөздер жүргізуге 30 күн
Егер сіз қаржылық қиындыққа тап болсаңыз, заң сізге 30 күнтізбелік күн ішінде банкке шартты қайта қарау туралы өтінішпен жүгінуге мүмкіндік береді.
Өтініште несиені кешіктіру себептерін және қарызды өтеудің балама жолдарын көрсету қажет. Заңда келесі өзгерістерді ұсыну құқығы көрсетілген:
- сыйақы мөлшерлемесін төмендету;
- негізгі қарыз немесе сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыру;
- қарызды өтеу әдісін өзгерту;
- несиенің мерзімін ұлғайту;
- кешіктірілген негізгі қарыз бен сыйақыны кешіру, айыппұлды (өсімпұл, штраф) алып тастау;
- кепілдегі мүлікті өз бетіңізше сату немесе банктің меншігіне беру.
Банктің жауабы: 15 күн ішінде қаралуы тиіс
Банк сіздің өтінішіңізді 15 күн ішінде қарап, келесі шешімдердің бірін қабылдауға міндетті:
- Ұсынылған өзгерістермен келісу;
- Өзінің қарсы ұсынысын беру;
- Несиелік шартты өзгертуден дәлелді түрде бас тарту.
Маңызды: осы кезеңде банк сізден несиені мерзімінен бұрын толық өтеуді талап ете алмайды.
Келісімге келе алмадыңыз ба? Банктік омбудсмен көмектесе алады
Егер банк өтінішті қанағаттандырмаса немесе қарсы ұсынысы сізге қолайсыз болса, сіз 15 күн ішінде банктік омбудсменге жүгіне аласыз.
Омбудсмен өтінішті қарау үшін сіз банкпен мәселені шешуге талпыныс жасағаныңызды дәлелдейтін құжаттар ұсынуыңыз керек.
Егер қарызды төлемесеңіз және келіссөздер жүргізбесеңіз не болады?
Мұндай жағдайда банк берешекті өндіру шараларын қолдана алады. Алайда, бұл әрекеттер де заңмен шектеледі:
- Шоттан өндіріп алу шектеуі: банк сіздің шотыңыздағы соманың 50%-ынан аспайтын көлемде ғана қаражат өндіріп ала алады.
- Қалдық сома кепілдігі: шотыңызда екі айлық күнкөріс минимумынан кем емес сома қалуы тиіс.
- Қорғалған түсімдер: әлеуметтік төлемдер, жәрдемақылар, алимент, тұрғын үй көмегі және мақсатты төлемдер қарызды өтеуге алынбайды.
Егер бұл шаралар нәтижесіз болса, банк берешекті сотқа дейінгі тәртіппен коллекторлық агенттікке тапсыруы немесе сот арқылы өндіріп алуы мүмкін.
Уақтылы әрекет — ең тиімді шешім
ҚР заңы несие кешіктірілген жағдайда қарыз алушының құқығын қорғауға бағытталған нақты механизм ұсынады. Ең бастысы — банкпен байланыстан қашпау. Алғашқы 30 күн ішінде жазбаша өтініш беру — сіздің заңмен бекітілген құқығыңыз. Бұл — банкпен келісімге келудің және қаржылық қиындықтан шығудың ең тиімді жолы.