Түркияда тағы да жойқын жер сілкінісі болды

Түркияның Балыкесир провинциясында магнитудасы 6,1 болатын жер сілкінісі тіркелді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Төтенше жағдай салдарынан 81 жастағы қария қираған үйдің астынан құтқарылғанымен, алған жарақаттарынан қайтыс болған. Қазір 300-ден аса құтқарушы мен 79 техника іздестіру-құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр. Балыкесир провинциясында болған жер сілкінісі салдарынан шамамен 10 үй қираған.
Түркияның ішкі істер министрі Али Ерликаяның айтуынша, Балыкесир провинциясындағы Сындыргы қаласында болған жер сілкінісінен бір ғимарат қирап, кемінде 24-і зақымданған.
Кейін министрлік Балыкесирдегі қираған ғимарат астында қалған барлық тұрғындардың құтқарылғанын хабарлады.
Төтенше жағдайлардың зардаптарын жою басқармасының мәліметінше, жер сілкінісінен кейін 20 афтершок тіркелген, оның бесеуінің магнитудасы 4-тің үстінде болған. Жер сілкінісі Ыстамбұлда да сезілді. Қалада көптеген тұрғын үйлерінен шығып, саябақтар мен ашық алаңдарға жиналды.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған әлеуметтік желіде зардап шеккендерге қолдау білдіріп, жер сілкінісінен кейін алғашқы минуттардан бастап барлық тиісті қызметтер жұмысқа кіріскенін мәлімдеді.
Елде орын алған жер сілкіністері
Бұған дейін, 23 сәуірде Ыстамбұл жағалауындағы Мәрмәр теңізінде магнитудасы 6,2 баллдық жер сілкінісі тіркелді. Одан кейін бірнеше афтершок болды. Түркия билігінің мәліметінше, 236 адам зардап шеккен, бірақ қаза тапқандар мен ауқымды қираулар болмаған.
24 маусымда, Түркияның оңтүстігіндегі Адана қаласында жер сілкінісі тіркелген. Ол кезде жерасты дүмпулері 4,5 баллға жеткен.
3 маусымда Түркияның Мугла провинциясында магнитудасы 5,8 балдық жер сілкінісі болды. Зардап шеккендер бар, бір адам қаза тапқан.
Шілде айының басында Бурса қаласынан (халқы 1,412 млн) солтүстікке қарай 32 шақырым жерде және Гемлик қаласынан (71 мың адам) солтүстік-шығысқа қарай 5 шақырым жерде жер сілкінісі болған.
Еске салайық, 2023 жылы 6 ақпанда Түркияның орталығы мен оңтүстік-шығысында, Сириямен шекаралас жерде жойқын жер сілкінісі болды.
АҚШ Геологиялық қызметі мәліметінше, 7,8 балдық жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша сағат 04:17-де Газиантеп маңында 17,9 шақырым тереңдікте тіркелген. Оқиға салдарынан қаза тапқандар, зардап шеккендер болды.