Алаяқтарға алданбаудың жолы қандай?

Жаңа форматтағы бұл бастама заманауи технологияны пайдалану арқылы азаматтардың цифрлық қауіпсіздігіне назар аудартуға бағытталған. QR-кодпен жабдықталған жадынамалар аудан орталығындағы Халыққа қызмет көрсету орталығы, банктер, базар аумағы, теміржол және автовокзал секілді нысандарда орнатылды. Кодты сканерлеген азаматтар бірден киберқылмыстан қорғану жолдары жазылған ресми ақпараттық парақшаға өтіп, қажетті мәліметтермен таныса алады.
Полиция қызметкерлері QR-кодтың артықшылығы – оны кез келген смартфон арқылы лезде қарап шығуға болатынын, әрі әр адам өзіне керек ақпаратты оңай әрі қауіпсіз түрде ала алатынын атап өтті.
– Қазіргі таңда интернет-алаяқтықтың түрлері өте көп. Алаяқтар жалған сайттар, сілтемелер, хабарламалар арқылы азаматтарды алдап соғуда. Сол себепті халықтың ақпараттық сауатын арттыру – басты міндетіміз, – дейді аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері.
Мұндай бастамалар арқасында тұрғындар тарапынан қолдау тауып, көптеген адам өз қауіпсіздігіне мән бере бастады. Түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
А. ЖҮСІПОВА