Белгісіз QR-кодты сканерлеп, қаскөйлерге алданып қалмаңыз
QR-кодтарды пайдаланып, жылдам төлемдер жасауға, қажетті ақпарат алуға болады. Алайда оның қауіпті жағы да бар.

Қаскөйлер кез келген жерге жалған QR-коды бар жапсырма жабыстырып кетеді. Сол кодты сканерлеген адам өзі де байқамай жалған сайтқа кіріп, банк картасы деректері, шот нөмірлері және басқа жеке ақпараттарын енгізеді. Абырой болғанда, мұндай QR-кодтық алаяқтықтың құрбанына айналмаудың бірнеше жолы бар.Сондай сақтанудың сенімді жолдарының бірі – бейтаныс QR-кодтарды сканерлемеу. Бұл – QR-кодтың ең жымысқы тұсы. Сіз кодты сканерлегенге дейін оның қайда апаратынын біле алмайсыз. Осы себепті QR-код арқылы жасалатын алаяқтыққа көп адам алданып қалады.

Сонымен қатар, қазіргі таңда QR-кодтар зиянды бағдарламаларды тарату құралына да айналуда. KeepNetLabs деректеріне сүйенсек, барлық зиянды сілтемелердің 26%-ы QR-кодтарға жасырылған. QR-кодтардың кең таралуына байланысты (мысалы, құпиясөздерді бөлісу үшін де пайдаланылады), олар күдік тудырмай, зиянды бағдарламаларды таратудың оңай жолына айналды.
Әрине, QR-кодтардан мүлде аулақ болу қиынға соғады. Себебі қазіргі кезде біздің елімізде де сауда жасау үшін, автотұрақтар мен басқа да қызметтерге төлем жасау үшін олар қажет болып жатады. Осындай жағдайларда QR-кодты сканерлеу алдында оның түпнұсқалығына көз жеткізіңіз.
Егер QR-кодқа қатысты күмәніңіз болса, ресми сайтты өзіңіз іздеп тауып, сол жерден төлем жасаған жөн.Біздің кеңес. QR-кодтармен әрекеттескен кезде ақылмен әрекет ету – сіздің қауіпсіздігіңіздің кепілі. Егер сенімді болмасаңыз, QR-кодты мүлде сканерлемеңіз. Егер байқаусызда күмәнді QR-кодты сканерлеп қойсаңыз, барлық құпиясөздеріңіз бен қауіпсіздік деректеріңізді дереу өзгертіңіз. Бұл маңызды аккаунттарыңыздан айырылып қалмауға көмектеседі.
Сіздің ақпараттық қауіпсіздігіңіз – өзіңіз үшін ғана емес, тұтас қоғам үшін де маңызды екенін ұмытпаңыз.