Транспорт саласына 770 грант бөлінді: Қандай мамандар тапшы
Бүгін қазақстандықтар Көлік қызметкерлері күнін екінші рет атап өтеді. Мерекені биыл 772 707 маман тойлап жатыр. Елімізде бұл сала қалай дамып келеді? Қазақстанда қандай транспорт қызметкерлері тапшы? Kazinform тілшісі анықтап көрді.

– Соңғы бес жылда көлік қызметкерлерінің саны 55 мыңға артты. Осылайша, жұмысшылар 2020 жылы – 717 509 адам, 2021 жылы – 709 501 адам, 2022 жылы – 740 553 адам, 2023 жылы – 747 723 адам, 2024 жылы – 770 059 адамға жетті. Ал биыл транспорт саласында 772 707 маман қызмет етеді, – дейді Көлік министрлігінің мамандары Kazinform тілшісінің сауалына берген жауабында.Жыл басынан бері істелген жұмыс та аз емес. Мәселен, жарты жылда 911,1 миллион адам автобус, такси, троллейбус секілді көлік құралдарымен сапар шексе, ұшақтар 7,2 миллион жолаушы тасымалдаған. Тағы 9,5 миллион адам пойызбен қатынапты.
– 2025 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанда көліктің барлық түрімен 928 миллион жолаушы тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,5%-ға артық. Ал жүк тасымалдау көлемі де шамамен 11%-ға өсті. Биыл алғашқы жартыжылдықта 550,8 миллион тонна жүк тасымалданды, – дейді жауаптылар.
Көлік министрлігі алдағы 4 жылда көлік саласына:
• көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жетекші теміржол жұмысшы мамандары;
• асфальт төсегіш машинисті;
• жол жұмысшысы;
• экскаватор машинисті;
• әуе қозғалысын басқару және әуе навигациясымен қамтамасыз ету мамандары;
• әуежайлардың жерүсті радиоэлектрондық жабдықтарына техникалық қызмет көрсету мамандары;
• ұшуларды метеорологиялық қамтамасыз ету мамандары;
• құрылыс инженері;
• көлік нысандарын салу инженері;
• топырақпен жұмыс істеу инженері;
• техник-құрылысшы;
• моторист-машинисті;
• лебедка мотористі және өзге де жұмысшылар қажет екенін айтады.
Айта кетейік, жауаптылар транспорт саласындағы маман тапшылығын реттеу үшін Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесе жұмыс істеп жатыр. Нәтижесінде биыл еліміз бойынша көлік құрылысы саласына оқуға түсуге ниеттілер үшін мемлекеттен 770 грант бөлінді.
Естеріңізде болса, бұған дейін көлік саласы қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табысталғаны туралы жазған едік.