Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі артты

- Биыл ауыл шаруашылығы саласы тұрақты даму үстінде. Диқандарымыз 17 мың гектардан астам жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егіп, оның ішінде күріш көлемі 5,6 мың гектарды құрады. Сырдария өзеніндегі су тапшылығына байланысты күріш егісі азайғанымен, әртараптандыру бағытындағы дақылдарға ерекше назар аударылды. Жақында ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов келіп, су деңгейінің төмен болуына байланысты шаруалармен кездесіп, қажетті техникалық көмектер көрсетілетінін жеткізді. Сонымен бірге ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев ауданға арнайы келіп, Дүниежүзілік банк қаржысы есебінен салынған тұқымбақтың жұмысымен танысты. Қазіргі уақытта бұл жерде сексеуіл мен өзге де ағаш көшеттері өсіріліп, Арал теңізінің құрғаған табанына отырғызу жоспарлануда. Биылғы маусымда өнім сапасы мен көлемін арттыруға күш салынуда. Ауданнан Ресей, Беларусь, Германия, Қытай және тағы басқа елдерге 4 мың тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі, оның ішінде күріш, балық және қамыс экспортқа шығарылды. Бұл - жергілікті өнімнің сапасы мен сұранысының артқанын көрсетеді. Алдағы уақытта да ауыл шаруашылығы саласын қолдау шаралары жалғасып, жаңа жобалар жүзеге асырылады, - деді Мейрамбек Зинабдинұлы.