Қазақстанда әйелдер консультациясы бөлімшелері қайта ашылады
Қазақстанда жүкті әйелдер мен гинекологиялық аурулары бар әйелдерге арналған медициналық көмек қайта құрылымдалып, алғашқы медициналық-санитариялық көмек (МСАК) аясында қолжетімді болмақ.

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлім етті, деп жазды Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап.
Министрлік мәліметінше, еліміздің барлық өңірінде амбулаториялық деңгейде қызмет көрсететін «Әйелдер консультациясы» бөлімшелері қайта ашылып, олар бірқатар жаңа бағыттағы қызметтерді біріктірмек.
Жаңартылған құрылымда ашылатын бөлімшелер:
Ұрықты сақтау орталықтары (бір күндік клиникасы бар);
Отбасын жоспарлау орталықтары;
Жүктілікті үзу кабинеттері;
Жоғары қауіп төндіретін және экстрагениталдық аурулары (ЭГА) бар жүкті әйелдерді бақылауға арналған кабинеттер (мультидисциплинарлық топпен);
Репродуктолог және балалар гинекологының кабинеттері;
Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің аналар денсаулығын сақтау басқармасының басшысы Шәкизат Халықова жаңа бөлімшелердің емханалар базасында жұмыс істейтінін және әйелдерге кешенді көмек көрсететінін айтты.
Бұл бастама – әйелдердің денсаулығын жақсартуға, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған нақты қадам, – дейді Халықова.