Жөндеу жұмыстары жүргізілуде

Оқу жылы аяқталып, оқушылар жазғы демалысқа шығысымен мектептерде жөндеу жұмысы қыза бастайтынын жақсы білеміз. Жыл сайын жүйелі жүргізілетін үрдіс биыл да жалғасын тапты. Жоспарланған 9 мектептегі жаңғырту жұмыстары бастау алып, барлығында жүйелі жөндеу жүруде.
Солардың бірі – Әйтеке би кентінде орналасқан жарты ғасырға жуық тарихы бар Жамбыл Жабаев атындағы №234 орта мектебі. Бүгінде аталған білім ошағында күрделі жөндеу жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр. Биыл білім ордасының қабырғасы қаланғанына 45 жыл толды.
Күрделі жөндеу жүргізу үшін облыстық бюджеттен 457,1 миллион теңге бөлініп мемлекеттік сатып алу қорытындысымен бас мердігер – «Конструктив LTD» ЖШС анықталды. Келісім шарт құны 429,3 миллион теңге.
Қазіргі уақытта күрделі жөндеу жұмыстары аясында мектеп шатыры, едені, электр желісін ауыстыру, ішкі қабырғаларды сылау және қасбетін металлсайдингпен қаптау жұмыстары жүргізілуде. Күрделі жөндеу 20 тамызға дейін аяқталып, жаңа оқу жылына пайдалануға беріледі деп күтілуде.




Бұдан бөлек аудандағы 8 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұған облыстық бюджеттен 372 миллион теңгеге қаржы қаралып, бүгінгі күні жеңімпаздар анықталған. Қазіргі таңда Жанқожа батыр атындағы №70 орта мектеп ғимаратының қасбетін қапталып, Б.Әбдіразақов атындағы №88 орта мектептің спорт залы мен шеберханасы, сондай-ақ асханасы жөнделуде.
Сонымен бірге Қ.Нұрмаханов атындағы №95 орта мектеп ғимаратының терезелері, №98 орта мектептің ғимаратының кіре беріс сыртқы есіктерін ауыстырылуда. С.Сейфуллин атындағы №165 орта мектеп ғимаратының қасбеті қапталып, шатыр жабыны ауыстырылуда. Кәріз жүйесі де жаңалануда. Қ.Сәтбаев атындағы №216 орта мектеп ғимаратының терезесі мен шатыр жабыны жаңаға алмастырылуда. Сондай-ақ спорт алаңын салу жұмыстары жүргізілуде.
Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицей ғимаратының Ж блогының шатырын жабу, жылу трассасын ауыстыру да жоспарға сай жүруде. №266 мектеп-лицейде де ішінара жөндеу жүргізіліп, есіктері мен едені де жаңаланбақ.
Аудандағы білім беру нысандарына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын келешекке салынған инвестиция десек жарасады. Бұл бастама – білім беру сапасы мен оқушылардың әл-ауқатына басымдық беріп қоймай, оқу жылын сапалы, қауіпсіз және заманауи жағдайда қарсы алуға мүмкіндік берері сөзсіз.
Арайлым ЖҮСІПОВА