2026 жылғы Қысқы Олимпиада медальдарының дизайны жарияланды

2026 жылы Италияда өтетін Қысқы Олимпиада ойындарының ресми жүлделері таныстырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Турин қаласында ұйымдастырылған арнайы шара барысында Олимпиада мен Паралимпиада ойындарының медальдары көпшілікке көрсетілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, медаль дизайнында Италияның мәдени болмысы мен тарихи құндылықтары көрініс тапқан.
Әр медаль шеңбер түрінде жасалып, ортасында бос кеңістік қалдырылған. Бұл шешім спорт пен өмір арасындағы тығыз байланысты бейнелеу мақсатында таңдалған. Жүлделердің алдыңғы бетінде Олимпиада символикасы бейнеленсе, артқы жағында "Milano Cortina 2026" жазуы мен Олимпиада логотипі ойылып жазылған.
Паралимпиада жүлделерінде де осыған ұқсас үлгі сақталған, бірақ оларға Брайль шрифтімен жазу қосылған.
Айта кетейік, 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді. Спорттық жарыстар 6 ақпанда басталып, 22 ақпанға дейін жалғасады.