Газдандыру – ауылды жандандыру

Фото: ашық дереккөзден
Тонналап көмір түсіріп, таңмен таласып күлін шығарып, үйдегі температураның тұрақтылығын сақтау үшін жанталасқан Қазалы жұртшылығының біраз бейнеттен арылып, көк түтінмен алысқан шағы күн санап артта қалуда. Президенттің игі бастамасының шапағатын ауданға қарасты шалғайдағы ауылдар да сезініп, көгілдір отынға қол жеткізбек. Осы орайда ауданда жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталуды жөн деп таптық.
Бүгінде ауданның газдандыру үлесі жеке тұрғын үйлер көрсеткіші бойынша 74,7 пайызға жетіп отыр. Нақтыласақ, Әйтеке би кентінде – 9316, Қазалы қаласында – 1300, Ғ.Мұратбаев ауылында –276, Жалаңтөс батыр ауылында – 158, Үйрек ауылында – 12, Қ. Пірімов ауылында – 185, Басықара ауылында – 175, Ақтан батыр ауылында – 34 абонент газға қосылған. Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіштер алдағы уақытта әлі толығады деп күтілуде. Ол үшін Мемлекет басшысы міндеттеген межені орындауы тиіс. Сала мамандарының сөзіне сенсек, биылдың өзінде бірқатар ауылдарда бірнеше жоба жүзеге асырылмақ.
Былтыр Ақтан батыр елді мекеніндегі орамішілік газ желілерінің құрылысы басталған-ды. Ал биыл 354,081 миллион болатын аталған орамішілік газ желілерінің құрылысы аяқталды. Қазіргі таңда барлық 17,5 шақырым орта және төмен қысымды газ желілері және ГРПШ қондырғысын орнату жұмыстары толық жүргізілген. Ағымдағы жылдың наурыз айында газ желісі іске қосылып, бүгінде тұрғындар көптен күткен көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Яғни, 277 тұрғын үй газ желісін пайдалануда.
Қазалы ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі ұсынған мәліметке сенсек, құрылыс-монтаж жұмыстарын мердігер мекеме «Строительная компания Орда-Құрылыс» ЖШС-гі жүргізген. Ал авторлық қадағалаушы «ДУМ-Проект» ЖШС-гі болса, техникалық қадағалаушы «Novat Stroy» ЖШС-гі.
Аудандық құрылыс құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі ұсынған мәлімет бойынша, ауданға қарасты Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Ү.Түктібаев елді мекендеріне тартылатын газ құбырын салу жобасына жалпы құны 3 863,855 миллион теңге қаралған. Ал 2024-2025 жылдарға барлығы 2 171,728 миллион теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда 42,0 шақырым жоғары қысымды газ желісі жүргізіліп, 1 дана ГРПШ қондырғысы монтаждалған. Ал құрылыс жұмыстарын жүргізу мердігер мекеме «Отау-Строй» ЖШС-нің міндетінде. Авторлық қадағалаушы «ЮгГазПроект» ЖШС-іне тиесілі болса, техникалық қадағалауға «D & JEMPORIO» ЖШС-гі жауапты.
Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің әдіскері Кемал Сәрсембайдың айтуынша, өткен жылы жоғарыда аталған 4 ауылға газ жүргізуге жоба- сметалық құжаттарын әзірлеу үшін аудандық бюджеттен 48 700,0 мың теңге қаржы бөлініпті. Бүгінде 4 жоба әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған.
– Оның біріншісі – Ү. Түктібаев елдімекеніндегі орамішілік газ құбырын салу. Аталған жоба 2024 жылдың 18 желтоқсанында №ЕХ01-0112/24 санымен оң сараптама қорытындысы алған. Жалпы құны 361 921,417 мың теңгені құрайды. Жобаның ұзындығы 22,5 шақырым. Жанқожа батыр ауылына газ желісін тартуға 336 840,0 мың теңге жұмсалады деп жоспарланған. Ал жобаның жалпы ұзындығы 15,8 шақырымды құрайды. Бекарыстан би ауылына газ құбырын тарту құрылысына бюджеттен 594 404,0 мың теңге бөлінген. Ал жобаның ұзындығы 27,1 шақырым. Майдакөл елді мекеніне 12,9 шақырым газ құбырын тартып, көгілдір отынмен қамтуға 267 505,0 мың теңге қаражат жұмсалмақ. Жоғарыда аталған жоба бойынша 4 елді мекеннің жоба құны 1 560 670,417 мың теңге. Жалпы ұзындығы 78,3 шақырым, – дейді бөлім әдіскері Кемал Сәрсембай.
Құбыр тарту құрылысы сәтті аяқталса, жоғарыда аталған ауыл тұрғындары біраз бейнеттен арылғалы тұр. Сондай-ақ ауданның экономикалық әлеуеті мен экологиялық ахуалы да айтарлықтай алға баспақ. Тек бюджеттен бөлінген қыруар қаржы дұрыс жұмсалып, көп күткен игілік күттірмей жетсе игі...
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ