"Орта есеппен 158 648 теңге жұмсайды": Қазақстанда азық-түлік күннен күнге қымбаттап барады

Қарапайым халықтың табысы тек күнделікті тамаққа ғана жетеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бүгінде бір адам үш айда орта есеппен 158 648 теңгені тек азық-түлікке жұмсайды. Бұл ақшаның көп бөлігі ет, нан, сүт, күріш пен қарақұмық сияқты негізгі өнімдерге кетеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Статистикаға сенсек, көкөністер де қазір арзан емес. Мысалы, дүкендерде картоптың бір келісі – 396 теңгеден, ал сәбіз – 449 теңгеден бастап сатылып жатыр. Қазақстандықтар үш айда орта есеппен 312 мың теңге жұмсайды. Соның жартысы – азық-түлікке кетеді. Мысалы, етке – 48 мың, нан мен жармаға – 22 мың, сүтке – 15 522 теңге жұмсалады. Азыққа кеткен ақшадан кейін халық киім-кешек пен жиһаз алуға көп шығындалмайды.
Көкөніс бағасы да шарықтап тұр. Іріктелген картоп – 460 теңге, жуылған сәбіз – 499 теңге. Сауда комитеті мұны маусымаралық кезеңмен байланыстырады, яғни көкөністер әлі толық жиналып бітпеген. Олар өнім толық шыққанда баға түседі деп үміттеніп отыр.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Ерсайын Досымбетовтың айтуынша, қазір 123,4 мың тонна картоп, 254,9 мың тонна орамжапырақ, 31,4 мың тонна сәбіз, 12 мың тонна пияз жиналып, ішкі нарыққа жеткізілген.
Жыл басында картоп бағасы тағы қымбаттаған еді. Сол кезде үкімет тапшылықты себеп етіп, картопты сыртқа шығаруға (экспортқа) тыйым салды.
Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, экспортқа шектеу қою арқылы ішкі нарықтағы бағаны ұстап тұруға болады. Бірақ бұл ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлердің табысын азайтады, яғни олар өз өнімін сыртқа сата алмай, кірістен қағылады.
Экономика министрі Серік Жұманғарин қазіргі бағаны тұрақты деп бағалайды. Дегенмен, мамандардың айтуынша, картоп, сәбіз, пияз және қырыққабат бағасы маусымның соңына дейін төмендемеуі мүмкін.