Картоп бағасы 150 пайызға қымбаттап, 500 теңгеге жетті
Мәжіліс отырысында Ұлттық қордан алынатын қаражаттың жұмсалуы, азық-түлік бағасының шарықтап бара жатқаны талқыланды.

Мәжіліс депутаты, «АMANAT» партиясының мүшесі Елнұр Бейсенбаев елдегі өзекті мәселелерге тоқталды. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады.
Депутаттың айтуынша, 2024 жылғы республикалық бюджеттің орындалуында жүйелі проблемалар мен кемшіліктер аз емес. Президенттің қатаң ескертуіне қарамастан, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қордан бюджетті толтыру үшін 5,6 трлн теңге алынса, биыл тағы 5,3 трлн жаратылады. Яғни, 2024 жылы бюджеттің 25 проценті, 2025 жылы тағы 23 проценті Ұлттық қордан толтырылады.
Бұл қауіпті әрі оны жақын арада тоқтату мүмкін емес үрдіске айналды.
Енді бұл шығыстарды азайту өте қиын, себебі бұл еліміздегі әлеуметтік, инфрақұрылымдық міндеттерді тоқтатып қана қоймай, басқа да соққыларға әкелуі мүмкін – аксиомаға айналды.
Сонымен қатар азық-түлік бағасы да тұрақсыз. Жылда Үкімет оның небәрі 7-8 пайызға қымбаттағанын айтады. Ал шынтуайтында биыл бір ғана картоптың өзі 2,5 есеге өсіп, 500 теңге болды. Яғни, 150 пайызға күрт көтерілген. Министрліктің бағаны реттейміз деген мәлімдемесі орындалмады. Дәл қазір Магнумдағы картоптың бағасы – 550 теңгеден сатылуда. Ал үш жыл бұрын қызанақ пен қиярдың бағасы 1,5 мың теңгеден асқанда таңғалған халықтың, қазір оған еті үйреніп кетті.