Ашығудың пайдасы: жасушалық жаңару

Ашығу – адам денсаулығын жақсартуға бағытталған ежелден келе жатқан әдіс. Ертеде ата-бабаларымыз табиғи қажеттілікпен ашығуға мәжбүр болса, қазіргі таңда бұл – денені тазартып, ішкі ағзаларды сауықтыру үшін қолданылатын саналы тәжірибе.
Ғылыми зерттеулер бойынша, ашығу кезінде аутофагия үдерісі іске қосылады. Ескі немесе зақымданған жасушалардың ыдырап, орнына жаңаларының пайда болуы. Ол қартаюды баяулататын және қатерлі ісіктердің алдын алатын маңызды механизм. Ендеше соңғы кезде жаппай қолданып, трендке айналған артық салмақтан арылу тәсілінің пайдасы, негізгі түрлері мен қауіпсіз жолдары туралы қарастырып көрелік.
Дүниені дүр сілкіндірген дәлел
Молекулалық биолог Ёсинори Осуми жапон ғалымы бір күндік ашығудың пайдасы барын анықтағаны үшін Нобель сыйлығын алған. Шын мәнінде, Ёсинори Осуми марапатты 2016 жылы аутофагия механизмдерін ашып, зерттегені үшін иеленген. Ежелгі грек тілінен аударғанда аутофагос өзін-өзі жеу дегенді білдіреді. Яғни аутофагия процесінде дене жасушалық деңгейде тазартылады.
Аутофагияны өткен ғасырдың 60-жылдарында биохимик Кристиан де Дюв ашқан. Ал Ёсинори Осуми бұл процестің адам ағзасына да тән екенін дәлелдей алды. Бірақ ол адамдарда тәжірибе жасамаған. Ғалым негіз ретінде ашытқыны қолданған. Ол күрделілігі жағынан адам жасушаларына ұқсайды. Дегенмен генетика тұрғысынан онымен жұмыс істеу оңайырақ. Осуми ашытқы жасушаларында аутофагияның болатынын дәлелдеді. Содан кейін адамның бойындағы аутофагияға жауап беретін гендер тірі бір жасушалы организмдердің гендерімен бірдей екенін анықтаған. Адам ештеңе жемесе, лизосомалар қажетсіз, кейде жасушаларымыздың бөтен компоненттерін өңдейді. Нәтижесінде зақымдалған ақуыздар мен органеллалар жойылады. Қабыну процестері баяулайды.
Ашығудың қандай да болмасын ауруға қалай әсер ететінін зерттеу үшін ғалымдар жануарларда тәжірибе жүргізеді. Мәселен, Британдық деменцияны зерттеу ғылыми институтының профессоры Дэвид Рубинштейн тышқандармен не болатынын айтты. Ашығу арқылы жүйке жасушаларында ұйыған қан қалыптасытратын ақуыздарды жоюға болады. Бұл ағзаны деменцияның түрлерінен қорғауға әкелуі ықтимал. Бірақ ғалым ашығудың Альцгеймердің панацеясы бола ма, жоқ па, білмейді. Адамдарда жүргізілген зерттеулердің бірі терапевтік ашығу мен қандағы инсулин деңгейін қалыпқа келтіру арасындағы байланысты анықтады.
Тағы бір ғылыми еңбекте ашығу арқылы семіздік пен коморбидті ауруларды (бір адамның бір-бірімен байланысты созылмалы аурулары) емдеуге болатындығы жазылған.
Адам ағзасы биологиялық сағат немесе тәуліктік ырғақ бойынша өмір сүреді. Адамдарда белгілі бір уақытта мелатонин және кортизол өндіріледі. Энергия мен тәбет гормоны – кортизол – таңертең қалыптасады. Ал мелатонин тәбетті төмендетеді, ұйқышылдық тудырады. Ол кешке қалыптасады. Ырғақ циклын бұзбас үшін күндіз зиянды тағамды көп жемей, кешке артық тамақтанбау керек.
Джонс Хопкинс университетінің нейробиологы Марк Мэттсон 25 жыл бойына мерзімді ашығуды зерттеген. Негізінен ашығудың жолдары көп. Адам стресске төзімді болады. Қандағы қант деңгейі қалыпқа келеді, қан қысымы төмендейді. Дей тұрғанмен ғалымдар әлі де болса, тамақтан бас тартудың қалай жұмыс істейтінін және оның адамдарға қаншалықты пайдалы екенін толық анықтаған жоқ. Сонымен қатар қарапайым адамдардың көпшілігі ұзақ уақыт бойы берілген режимді өздігінен ұстана алмайды.
Мерзімді, аралық немесе басқа ашығуды бастамас бұрын дәрігермен кеңескен жөн. Ұзақ уақыт бойы тамақтанбау денсаулыққа кері әсер етуі ықтимал.
Денені тазарту, артық салмақтан арылу
Ашығу барысында ас қорыту жүйесі тынығады. Бұл кезде ағза өзінің ішкі ресурстарын қолданып, жиналған токсиндер мен қалдықтардан арылуға мүмкіндік алады.
Ашығу кезінде ағза энергияны сақтау үшін май қорларын жұмсай бастайды. Бұл – табиғи салмақ тастау әдісі. Сонымен қатар дұрыс орындалған ашығу метаболизмді жақсартып, инсулин деңгейін тұрақтандырады.
Бұған қоса ақыл-ойды жетілдіреді. Ашығу кезінде зейін мен ойлау қабілеті артады. Ашығу барысында миға артық салмақ түсіретін ас қорыту процесі тоқтағанынан және энергияның басқа бағыттарға жұмсалуынан болады.
– Ашығу арқылы ағзаны сауықтыру пайдалы. Қазір адамдар осы әдіске жиі жүгінеді. Бұл сауықтырудың ежелден келе жатқан бір жолы. Бұған Ибн Сина, Гиппократ, Әл-Фарабидің еңбектеріндегі жазбалары дәлел.
Ғылым, технология дамыған заманда ғалымдар зерттеуді тереңдете түсті. ХІХ ғасырда Еуропа ғалымдары ашығудың пайдалы екенін дәлелдеген. ХХІ ғасырда жапон ғалымы Ёсинори Осуми өз зерттеуінде ашығу нәтижесінде пайда болатын аутофагияның маңызын дәлелдеп, Нобель сыйлығын алды. Рас, қазіргі кезде ашығудың түрі көп, – дейді гастроэнтеролог Сағындық Рысмағанбетов.
Ашығудың негізгі түрлеріне: интервалды (Intermittent Fasting) мен бір күндік және ұзақ мерзімді, сондай-ақ діни ашығу енеді.
Интервалды ашығу кең таралған әдіс – 16/8 жүйесі. Яғни 16 сағат бойы ас ішпей, 8 сағат ішінде тамақтанады. Бұл режим ағзаға үйренуге жеңіл әрі тиімді.
Бір күндігі аптасына 1 немесе 2 күн тек су ішіп ашығу. Денені жеңілдетіп, ішкі ағзалардың қызметін қалпына келтіреді.
Ұзақ мерзімді – 3, 5, тіпті 10 күнге дейінгі ашығу түрі. Аталмыш әдісті тек тәжірибелі маманның бақылауымен жүргізу керек. Ұзақ ашығу – ішкі ағзаларды терең тазартатын мықты әдіс.
Діни ашығу мақсаты – рухани тазару. Мысалы: Ораза (Рамазан) – күн шыққаннан күн батқанға дейін тамақ пен сусын ішпеу. Христиан, буддист, иудей діндерінде де ораза түрлері бар.
Қауіпсіздік шарттары
Медициналық кеңес: созылмалы аурулары бар адамдар үшін ашығу қауіпті болуы мүмкін. Міндетті түрде дәрігермен кеңесу керек.
Суды жеткілікті мөлшерде ішкен абзал. Ашығу кезінде ағзаға сұйықтық жетіспей қалуы неғайбыл. Таза су, шөп шайлары пайдалы.
Психологиялық дайындық та қажет. Ашығу – тек физикалық емес, менталды күш те талап етеді.
Аштықтан дұрыс шыға білген жөн. Ол үшін ашығуды күрт тоқтатпай, жеңіл тамақтармен біртіндеп қайта тамақтануға көшу қажет.
Тобықтай түйіннің шешімі, ашығу – денсаулыққа пайдалы. Бірақ мұқият тәсілді талап ететін тәжірибе. Пайдалы білім мен дайындық арқылы тиімді әдіс денеңіз бен рухыңызды жаңартады. Ең бастысы – ағзаны бақылап, асықпай тәжірибе жасаған дұрыс дегенді алға тартады мамандар.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА