Қазақстанда жеңілдетілген лизингті қаржыландыру көлемі ұлғаяды
Министрлік 2028 жылға дейін техника паркін жаңарту деңгейін 9%-ға жеткізуді жоспарлап отыр.

Ең маңызды ынталандыру – бұл инвестициялық субсидиялау бағдарламасы, оның аясында шаруаларға сатып алынған техника құнының 15%-дан 30%-ға дейінгі бөлігі өтеледі (техниканың басымдық деңгейіне қарай). Қосымша қолдау ретінде – сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау жүзеге асырылады: басым техника бойынша 6%-ға дейін, ал қалған түрлері бойынша 15%-ға дейін. Сонымен қатар техникаға жеңілдетілген лизинг бағдарламасы да қарқынды дамып келеді, ол шаруаларға жылдық 5% мөлшерлемемен техника алуға мүмкіндік береді.
2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, республикада 139 мың трактор, 31 мың комбайн, 5,6 мың егіс кешені, 71 мың тұқым сепкіш және 141 мың топырақ өңдейтін құрал бар. 2024 жылы техника паркін жаңарту деңгейі 5,5%-ды құрап, 2023 жылғы көрсеткіштен (4,5%) айтарлықтай жоғары болды. 2025 жылға арналған міндет – жаңарту деңгейін 6,5%-ға дейін жеткізу. Жалпы алғанда, ауыл шаруашылығы техникасы паркін технологиялық тұрғыдан заманауи деңгейде ұстау үшін жаңарту көрсеткішін 8-10%-ға дейін жеткізу қажет.
Министрлік 2028 жылға дейін техника паркін жаңарту деңгейін 9%-ға жеткізуді жоспарлап отыр. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдетілген лизингі бағдарламасын қаржыландыру көлемін 450 млрд теңгеге дейін арттыру жоспарланған.
2017 жылы небәрі 8,5 мың бірлік техника сатып алынған болса, 2024 жылдың қорытындысы бойынша, олардың саны 22,1 мың бірлікке жетіп, көрсеткіш 2,5 есе артқан.
2025 жылы «Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы аясында 250 млрд теңге бөлініп, шамамен 6 мың бірлік техника сатып алынады. 24 ақпаннан бастап – өтінімдер қабылдау басталған күннен бері «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ға 3 555 өтініш келіп түсті, олардың жалпы сомасы – 129,2 млрд теңге. Қазірдің өзінде 2 400 шарт жасалып, жалпы құны 85,7 млрд теңге болатын 4 580 бірлік техника жеткізу жоспарланған.
Заманауи егіс кешендері ағымдағы егіс науқанына да белсенді тартылған – 5,6 мың бірлік техника дәнді дақылдар егістігінің 70%-ға дейінгі аумағын қамтиды. Бұл – John Deere, CLASS, RSM секілді жетекші жаһандық брендтердің техникасы. Олар дәл егіншіліктің заманауи жүйелерімен жабдықталған: GPS, автопилоттар, тұқымды, тыңайтқыш пен гербицидті дәл себу жүйелері.
Егіс жұмыстары үшін маңызды фактор – жанар-жағармай материалдарымен (ЖЖМ) үздіксіз қамтамасыз ету. 2025 жылы егіс жұмыстарына 401 мың тонна дизель отыны бөлінді. 2024 жылы – 376,4 мың тонна. Ауыл шаруашылығы өндірушілерінен барлығы шамамен 17 мың өтінім келіп түсті. Бағаны реттеу шараларының арқасында дизель отынының соңғы бағасы литріне 254 теңгені құрады – бұл нарықтық бағадан 15-20% төмен (АЗС-те – 301-307 теңге/литр).