Құрбан айт - мұсылмандықты бекемдейтін мейрам
Бисмилләһир-Рахманир-Рахим! Әрбір мұсылман баласының жүрегіне қуаныш ұялатар ұлық мерекелердің бірі – Құрбан айт. Бұл күн – хақ дініміз Исламдағы мейірім мен мұсылмандықтың, мойынсұнушылық пен Аллаға деген шынайы ықыластың көрінісі.
Құрбан айт – Зүл-хижжа айының оныншы күні басталып, үш күнге жалғасатын қасиетті мереке. Бұл күн – Жаратушы Иеміздің разылығы үшін құрбан шалуға бұйырған ұлық парыз орындалатын уақыт. Құрбандық – тек мал сою ғана емес, ол – тақуалықтың белгісі, мұсылманның Жаратқанға бойсұнуының жарқын айғағы.
Құрбан шалудың мәні – құр Алла разылығы үшін жақсылық жасау. Алла Тағала Құран Кәрімде:
«Олардың (құрбандық малдарының) еті де, қаны да Аллаға жетпейді. Бірақ, Оған сендердің тақуалықтарың жетеді…»
(Хаж сүресі, 37-аят)
Бұл аят – құрбан шалудың сыртқы емес, ішкі мәніне, яғни ниеттің тазалығына мән берілетінін айқындайды.
Хазрет Ибраһим (а.с.) мен Исмаил (а.с.) оқиғасы – құрбандықтың шыңы
Құрбан айттың бастауында – Хазрет Ибраһим пайғамбардың Жаратушыға деген шексіз сенімі мен құрбандыққа дайындығы жатыр. Ұлы Алла Ибраһим пайғамбарды сүйікті ұлын құрбан ету арқылы сынады. Ол бұл сынақтан мүдірмей өтіп, баласы Исмаилмен бірге Аллаға толық бойсұнды. Бұл – иманның шын мағынасы!
Міне, осы оқиға Құрбан айттың негізі ретінде мұсылман үмбетіне үлгі болып қалды. Алла ризалығы үшін мал шалу – Ибраһим (а.с.) салып кеткен жолды жалғау.
Қазақ халқы және Құрбан айт
Қазақ халқы – ежелден Ислам дінін қадір тұтқан, дін мен дәстүрді сабақтастыра білген халық. Құрбан айт – ата-бабаларымыз үшін де рухани тазару, ізгілік пен бауырмалдықтың мерекесі болған.
Құрбан айт күндері:
•Таңертең айт намазы оқылады.
•Ағайын-туыс, көрші-қолаң бір-бірімен құшақтасып, амандасып, мерекелік дастархан жайылады.
•Құрбандық еті үшке бөлініп, бір бөлігі мұқтаждарға таратылады, бір бөлігі қонақтарға беріліп, бір бөлігі отбасыға қалдырылады.
Бұл – жомарттық, қайырымдылық, ынтымақ пен берекенің айқын көрінісі. Қазақтың “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” деген сөзі де осы ұлық күндерде орындалып, ел ішінде татулық пен ауызбіршілік нығая түседі.
Құрбан айт – тек мейрам емес, мүміннің рухани жетілу кезеңі
Құрбан айт – пенденің шүкірлігі артып, бойында бауырмалдық пен рақымдылық оянатын ерекше күн. Бұл күн – әр мұсылманға тәубеге келіп, амалын түзететін мүмкіндік.
Құрбан айтта:
•Жетім мен жесірдің жағдайын сұрау – сауап.
•Мұқтажға қол ұшын беру – Алланың разылығына себеп.
•Бір-біріне кешіріммен қарау – бауырмалдықтың белігісі.
Қорытынды: Ұлық мереке – Құрбан айт әр шаңыраққа береке мен мереке әкелсін! Құрбандығымыз қабыл, ниетіміз таза болсын! Алла Тағала баршамыздың отбасымызға амандық, елімізге тыныштық, жұртымызға тұтастық нәсіп етсін!
Айт құтты болсын, ағайын!
Жаратушы Ием барша құрбандықтарымызды, шынайы ниетімізді қабыл еткей!
Нәби Нұрдәулет,
орталық «Жанқожа батыр» имамы,
Қазалы ауданының бас имамы