Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Оқушының жазғы демалысы қауіпсіз болуға тиіс

Оқушының жазғы демалысы қауіпсіз болуға тиіс

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
egemen.kz Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында оқу жылының аяқталуы мен балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері қаралды. Тиісті министрлік басшылары дайындық шаралары туралы есеп берді.

Басты міндет – жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Биылғы оқу жылын 3,9 млн оқушы аяқтағалы отыр. Бастауыш сыныпты – 391 мың, негізгі мектепті 364 мың бала тәмамдайды. Мектепті бітірушілер саны – 217 мың. Алтын белгіге үміткер саны 5%-ды құрайды.

«Оқу жылын «Білімім – Отаныма» атты бірыңғай сынып сағаттарын өткізумен аяқтау жоспарланған. Педагогикалық кеңестің шешіміне қарай мектеп түлектеріне арналған «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты іс-шараны 23-24 мамырда өткізу ұсынылды. Аттестаттарды табыстау рәсімі 18-20 маусым аралығына белгіленді», деген Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Министрдің айтуынша, колледждерде 550 мыңнан астам студент оқыды, 173 мыңы оқуын аяқтайды, оның 123 мыңы жұмысшы біліктілігі бойынша, ал 27 мыңы дуалды оқыту аясында білім алды. 10 мың студент кәсіпорындардың мақсатты тапсырысы бойынша бітірді. Жыл сайын колледж түлектерін жұмысқа орналастыру көрсеткіші өсіп жатыр. Өткен жылы түлектердің 81%-ы жұмыспен қамтылған.

«Биыл мектептерде алғаш рет «кәсіби бағдарлаушы» лауазымы ресми бекітілді. 905 жоғары сынып оқушысы жалпы білім туралы аттестатпен қатар, жұмысшы біліктілігінің дипломын алады. 2,5 млн оқушы кәсіби бағдарлаушы шараларына тартылды. Студенттердің тұрмыс жағдайын жақсарту үшін 2 мың орынға арналған 8 жатақхана пайдалануға берілді. Бизнес өкілдері 8 мыңнан астам білім бағдарламасын әзірлеуге қатысты», деді Ғ.Бейсембаев.

Балалардың жазғы демалысы 9 мемлекеттік органның бірлескен жоспары аясында ұйымдастырылып жатыр. Осы мақсатта республикалық және өңірлік штабтар құрылды. Каникул кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақыты мен еңбекпен қамтылуын ұйымдастыруға бірыңғай әдістемелік әзірленді. Өңірлермен бірге барлық демалыс орталығының тізімі жасалып, дайындығы республикалық штаб отырыстарында қаралды.

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұловтың айтуынша, қазір жоғары оқу орындарында 680 мыңнан астам студент оқиды, оның 624 500-і бакалавриатта, 39 200-і магистратурада, 7 600-і докторантурада және 8 900-і резидентурада білім алып жүр. Педагогикада – 48 428, бизнес, басқару және құқық – 24 666, инженерлік ғылым – 24 320, ақпараттық-коммуникациялық технология – 13 393, денсаулық сақтау – 10 300 және ауыл шаруашылығы – 1 776 студент. Биылғы түлектер саны – 177 586 адам.

«Студенттерді жұмысқа тарту шеңберінде 30 мыңнан астам студентті қамтитын «Жасыл ел» жобасы мен құрылыс отрядтары іске асырылады. Сондай-ақ 140 мыңға жуық студент оқу және өндірістік тәжірибеден өтеді. Айта кету керек, кәсіптік практикадан өту кезінде білім алушы белгілі бір еңбек міндеттерін орындайды, олар білім алушының еңбек өтіліне есептеледі», деді вице-министр.

Балалар демалатын орындарда санитарлық норма, тамақ қауіпсіздігі талабы, сондай-ақ суда, орманды жерлер мен спорт нысандарында қауіпсіздік ережелерін сақтауға бақылау күшейтілген. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «Жаздық жолдама» жобасы шеңберінде 10 мың бала тегін демалуға мүмкіндік алады. Оның қатарында – халықтың әлеуметтік осал тобынан және ауылдық жердегі көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға басымдық беріледі.

«Міндет айқын. Барлық емтиханды, ұлттық бірыңғай тестілеуді, балалардың жазғы демалысы мен сауықтыру шараларын жоғары деңгейде ұйымдастыру керек. Тестілеу мен емтихан кезінде, «соңғы қоңырау» және мектеп бітіру кешінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аудару қажет. Өйткені дәл осы кезеңде түрлі келеңсіз жағдайлардың қаупі арта түседі», деген Олжас Бектенов ата-аналар мектеп бітіру кешінде, жазғы демалыста балаларды қараусыз қалдырмау керек екенін атап өтті.

Оның айтуынша, ата-ананың аялы алақаны мен мейірімі баланың жанын жақсылыққа бөлейді. Олардың бойындағы адамгершілік негіздері, қоғамдық ортадағы іс-әрекеті мен отаншылдық қасиеттерінің барлығы, бірінші кезекте отбасында қалыптасады.

«Ешқандай министрлік ата-ана қамқорлығы мен тәрбиесін алмастыра алмайды. Еліміздің лайықты азаматтарын тәрбиелеу – мемлекет пен қоғамның бірлескен үлкен еңбегінің жемісі. Сондықтан саналы, білімді әрі нағыз отаншыл азаматтарды қалыптастыруда күш-жігерімізді нығайта түсейік дегім келеді», деді Үкімет басшысы.

Өз кезегінде, мемлекеттік органдар балалардың жазғы демалысы мен сауықтыру шараларын жақсы өткізуге қажетті жағдай жасағаны жөн. Бірде-бір бала назардан тыс қалмауға тиіс. Көпбалалы, аз қамтылған және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларды қолдауға басымдық берілгені абзал.

«Әкімдер балалар лагерінің ашылу мен олардың санитарлық-эпидемиологиялық, өртке, терроризмге қарсы қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін жеке бақылауға алсын. Денсаулық сақтау министрлігі жазғы каникул кезінде балалардың тамақтануына тұрақты санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды қамтамасыз етсін. Төтенше жағдайлар министрлігі әкімдіктермен бірлесіп су айдындары мен бассейндерде құтқару жабдықтарының болуын тексеріп, персоналды суда және өрт кезінде балаларды құтқару дағдыларына оқытуы қажет», деді О.Бектенов.

Премьер-министр Ішкі істер министрлігіне қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету үшін әрбір балалар орталығы мен лагеріне, көпшілік іс-шаралар өтетін орындарға учаскелік полиция инспекторларын бекітуді тапсырды. Балалардың жол-көлік жарақатының профилактикасы мәселесіне ерекше назар аудару керек екенін де назарға алды.

Жалпы, мүдделі мемлекеттік органдар жазғы маусым алдында су айдындарында, ормандар мен жолдардағы қауіпсіздік пен тәртіп ережелері бойынша кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізетінін айтқан Үкімет басшысы, бірқатар маңызды мәселеге назар аударатынын жеткізді.

«Бірінші, өңір әкімдіктері мен Оқу-ағарту министрлігі Мемлекет басшысының сауықтыру лагерьлері мен балалардың инновациялық шығармашылығы орталықтарын салу туралы тапсырмасын орындау қарқынын жеделдетуге тиіс. Барлық объектілер белгіленген мерзімде тапсырылуы керек. Екінші, Туризм министрлігі балалардың тарихи-мәдени мұра насандарына, танымал туристік аймақтарға баруы үшін әкімдіктердің өңіраралық өзара іс-қимылын үйлестірсін. Батыс өңіріндегі балаларға еліміздің шығыс аймақтарын көріп-білу қызықты болмақ. Ал оңтүстік облыстардағы оқушылардың солтүстік аймақтар мен керісінше саяхаттап баруын ұйымдастырған ләзім. Балалар еліміздің көрікті жерлері мен бай мәдени мұрасын танып-білгені абзал. Мәдениет министрлігі жазғы демалыс кезінде балалардың музейлерге, театрларға, қорықтарға, ұлттық парктерге тегін баруын қамтамасыз етсін. Үшінші, Еңбек министрлігі мен әкімдіктер жұмыс істеуге ниет білдірген оқушылар мен студенттерді уақытша жұмыс орындарымен қамтамасыз ету шараларын қабылдасын. Бұл ретте олардың еңбек құқықтары сақталуға тиіс», деді Премьер-министр.
21 мамыр 2025 ж. 135 0

Менің әжем

21 мамыр 2025 ж. 90

Бала көңілдің бағбаны

21 мамыр 2025 ж. 109

Өнерде жоқ шекара

21 мамыр 2025 ж. 30

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031