«Жаздық жолдама» жобасы аясында 10 мың бала тегін демалады

Қазақстан Үкіметі отырысының бүгінгі күн тәртібінде оқу жылының аяқталуы және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері қаралып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Санаулы күндерден кейін Қазақстанда 2024-2025 оқу жылы аяқталады. Биылғы оқу жылын 3,9 млн-нан астам оқушы аяқтайды.
Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқу жылының аяқталуы және осыған байланысты еліміз бойынша жоспарланған іс-шаралар туралы баяндады.
«Биылғы оқу жылын 3,9 млн оқушы аяқтағалы отыр. Оның ішінде бастауыш сыныпты – 391 мың, негізгі мектепті – 364 мың бала бітіреді. Мектеп бітірушілер саны – 217 мың. “Алтын белгіге” үміткерлер саны алдыңғы жылдардағыдай 5%-дан аспайды», – деді министр.
Оның айтуынша, оқу жылын «Білім – Отаным» бірыңғай сынып сағаттарын өткізумен аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар педагогикалық кеңестің шешімі бойынша мектеп түлектеріне арналған «Мектебім, саған мың алғыс!» 23 немесе 24 мамырға жоспарланған. Аттестаттарды тапсыру салтанатты рәсімі 18-20 маусымға белгіленді. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 9 және 11 сынып түлектерінің қорытынды емтихандары 29 мамырдан 16 маусымға дейінгі аралықта өткізіледі.
Жазғы демалыс және бос уақыт: 2025 жылы 3,2 млн оқушы бағдарламалармен қамтылады.
Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жазғы демалыс кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру шаралары туралы баяндады.
«Еліміздің 10 мыңнан аса демалыс орнында 3,2 млн бала жазғы каникулын өткізеді. Оның 15 мыңнан астамы – жыл бойғы сауықтыру орталықтарында, 186 мың бала – қала маңындағы, 2,8 млн бала – мектеп жанындағы, 160 мың бала – шатырлы және киіз үй демалыс орындарында демалады», – деп атап өтті министр.
Оның айтуынша, өңірлермен бірлесіп барлық демалыс орталықтарының тізімі бекітіліп, олардың дайындығы республикалық штаб отырыстарында қаралды. Санитарлық нормалардың, тамақ қауіпсіздігі талаптарының, сондай-ақ судағы, ормандағы және спорт объектілеріндегі қауіпсіздік ережелерінің сақталуына бақылау күшейтілді. Әлеуметтік осал санаттағы балаларға ерекше назар аударылады.
«Қазақстан халқына» қорының қолдауымен «Жаздық жолдама» жобасы аясында 10 мың бала тегін демалуға мүмкіндік алады. Көпбалалы және ауылдық отбасылардан шыққан балаларға басымдық беріледі.
Жазғы демалысты мазмұнды ұйымдастыру мақсатында министрлік 120 мың ұйымдастырушы-педагогті даярлады. Қосымша 12 мыңнан астам студенттер мен еріктілер тартылатын болады.
Өңірлер инфрақұрылымда да, жазғы демалыс мазмұнында да оң өзгерістерді көрсетуде:
Түркістан облысында қамтуды кеңейту үшін 10 лагерде модульдік корпустар салынуда;
Шығыс Қазақстан облысында «Қонақжай отбасы» жобасы жалғасуда – биыл алты елді мекеннен 62 отбасы қатысып, 140 балаға арналған демалыс ұйымдастырылады;
Ақтөбе облысында және басқа да бірқатар өңірлерде Жұмысшы мамандықтары жылы аясында колледждер жанындағы лагерлерде оқушылар шеберлік сыныптары мен кәсіптік бағдар беру сессияларына қатысады. Балалардың бос уақытын ұйымдастыру бағытында жазғы еңбек, туристік, шығармашылық, интеллектуалдық іс-шаралармен 3,4 млн бала қамтылады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.