Қай министрліктер қаржыны игере алмай отыр

Мәжілісте Үкімет пен Жоғары аудиториялық палатаның 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі тыңдалып жатыр. Депутат Дания Еспаева биыл қаржыны игере алмай отырған министрліктерді атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше,квазимемлекеттік сектор қызметінде бюджетке тәуелді болу, айтарлықтай борыштық міндеттемелер сияқты проблемалар үнемі болады.
2024 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 92 млрд теңге игерілмеген. Биыл Қаржы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Көлік министрліктерінде игерілмеген қаржы көлемі жоғары болды, олардың әрқайсысы 20 млрд теңгеден артық игермеген, - деді Еспаева.
Жоғары аудиторлық палатаның есебіне сәйкес, 2024 жылы шығыстар құрылымында халықты әлеуметтік қолдауға, мемлекеттік қарызға қызмет көрсету мен өңірлерге қаржылық көмек беруге шығыстар көбірек жұмсалған.
Көріп отырғанымыздай, мұндай шығыстар құрылымы ел экономикасын дамытуға бағытталмаған. 2024 жылы жоғарыда аталған проблемаларға барлық бөлім бойынша (салықтық, салықтық емес, трансферттер) бюджеттің кіріс бөлігінің орындалмауы және соның салдарынан бюджеттен жеткіліксіз қаржыландырылу (шамамен 422 млрд. теңге) проблемасы да қосылды, - дейді ол.