
Фото: Рixabay.com
Отандық синоптиктер мессенджерлерде тарап жатқан "биыл жазда елімізде 60 жылда бір қайталанатын аптап ыстық болатыны" туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Олар халықты жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды, деп жазады stopfake.kz.
WhatsApp мессенджерінде тараған видеода биыл Қазақстанда аптап ыстық болады делінген. Хабарламаға сай, мұндай құбылыс 60 жылда бір рет қайталанады-мыс. Сонымен бірге ғалымдар Еуропа тұрғындарын ауа температурасы 40-50 градусқа дейін көтеріледі деп ескерткені және Қазақстан, Ресей, Украина және Беларусь елдерінде де осындай жағдай орын алатыны айтылады. Бұл - ескі фейк.
Қазақстанды аптап ыстық болатыны туралы хабарлама жыл сайын таралады. Басылым бұл туралы ақпаратты 2023 және 2024 жылдары жоққа шығарған.
"Қазгидромет" РМК баспасөз қызметі биыл тараған ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.
"Қазақстанда аномальды ыстық болатыны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Интернеттегі күмәнді дереккөздерге емес, тек ресми ақпаратқа сенуді ғана сұраймыз", – деп хабарлады "Қазгидромет" РМК баспасөз қызметі.