Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қолы – шипа, сөзі – дәру

Қолы – шипа, сөзі – дәру

Адам баласының саулығы – мемлекет ұстанып отырған ең маңызды саясаттың бірі. Кез келген басы ауырып, балтыры сыздаған жан ақхалаттылардың алдына дертіне дәру, жанына шипа іздеп барады. Ондай кезде қолы шипалы дәрігердің мейірімді жүзі мен жылы сөзі адамның санасында дертті жеңуге деген сенім ұялатады.
Күндізгі стационар – бұл тәулік бойы дәрігердің бақылауын қажет етпейтін науқастарға арналған ем. Ал тағайындалған процедураларды үйде жүргізу мүмкін емес. Сондықтан науқастар мұнда күндіз келеді. Қажетті процедураларды алады, демалады, үйге немесе жұмысқа оралады. Күндізгі стационар жағдайында емдеу әдеттегі тәртіпті сақтай отырып, белсенді өмір салтын жүргізуге мүмкіндік береді. Мұндағы жалпы дәрігерлер – стационарда (ауруханада) және амбулаториялық жағдайда жұмыс істейтін алғашқы медициналық көмек дәрігерлері саналады.
Бүгінде Қазалы теміржол ауруханасына қарасты учаске бойынша 21500 халық тіркеуде бар. Тіркеудегі адамның бірі сырқаттанса, оның ем-домын жасауға Гүлзат Сейтнесипова барын салады. Ол алғаш еңбек жолын 2015 жылдан бастап, Қазалы теміржол емханасында аймақтық дәрігер ретінде бастады. Сегізжылдық тәжірибеден соң емхана жанындағы күндізгі стационарға ауысады. Мұнымен қоса өндірістік терапевт болып қызмет етеді. ТД-23 жұмысшыларының өндірістік және туу жасындағы әйелдерге жауапты дәрігері болып қосымша жұмыс істейді. Олардың жылдық медқарауы мен предгравидарлық дайындығын қарап, аймақтық дәрігерлермен бірлесе емдеу-сауықтандыру жұмыстарын бақылайды.
Күндізгі стационарда науқастарды ауруханаға жатқызбай, бірақ күндізгі уақытта ем алуға мүмкіндік беретін режимде қабылдайды.
Гүлзат Есетбайқызының айтуынша, ол сырқаттанушыларды қабылдап, ауру тарихын жинайды. Шағымдарын тыңдап, физикальды қарап-тексереді. Яғни қан қысымын өлшеп, жүрек соғысын, өкпенің тыныс алу жолдарын бақылайды. Диагноз қою кезінде қан, зәр, УДЗ, рентген, ЭКГ, басқа да зерттеу нәтижелеріне сүйеніп, ем тағайындайды. Тамыр ішілік, бұлшықет ішілік инъекциялар ұсынысын шығарады. Дәрі-дәрмекпен емдейді. Қажет жағдайда физиотерапия жазады. Диета, күн тәртібі мен емнің тиімділігін бақылауға алады. Күн сайынғы жалпы жағдайын тексереді. Анықталған өзгерістерді есепке алады.
– Күнделікті жұмыс барысында 20-30 адамға дейін қабылдайтын кез болады. Сондайда кейбірде науқастың денсаулық жағдайына қарай емдеу жоспарына түзету енгізуге тура келеді. Бұдан бөлек медициналық құжаттарды жүргіземін. Медкарта, ем парағы, тағайындау парағын толтырып, ем нәтижесін құжат бетіне түсіремін. Ал ем нәтижелі аяқталған соң қайта тексеруден өткіземін. Кей жағдайда арнайы ұсынымдар беремін. Келушілерге үй жағдайындағы ем алуды немесе алдын алу шараларын жазып беремін. Қажет болғанда басқа маманға жолдаймын, – дейді Гүлзат Есетбайқызы.
Талапшыл дәрігердің қазіргі қызмет ететін контингентіне хроникалық аурулары барлар мен қайталанатын сырқаты бар пациенттер енеді. Ол Қарағанды медицина университетінде білікті ұстаздардан тәлім алған 7 жылдық ілімінің нәтижесінде талай науқасқа көмек қолын созып келеді. Жауапты жастың алдына келіп, кеңес алатын қаншама науқас риясыз ризашылығын жеткізуден жалықпайды.
– Біздің дәрігеріміз өте білімді әрі жұмысына тиянақты. Сонысымен тұрғындар арасында жоғары бағаланады. Қай кезде хабарлассаң да, қабақ шытпай, бар кеңесін береді. Ем-домын жазады. Қажетті жолдаманы лезде дайындауға әзір тұрады. Сонысымен халыққа сыйлы. Сол себепті де оның кәсібіне әрдайым береке тілейміз, – дейді Гүлнар Сапаралиева.
Стационарлық дәрігер ретінде Гүлзатқа қойылатын негізгі лауазымдық талаптар халықтың денсаулығын сақтау жөнiндегi заңдардың, денсаулық сақтауды ұйымдастырудың негіздерін, неғұрлым кең тараған ауруларға профилактика жасауды, диагноз қоюды, емдеудi және пациенттердi оңалтуды жүргізу міндеттелген.
– Міндетті диспансеризация бойынша әр ауру жыл сайын медициналық тексеруден өтеді. Оларға лабораториялық-инструментальды зерттеулер жүргізіледі. Сала мамандарынан консультация алады.
Профилактикалык шараларда аурудың алдын алу бағытында жыл сайын медициналық тексерулер тағайындаймыз. Жасына сай скринингтен өтеді, жасөспірімдердің жылдық және туар жасындагы әйелдерді карау жұмыстары өтеді, – дейді дәрігер.
Оның мәлімдеуінше, тұрғындар артериалды гипертензия, жүректің ишемиялық ауруы жүрек-қантамыр жүйесі және қант диабеті бойынша тіркелген. Бұдан басқа тыныс алу жолдарының аурулары, бронх демікпесі, созылмалы бронхобструктивті, тері мен зәр шығару жүйесінің дерттері де бар. Созылмалы пиклонефрит, созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі Б аурулары, ревматоидты полиартрит, артроз-артриттер, онкологиялык аурулар бойынша да ем алатындар бар.
Осындай өз ісінің маманы тұрғындардың денсаулығын түзетуде сүбелі үлес қосуда. Содан да болар қазалылықтар оған ақ батасын беруге құштар. Ақхалаты талдырмаш денесіне жарасып тұрған Гүлзаттың еңбегі алдағы уақытта да жемісті болары сөзсіз.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
10 мамыр 2025 ж. 52 0

Тілегіміз – бейбіт күн

10 мамыр 2025 ж. 52

Ардагерлер ардақталды

10 мамыр 2025 ж. 56

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031