Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегі – шежіре, ерлігі – дастан

Еңбегі – шежіре, ерлігі – дастан

«Қарты бар елдің – қазынасы бар» деген мақалды естігенде, ойыма үнемі осы кісі оралады. Дария – кеуде, тау – мүсін тұлға еңбек пен ерліктің жарқын үлгісі. Ұрпағына ұлағаты, ғибратты өнегесі бар Өмірзақ Ахметұлын көпшілік руханият жаршысы ретінде таниды. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Қазалы ауданның құрметті азаматы, Ұлы Отан соғысының ардагері Өмірзақ Ахметов туралы жазуды жөн санадық.

Журналистік жол-сапармен бірнеше рет қадірменді қарияның өнегесін тыңдауға мүмкіндік алғаным бар. Талай елге танымал, тіл саласында бірнеше мақтау-марапатқа ие болған, ғылыми ізденіспен шұғылданған азаматтарды кездестірсем де, дәл осы Қазалыда тұрған қазыналы жанның жан дүниесіндей тереңдікті олардан сезіне алмағаным жасырын емес.
Әр жолғы сәлемнің сәті түрлі. Өзінің мағынасы бар. Бір рет айтылған сөз екінші қайтара қайталанбайды. Кейде қайталау үшін сұрақ қойсаң да, кейбір қаруластары сияқты өзі туралы оқиғаларды жаңғыртып, өзгертіп, түрендіру табиғатында жоқ. Әйтпесе нұқыл жұртты тура жолға бағыттайтын өшпес мұралар жазған шежірешіге қилыны қиыстыру қиынға соқпасы анық. Қазақтың шежіресі, мол фольклоры, ерлік дастанын жіпке тізгендей тізбелейтін оның сөзін тоқтатқың келмейді. Тыңдаған үстіне тыңдай, сұраған үстіне сұрай бергің келеді. Жастық шығар, барлығын көкейіңе ұялатқандай күй кешкенімен, кейіннен сол кездесулердің қандай құнды екенін бағамдайтын ақыл ол кезде болмағаны өкінішпен түсіндік. «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» деген осы шығар.
Алайда майдангер соғыс тақырыбы туралы айтуға ықылас танытпайтын. Тіпті бір сұқбатында: «Соғыстың аты өшсін, одан өзге де айтуға тұрарлық дүние жеткілікті ғой», – деп күрсінгені бар. Мұнысы бейбіт күннің қадірін білетін сұрапыл күннің куәгерінің кейінгі ұл-қызға сондай сәттің туғанын қаламағаннан болса керек.
Айбынды Арал алабында дүниеге келген жігіт те өзгелер сынды соғыстың алғашқы жылдарында ел қорғауға сұранады.
Жауапты, зейінді, ыждақаттылығы арқасында әскери қимылға тез машықтанады. Аз уақытта жауынгерлердің алдыңғы легінен көрінеді.
1942 жылдың қарашасында Өмірзақ Ахметовтің ротасының қарсыласпен кескілеске соғысқа түседі. Арпалысқандарына аптадан асса да, жау бекінісі бекем. Бұларға небәрі 200-250 қадам қашықтықта орналасқан. Қынадай қырылған сарбаздар қатары сәт санап қалыңдап келеді. Күн де күңіренгендей әлісін-әлсін жауындатып қоя береді. Жауынгерлердің малмандай болған киімдерді кептіруіне мұрашасы жоқ. Қарашаның ызғары, су киім қозғалған сайын өкпесін қариды.
Жоспар құру, қимылды ойланып, іске асыруға уақыт жоқ. Төбеден қарша бораған фашистер оғы жарқылы қараңғы түнді жарқыратып жіберген. Сәл мүдірсең, нысаға алынасың. Осындай сәттің бірінде сержант Ахметов бұлар тасаланған орынға қарай жер бауырлап келе жатқан бірнеше солдатарды аңғарады. Шамасы жағдайды бақылап жүрсе керек. Өмірзақ бұйырықты күтпестен, автоматымен ата бастайды. Бір топ немістердің алдында келе жатқандары өлім құшса, соңғы жағындағылар кері қарай қаша жөнеледі. Айналада тыныштық орнайды.
Өмірзақтың батылдығын байқаған батальон командирі ұзамай өзіне шақырып алып, өзгелерге үлгі етеді. Кездесуде командир оған қысқа мерзімді офицерлер дайындайтын курсқа баруды тапсырады.
Курсты үздік бітірген Өмірзақ кіші лейтенант шенін алып шығады.
Харьков қаласындағы Батыс майданының штабына бет бұрады. Бұл кезде біздің әскерилерді немістердің жан-жақты қаруланған қос бригадасы күйретіп жатады.
Офицерлер 130 шақырым қашықтықтағы Ново-Вольшанск қаласына баруға бұйрық алады.
Харьковка жеткенінде, немістің 15-20 атқыш ұшағы қаланы бомбалау үстінде екен. Бұған маңыз беруінде мән бар еді. Қаладада үлкен өндіріс ошақтары шоғырланған, халық тығыз орналасқан.
Немістердің әскери көліктері мен қалың қолы әп-сәтте бұларды да қоршап алады.
Өздерінің мүмкіндіктері қарсыластарынан әлдеқайда аз болса да Кеңес әскерлері ашық айқасқа түседі. Бірнеше күндік соғыстан соң, жау шебін бұзылады.
Шығын аз болмайды. Сол кезде өзімен бірге білім алған 27 офицердің 3-уі ғана аман қалады.
Украина майданында ротаның командирі болып жүріп Өмірзақ талай қиын кезді басынан кешіреді. Кеудесіне қарыған снаряд жарқыншағынан госпитальда емделген соң, жағдайы қиын деген ұйғарымға қарамастан, қаруын қолына қайта алады.
Польша мен Кеңес одағының арасында орналасқан Батыс Буг өзенінің бойындағы сұрапылда бірнеше жыл бұрын дайындалған бекіністерін бұзуға атсалысады. Лбюлин қаласындағы үлкен концлагерьдегі мыңдаған тұтқындарды азат ету операциясына қатысады.
Аяусыз азаптың құрбандарын Германдықтар итке талатып өлтіргені, темір пешке салып топтап өртегені, адамның майын техниканы жөндеуге пайдаланғаны сияқты жан түршігер көріністер көз алдарынан өтіп жатады. Бұлардың міндеттері – қалған тұтқындарды құрықтан құтқару.
Командирі Өмірзақ Ахметов өздерінің қатарына қосылған екі солдатқа сенім білдіріп, мүмкіндік береді. Бұл ұстанымға қарсы шыққандар көп болады. Алайда Ахметовтің түйсігі алдамай, арада жарты сағат өткенде қос солдат фашистің 17 автоматшысын алдарына әкеледі. Ұтымды қимылға сүйсінген комбаттың Ө.Ахметовті «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынғанымен, Өмірзаққа ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені беріледі
Олардың взводы Одесса, Днестр өзені, Украинаның «Сүт» өзені Бессарабия, Донбас, Польшаны азат етуге атсалысады.
Батальон командирі, гвардия майоры шенінде 1944 жылы 14 қарашада мүгедек деп танылып, Қызыл Армия қатарынан босатылады.
Туған еліне оралысымен, Қазалы, Арал аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, колхоз басқармасының орынбасары, кеңшардағы партия комитетінің хатшысы, кооперацияның төрағасы, ірі құрылыс мекемесінің кадр бөлімінің бастығы жауапты жұмыстарын атқарады. Теміржол саласына да тер төгеді.
«Ұлы Отан соғысының I-II дәрежелі» ордені, «Ерлігі үшін» медалі, Жеңістің 60 жылдығы құрметіне «Құрмет» ордені, Елбасының «Алғыс хатын» алып, «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атанады.
Ғылыми атағы жоқ демесең, «Сыр елінде жинақталған қазақтың шежіресі», «Көсемдік пен шешендік», «Жанқожа батыр», «Билер сөзі», «Аталық дастан» сынды білдей белгілі кітаптары мен кенен мұрасы соңында қалған шежіресінің тарихқа қосқан үлесі де орасан.
1992 жылы қараша айында Алматы қаласында өткен Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайына шақырылып, бата бергенде, сол кездегі Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Мынадай батагөй ақсақалдарың бар, Сыр елі күшті ғой» деп ризашылық танытса, 1993 жылы Алматы қаласында Қазалы ауданының мәдениеті мен өнер күндері өткенде, белгілі режиссер, ғалым Асқар Тоқпанов «Қазақта Сіздей терең білетін адамдар әлі де бар екен ғой», – деп марқаяды.
Қайсар қария 2015 жылы қайтыс болады.
Көпті көрген, көкейіне көпті ұялатқан жанның еңбегі – шежіре, ерлігі – дастан.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
04 мамыр 2025 ж. 79 0

Тәттіден табыс тапқан

03 мамыр 2025 ж. 83

Әуезді ән әуелеген

03 мамыр 2025 ж. 81

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031