Орташа жылдамдықты бақылауға алғаннан кейін жол апаты азайды – ҚазАвтоЖол

"ҚазАвтоЖол" компаниясы орташа жылдамдықты бақылау жүйесі енгізілгеннен кейін жол апаты 8 процентке азайғанын хабарлады.
Биыл 17 наурыздан бастап республикалық маңызы бар жолдарда орташа жылдамдықты бақылау жүйесі енгізілген болатын. Арнайы камералар көліктің жүріп өткен қашықтығын уақытқа бөлу арқылы орташа жылдамдығын есептей алады.
"2025 жылдың 17 наурызынан 24 сәуіріне дейінгі аралықта жүргізілген талдаудың нәтижесі бойынша камералар орнатылған жол учаскелерінде жол апатының саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8%-ға төмендегені анықталды. Сонымен қатар жарақат алғандардың саны 29%-ға азайды. Бұл жол қозғалысы қауіпсіздігінің артқанын көрсетеді", - дейді компания мамандары.
Орташа жылдамдықты бақылау жүйесі жүргізушілердің тәртібіне оң әсерін тигізіп отыр. Олар белгіленген жылдамдықты сақтай бастады.
Айта кетері, жаңа жүйе бірнеше жол учаскесінде іске қосылған болатын. Олар:
1.Астана – Щучинск (жылдамдық шектеуі 140 км/сағ);
2.Астана – Павлодар (жылдамдық шектеуі 140 км/сағ);
3.Шымкент – Қызылорда (жылдамдық шектеуі 110 км/сағ);
4.Шымкент – Тараз (жылдамдық шектеуі 110 км/сағ);
5.Павлодар – Семей – Қалбатау (жылдамдық шектеуі 100–110 км/сағ);
6.Орал – Ресей шекарасы (Саратов бағыты) (жылдамдық шектеуі 100 км/сағ);
7.Павлодар – Ресей шекарасы (Омбы бағыты) (жылдамдық шектеуі 100–110 км/сағ).