Үкімет резервінен 5 млрд теңге бөлінді: бұл қайда жұмсалады?
Қызылорда қаласында ыстық сумен жабдықтау жұмыстарын жүргізу үшін Үкімет резервінен 5 млрд теңге бөлінді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Бүгінде Қызылорда қаласы – орталықтандырылған ыстық сумен жабдықтау жүйесі жоқ республикадағы жалғыз облыс орталығы. Қаладағы көпқабатты үйлер электр жылыту немесе газ жылыту құрылғылары арқылы ыстық сумен қамтамасыз етіледі. Бұл төтенше жағдайларға әкеп соғуы мүмкін.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 10 қазанда өңірге жұмыс сапары барысында қаланы 2025 жылдың соңына дейін орталықтандырылған ыстық сумен қамтамасыз ету мәселесін шешуді тапсырған болатын.
"Жалпы құны 26,2 млрд теңге болатын бұл жобаны екі кезең бойынша жүзеге асыру жоспарланған. Бірінші кезеңде, 2024 жылы 187 тұрғын үйді су жүйесімен қамту жұмыстары басталса, екінші кезеңде, биыл 236 тұрғын үй су жүйесіне қосылады. 2024 жылы бірінші кезеңге Үкімет резервінен 11 млрд теңгеден аса қаражат бағытталды. Бұл қаулы негізінде Үкімет резервінен бөлінген 5 млрд теңге биыл екінші кезеңнің бірінші кезектегі жұмыстары үшін пайдаланылады", - деп жазылған хабарламада.
Үкімет мәліметінше, жобаны жүзеге асыру нәтижесінде Қызылорда қаласының 423 көпқабатты тұрғын үйі орталықтандырылған ыстық сумен жабдықтау жүйесіне қосылмақ.