Зейнетақы жинағын пайдаланғысы келетіндерге жағымды жаңалық
Қаражатты мақсатты пайдалану әлі де екі бағытты қамтып отыр

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов айтты.
Ол Мәжілістегі жиыннан кейін журналистердің бірқатар сауалына жауап берген. Вице-министрдің сөзінше, қазақстандықтарға зейнетақы қорында жиналған қаржыны шешіп алуға тыйым салу жоспары жоқ.
– Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу механизмі бірнеше жыл бұрын Мемлекет басшысының тапсырмасымен енгізілді және қазір күшінде. Бүгінде ол екі бағытты қамтиды – тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу үшін пайдалану. Зейнетақы жинақтарының негізгі мақсаты – қартайған шақта табысты алмастыратын тиісті коэффициентпен қамтамасыз ету. Сондықтан, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) қаражатты тиімді инвестициялау және ынтымақты әрі базалық зейнетақы төлемдерінің тиімділігін арттыруға бағытталған параметрлік өзгерістер енгізу шаралары қабылданып жатыр, – деді ол.
Сонымен қатар, Ақмәди Сарбасов бұған дейін туындаған қаражатты мақсатты пайдалану, емдеуге жұмсалатын шығындар мәселесімен Денсаулық сақтау министрлігі айналысып жатқанын жеткізді.
– Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда, алайда белгіленген параметрлер аясында ешқандай шектеулер енгізу жоспарда жоқ, – деп нақтылады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі.