Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өтеу һәм өтіл

Өтеу һәм өтіл

Соңғы кездері мемлекеттік грант пен квотада білім алған бакалавриат, магистрант, докторанттарға ақыны қайтару жөнінде хабарлама келіп жатқандығы туралы жаңалықты жиі естіп жүрміз. Норманың енгізілуіне не себеп? Мемлекет алдында борышкерлерді кім анықтауда? Хабарламалар кімге, қандай жағдайда жолданады?

Талап, тәртіп
Мектеп бітірген барлық түлектің ата-анасы баласының мемлекеттік грант немесе квота иегері болғанын қалайды. Жүйе бойынша білім алушының оқу шығынын мемлекет өтейді. Ал қандай жағдайда гранттар ақысы қайтарылады?
Қазақстанда мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша педагогикалық, медициналық, ветеринария және ауылшаруашылық мамандықтары бойынша түлектерге грант иелену мүмкіндігі бар. Ал қызметті өтеу мерзімі оқу орнын бітіргеннен кейінгі 3 жылдан кем емес уақытты құрайды.
Бұл туралы «Білім туралы» Қазақстан Рес­публикасы заңының 47-бабы 17-тармағында көзделген. Онда жұмысты өтеу жөніндегі міндетті тиісінше орындау үшін жас маман жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімді аяқтағаннан кейін мемлекеттік білім беру ұйымында кемінде үш жыл жұмыс істеуге не тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелуге міндетті екендігі көрсетілген. Тармақта өтеу орындамаған жағдайда білім алған жас өзінің оқуына байланысты бюджет қаражаты есебінен кеткен шығындарды республикалық бюджетке қайтарады.
Алты санат үшін грант бойынша үш жылдық немесе екі жылдық міндетті жұмыспен қайтару көзделген. Талап төмендегі мамандықтарға тән.
Олардың алғашқысы – педагогикалық, медициналық, ветеринариялық және ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша квотамен оқуға түскендер болса, екінші, педагогикалық, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандығына «Серпін» бағдарламасымен оқуға түскен ауыл жастары жатады.
Сондай-ақ педагогикалық және медици­налық мамандық бойынша оқыған студенттер, бейіні докторлық бағдарлама бойынша білім алушылар, философия докторлары бағдарламасы бойынша оқыған докто­ранттар да бар.

Үш жылдық мерзім
қалай есептеледі?
«Қаржы орталығы» акционерлік қоғамы­ның ұсынған мәліметтеріне үңілдік.
Грантты өтеуге берілген уақыт – 3 жыл, яғни 36 айды құрайды. Жалпы оқу жылы – 4 жыл. Студенттің ақылы оқыған уақыты – 30 ай, ал грантта оқыған уақыты – 18 ай (қалған бір жарым жыл) болса, оның грантта оқыған мерзімін жалпы оқу жылына бөліп, шыққан сан грантты өтеу мерзімі 36-ға көбейтіледі. Барлығы 13,5 ай. Осылайша, түлек бір жарым жыл грантта оқыған уақытты 13,5 ай жұмыс істеу арқылы өтейді.
2016 жылы қабылданған ҚР«Білім туралы» заңына 2021 жылы өзгерістер енгізіліп, заң талаптары жеңілдетілді. Бұдан кейін түлектер грантты мамандық бойынша тек мемлекеттік ұйымдарда ғана емес, жекеменшік мекемелерде де өтей алуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ грант иегерін дайындауға кеткен шығындарды өтейтін норма қолданысқа енгізілді.

Жұмысқа жіберу жайы қалай жүзеге асады?
Жас мамандарды жұмысқа жіберу ісін жоғары оқу орындарындағы комиссиялар, салалық уәкілетті органдар жүзеге асырады. Олар жыл сайын 1 шілдеге дейін хаттама шешімімен оқуды тәмәмдаған түлектердің саны, мамандығы, мекен жайы, оқу тілі, көрсетілген тізімді облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне жолдайды.
Жүйе бойынша жұмыс іздеуші ретінде тіркелген жас маманға сол жерден жұмыс табылмаса, басқа өңірлерге жұмысқа орналасуы­на болады.
Өзінің тәжірибесінде бірнеше рет осындай жағдайға жолыққан адвокат Ержан Болатбек жұмыс табуға мүмкіндік болмай жатса, сол тұрғылықты жерге жұмыссыз ретінде тіркеліп, ай сайын создыруға кеңес береді. Бұл уақыт жұмыс іздеушінің еңбекпен өтеуіне кіреді. Үш жыл үзіліссіз тіркеуде болған жұмыс іздеуші жұмыспен өтеу міндеті толық орындалған болып есептелетінін ескертеді.

Айып арқалатқан артықшылық
Осыдан төрт жыл бұрын Қыздар педагогикалық универсиетін бітірген Ботаның мамандығы – балабақша тәрбиешісі. Ата-анасына «салмақ түсірмей», тегін оқу мүмкіндігіне ие болған шәкірт сол кезде қалай қатты қуанса, бүгінде өкініште. Осы уақыт аралығында отбасын құрып, екі баланы дүниеге әкелген келіншек өзінің грант алғаны үшін қайтарым жасау керектігі туралы хабары болмай, сырттай екі рет сот үкімі шыққанын айтады. Сома көлемі де ұлғайып кеткен.
Айгерім Еуразия ұлттық университетін филология бакалавры мамандығы бойынша бітірген. Ол да өзінің ауыл квотасы бойынша оқуға түскенінен бейхабар болып шықты.
Туған жерінде жұмықа орналаса алмаған соң амалсыз облыс орталығында, басқа саладан тұрақты жұмыс тапқан.
«Оқу бітіргеніме 3 жыл толатын кезде хабарласып, өз мамандығым бойынша жұмыс істеп жатқаным туралы сұрады. Жағдайды айтып едім, жұмыс табуыма 10 күн уақыт берді. Әрине, берілген қысқа мерзімде жұмыс табылмады. Артынша айыппұл төлейтінім жазылған ескертпе келді. Сотқа жүгініп, адвокат жалдап едім, бәрібір төлеуім керек деп шешті. Бірақ ізденгенім жөн болған. Жұмыссыздыққа тіркелген уақытымнан төлем уақытын қысқартып берді. Бұл бастапқы сомаға қарағанда аздау. Қазір айлық табысымның 50 процентін ұстап тұрады», – дейді бізбен әңгімесінде.

Ақыны төлемеуге болады
Мемлекеттік грантпен оқыған студент­тердің қатарында грантты өтеуден босатылатындар да бар.
ҚР Оқу ағарту министрлігі сайтындағы мәліметіне жүгінсек, мынандай жағдайда түлектер ақыны төлемеуіне немесе уақытша төлемеуіне рұқсат етілген.
Бірінші және негізгі жағдай – ақысы толығымен төленген жағдайда.
Екіншіден, тұрғылықты жерде, жұмыс орнында немесе жұбайы қызмет ететін мекенде мамандығы бойынша бос жұмыс орны табылмаса, мүмкіндік қарастырылған.
Денсаулығына байланысты I және II топтағы мүгедектігі бар маман ақы төлемеуіне болады.
Бакалаврлық білімді жалғастырып, грант негізінде магистратура, докторантура немесе резидентураға оқуға түскен жағдайда, ақыдан босатылады.
Аяғы ауыр әйелдерге сол мерзімге ақыны төлемеуіне жағдай жасалған.
Баласы үш жасқа толмаған аналар да уақытша босатылады.
Мемлекеттік грантты өтеу міндеттелмейтін әлеуметтік жағдай – үш жасқа дейінгі бір немесе бірнеше баланы өзі тәрбиелеп отырған жалғызбасты тұлғалар.
Егер студент ақылы оқудан грантқа ауысса, тегін оқыған жылдарының мерзімі есептеледі.
Баласы Тұрар грантпен білім алып, әскерге шақырылған Гүлбарам Жәлиеваның алаңы туралы мамандардан сұрап білдік.
«Түлек мерзімді қызметке түссе немесе әскерге шақырылса, жұмысты өтеу мерзіміне қызметті өтеу уақыты қосылмай, кейінге қалдырылады. Ал жұмыссыз адам еңбек биржасына тіркеліп, сол арқылы грантты өтеу есебіне кіреді», – дейді заңгер Айгүл Нұрбақыт.
Тағы бір ескерерлік жайт, грантты өтеу түлектің оқуды бітірген жылының жұмысқа тұру уақытынан бастап есептеледі. Егер студент оқи жүріп, қосымша жұмыс істесе, бұл грантты өтеу мерзіміне саналмайды екен.
Ауыл квотасы бойынша білім алып, ауылға қызмет етіп жүргенінде, өзге жерлерге жұмыс ауыстырған жас тағайындалған гранттың талаптарына сәйкес келсе, «Қаржы орталығы» АҚ-ға тиісті құжаттарын ұсынуы арқылы жалғастыруына болады.
Қазақстанның Жастар ақпарат қызметі жадынамасында грант бойынша жұмысты өтеуге мәжбүрлесе не істеу керектігі айтылған.
1. Оқуды бастамас бұрын, келісімшартқа қол қоярда, оны мұқият оқып шығу қажет.
Егер студент грантты аяқтағысы келмесе, оқу басталғанша одан бас тартуына болады. Ол өтініш арқылы жүзеге асады.
2. Талапкер қабылдау кезінде келісім-шарт алмаса, оның көшірмесін әкімшіліктен сұрауы тиіс.
Оқу кезінде грант алушы тиісті келісімге қол қойып, диплом алғаннан кейін қысқартылған тәжірибеден өтуі міндеттелген.
Әртүрлі жағдаймен жоғары оқу орнынан студент шығарылса, мемлекет оның грантта оқу шығындарына сәйкес келетін соманы өндіріп ала алады.
3. Университетті бітірген жылы 1 қыркүйекке дейін ЖОО түлегі мамандығы бойынша жұмысқа орналаспаса, «Қаржы орталығы» АҚ тіркеу мекенжайы бойынша хабарлама жіберілуін қадағалау керек.
Хабарламада екі нұсқа ұсынылған. Олар: сотқа жүгіну және гранттың өтелуіне қарсылық білдіру немесе хабарламада көрсетілген күнге дейін мамандық бойынша жұмысқа орналасуы тиіс.

Жұмыссыз адам қаржыны
қайдан табады?
«Кеңестік Одақ тұсын көрген біздер әлі сол келмеске кеткен күндердің жақсы жүйесін аңсаймыз. Ол тұста маман диплом алып келді екен, жолдамамен жұмыс да­йын тұрады. Мемлекет грант текке ақыны шашу емес, кадрлар дайындау, ел дамуына мүдделесуге тоғысуы керек. Өтеу мен өтіл бір-біріне сай келмейді.
Мемлекет грантты өтеуді талап етсе, онда жастардың жұмыс табуына жәрдемдесуі керек», – дейді еңбек ардагері Кәмалия Жақып.
«Кіші балам техникалық мамандық бо­йынша грантқа түскен. Екі курстан кейін тастап кетті. Енді сол қаржыны өтеу туралы хабарлама келді. Не алған толық білімі жоқ, не жұмысы жоқ, зейнетақымнан төлеп отырмын. Әйтеуір тегін оқуға түсуге баланы мәжбүрлеп, өзіміз де олар оқуға түспесе «көштен қалғандай» күй кешеміз. Аналық ақылым, ұл-қызыңызды өзі ұнататын мамандықтан басқа арнаға бұрмаңыз. Грантқа түсіп, жұмыс істемей, отбасы қаржыға салмақ салып жүргендер қаншама. Бағдарламада қателік жоқ. Әр нәрсенің өтемі болуы керек. Мемлекет жасаған мүмкіндікті дұрыс жаққа қарай бағыттауымыз керек», – дейдің Дариға Есенғарақызы.
2024 жылға дейін үш жүз мыңға жуық қазақстандық білім грантының иегері атанды. Оның ішінде жас мамандардың 29 проценті өтеуден босатылса, 116 мың немесе 39 проценті жұмысқа тұрған. 22 проценті жұмыс таппаса, 26 мың адам мемлекеттік грантты толығымен өтеп үлгерген. Үш мыңға жуығы мемлекетке шығындарды өтеген. Сандардың тағы қалай өзгеретіні уақыт еншісінде...

Дайындаған
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА

04 наурыз 2025 ж. 159 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31