Жайың қалай, жұмысшы?

Сұраныс пен ұсыныс
Жұмысшылар алғаш қай кезде пайда болғанын тап басып айту қиын. Белгілісі, адам адам болып жаратылғалы, сонау алғашқы қауымның өзінде тіршілік етіп, жан бағу, бала-шаға, туыстарын асырау үшін сол ортадағы мүмкіндікке лайықты бейімделіп, жұмыс істегені белгілі. Одан кейінгі құл иеленушілік туралы түсінік өз алдына тақырып. Қандай да уақыт бедерін бейнелейтін естеліктер, байлық пен мұраттың белгісі еңбек арқылы ғана жүзеге асқаны әмбеге аян. Ал жұмысшының культ дәрежесіне көтерілуіне XX ғасыр себепкер болды. Ал ғасырдың екінші жартысында ғылыми-техникалық үдеріс қарқынмен дамып, дүниежүзінің көптеген елдері мен шаруашылық салаларын қамтыған тұста өндіргіш күштерге қажеттілік туындады. Өмір сүру салтын дамудың жаңа сатысына көтерілуіне себепші болған қарқын жаңа қолданысқа енген, өмірге келген өнімдер мен қызмет түрлеріне сұраныс көбейгенде, жұмысшыларға деген ұсыныс та ұлғайды.
Бұл кезеңге жан-жақты ауқымдылық, жаңа техникалық өзгерістердің жеделдеуі, өндірістің қажетті салалардың қарқындауы тән белгілер болды. Сондықтан мамандардың біліктілік мен қабілеттілігіне жоғары талаптар қойылды.
Қазіргі таңда жұмысшы толық түсінікке ие ұғым. Анықтамасына зер салсақ, кәсіпорынның материалдық құндылықтар жасаумен және өндірістік қызметтер көрсетумен, жүк тасымалдаумен тікелей айналысатын жұмыскері. Олар өндірістік үдеріске қатысу сипатына қарай негізгі жұмысшы және көмекші жұмысшы болып бөлінеді.
Жапондық жаңашылдық
Ғылыми техикалық революция шикізат қорысыз-ақ дамуға болатынын ұғындырды. Мәселен, минералды шикізат пен отынның 9/10 бөлігін шалғай елдерден тасымалдайтын, шағын аралдарды тұрып-ақ жоғары дамыған елге айналған жапондық жаңашылдық көпке үлгі.
Азияның бұл мемлекетінің алға адымдауында жауапкершілік пен тәртіптілік те тұтқа. Мұнда бір минут пойыздың кешігуі – заң бұзушылық. Бір жолы жапондық компания 25 секундқа кешігіп келгені үшін кешірім сұрап, жолаушыларға билеттің толық ақысын қайтарып берген. Елдегі компаниялар қиын жағдайға ұшыраса, алдымен оның президентінің жалақысын қысқартады екен.
Жапониядағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен айналысатын университеттер саны жарты миллионға жуықтайды. Мұндай жолға қойылған «білім беру – ғылым – өндіріс» жоғары үштағаны тәжірибесі нәтижелілігін көрсетуде. Ғылым мен техниканың мүмкіндігі арқылы алға озған АҚШ пен Германияны да атауға болады.
Сингапурда әлеуметтік қамсыздндыру желісі жақсы жолға қойылғандықтан, кедей адамдар жоқ. Қарапайым жұмысшының жұмысына кепілдік беріледі. Жергілікті тұрғындар халықтың 5000000-ы ғана. Жұмыспен қамту деңгейі 100 процент. Медицинаға ақы төлемейді. Кез келген Сингапур тұрғыны үймен қамтамасыз етіледі. Мұндағы тегін тұрғын үй саясаты әлемдегі басқа ел көпшілігінен жоғары.
Жұмысшылар күніне 6 сағат қана жұмыс істейтін, жылына 140-тан артық демалыс алатын жаңа Зеландияда жан басына шаққандағы өнім 40 000 доллардан асса да, дамыған ел.
1966 жылы мұнай табылғанда, оның сарқылатынын ұғынып, қам жасаған Дубайдың бүгінгі беталысы ешкімді бейжай қалдырмайды.
Әрбір үш адамның екеуінің 2 000 000 доллардан асатын активтері бар ел – Монако. Миллионер тұрғындардың бірнеше люкс яхта, ең қымбат үйлері бірнеше қымбат көліктері бар елдің бай болуының негізгі себебінің бірі – елде байлық пен мүлікке салынатын салықтың жоқтығы немесе өте төмендігі.
Санаттағылар санағы
«Қазақстанда 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялау туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жарлыққа қол қойды. Жылы жаңалық жұртшылықты қуантты. Жұмысшы мамандықтарды дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болып қалыптасу идеясын насихаттауды көздеген бастама маңыздылығын арттырып, жастарды қажетті бағдарға бағыттап, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрларды даярлауды мақсат етуде», – дейді сарапшы Әділ Мұхамеджанұлы.
Ұлттық статистика бюросының дерегі елімізде еңбекке қабілетті қазақстандықтар қатары шамамен 9,6 миллионды құрап отырғанын көрсетуде. Олардың 2 миллион 300 мыңы жұмысшы мамандығы бойынша жұмыс істейді.
Жалпы жұмысшы деген кім? Оларға кімдер жататыны туралы зерттедік.
Қазақстанда құрылыс және өндіріс саласы монтаждаушы, шебер, тас қалаушы, дәнекерлеуші, слесарлар, электрик, жабдық операторлары, құрылыс бригадирлер, штукатурлар секілді құрылысты жұмысшылар болса, қосымша сантехник, трубопроводшы, қонақ үй қызметкерлері, кондитер, аспаз секілді қызмет көрсету саласы мамандары да бар.
Жүк көліктері, автобус, такси, электровоз, пойыз, әуе көліктерін жүргізушілер тасымалдау қызметін атқарады.
Кенші, темірші, металл өңдеуші, тракторшы, жер өңдеуші, өсімдік өсіруші, мал дәрігері, малшы сынды ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы, балық аулаушы, тамақ өнеркәсібі, су транспортының жұмысшылары, энергетика және коммуналдық қызметтер, электрмонтаждаушы, жылу жүйелерін, газ және су жүйелері жөндеуші, электр қуатын өндірушілер мен тарату, су және жылу энергетикасының операторлары, сауда қызметіндегі сатушы, кассир, дүкен қызметкері, курьерлер жатады.
Жұмысшыларға қоғамның тең құқықты мүшесі ретінде көзқарас әлі дұрыс еместігін алға тартады Жұлдыз Сүлейменова.
«Нақты жұмысшы маманға деген өмір сапасы бекімеген. Мәселен, Еуропа локомотивінің біріне айналып отырған Германияда слесарь 800 сағатқа дейін жұмыс істеп, қалаған мамандық иесі бола алады. Айлық жалақы сағатқа екшіленіп, төленеді. Сондықтан өмір сүру сапасы жақсы», – дейді депутат. Халық қалаулысы сондай-ақ мінберде техникалық персоналдардың әлеуметтік кепілдеме, сауықтыру төлемін жақсарту, 24 еңбек демалысын 30 күнге созу туралы ұсынысын жеткізуде.
««Жастар жұмысшыларды жақтырмайды» деген біржақты пікір», – дейді психолог Лиля Арзахметова.
«Мәселе жоқ деуге болмайды. Біз себеппен емес, салдармен күресуіміз керек. Оған әсер етуші бірнеше факторды атауға болады.
Мысалы, баланың қарапайым жұмыстан жеруіне әлеуметтік теңсіздік себепкер болуы мүмкін. Ата-ана өзі жетістікке жетпей отырып: «Сабақты жақсы оқы. Оқымасаң, қоқыс тазалайсың, еден жуасың», – дейді. Балада визуалды түрде сол мамандыққа деген жиіркеніш оянады. Сабақты жақсы оқи алмағандықтан, өзін кінәлап, құнсыздандыра түседі.
Сондай-ақ өндірісте, жұмыста болатын келеңсіздікті үйге келіп айту, жұмыс беруші туралы орынды-орынсыз көзқарасты ашық жеткізу де жасөспірім психикасына күш салады.
Ақша – мүмкіндіктерге жол ашатын құрал. Ал оған ақыл мен физикалық күш керек. Көбірек баланы өзгемен салыстырмай, бойында бар қабілеттерін шыңдап, өмірді қабылдау дағдысын қиындатпай, дұрыс жұмыс істеу маңызды, – дейді ол.
Қажеттілік пен қам
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында 2025 жылы бөлінген жалпы квота саны еліміздегі жұмыс күшінің 0,2 процент мөлшерінде белгілендігін айтады. Бірінші санат бойынша 649 рұқсат берілмек. Олар басшы және олардың орынбасарлары. Құрылымдық бөлімшелердің басшыларына 3254 рұқсат, мамандар мен білікті жұмысшылар санаттарына 5 718 және 1 161 бірлік, маусымдық жұмыстарға 4 097 адамға дейін жұмыс күші тартылуы мүмкіндігін айтады. Келесі дерек 2025 жылы үй шаруашылықтарында жұмыс істеу мақсатында еңбек көшіп келушілерді тартуға арналған квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 3 процент мөлшерінде белгіленгендігін көрсетіп отыр.
«Шақырылмаған қонақтарды» жарылқайтынымыз тағы бар.
Ал шетелде жұмыс істеп, отаны, отбасынан жырақта жүрген жандар жайлы нақты санатты статистер айта алмайды.
Ресми деректерге жүгінсек, 2024 жылғы 9 197 мың адам жұмыспен қамтылған. Олардың 7 047,8 мыңы, яғни 76,6 проценті жалдамалы қызметкер, 2149,2 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған. 15 және одан жоғары жастағы халыққа шаққандағы жұмыспен қамту деңгейі 65 процент.
Халықтың жұмыспен қамтылуы бойынша Қазақстан Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,6 процент деп көрсетілген.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында тіркелген жұмыссыздардың үлесі 2025 жылғы қаңтар айының соңында жұмыс күшінің 2,9 процентін құраған.
Науқаншылдық
шара деңгейінде қалмаса
Тақырып аясында қарапайым жұртшылықтың да пікірін қаперге алуды жөн санадық.
«Шет ел асып, үйін асырап жүрген қандастарымыздың қатары жыл санап қалыңдауда. Бұл үдеріс үдей берсе, қиындыққа тап боламыз. Мемлекетке оларды тоқтататын, ынталандыратын амал табу керек», – деп бастады әңгімесін еңбек ардагері Кеңес Нұрқасымұлы. Еңбек ардагерін өзге елде заңсыз жұмыс істеп жүріп, алаяқтарға алданып, мүддесін қорғай алмай жүрген жағдайы мұңайтады.
– Барлығына жұмыссыздық кедергі. Биылғы жылдың жұмысшылар жылы деп аталуы осы олқылықпен күресуге жол ашады деп үміттенемін. Жұмысшыларға неген насихат та кемшін.
Қазір 6-шы санаттағы дәнекерлеуші деген маман тапшы. Олар көбіне шетелде шыңдалады. Сондай-ақ АЭС-ке қатысты түсіндіру жұмыстары да басталды да, басылып қалды. Жастар ертеңіне, жұмыс бар екеніне сенуі керек. Менің айтарым, атаулы жыл науқаншылық шара деңгейінде қалып қоймай, сеңнің бұзылуына септессе,– дейді ол.
Масылдық санадан
арылған жоқпыз
«Қимылдаған қыр асады» дейді бабаларымыз. Қазір жұмыс жоқ деу қисынсыз. Барлық елде жұмыспен қамту мемлекет тарапынан 100 процент шешілген деген жоқ. Дені сау, мүмкіндігі бар адамға, жұмыс көп. Бір емес, бірнеше жұмыс істеуге болады. Кәсіп ашамын десең мархабат, мемлекет өзі оқытып, бизнес жоспар дайындап, кепілге сол алынған затты алып, несие береді. Бұдан артық не керек? «Ауыл аманаты» деген бағдарламамен ең төмен мөлшерлемемен несие беріп жатыр. Сондай тетікті тауып, неге жұмыс істеуге, ақша табуға ұмтылмайды екен? «Мен ел үшін не істеп жатырмын» деген түсінік, кешіріңіз, бізде мүлде жоқ. «Алма піс, аузыма түс» деп құл болуға арланбаймыз. Әйелдерінің айлық жалақысына жан бағып отырған талай жігітті білемін. Ондай үйде тізгін де көбіне келіндер қолына өтіп кетіп жатады. Күзетші болып тұрған тепсе темір үзетін жігіттерді көргенде, намыстанамын.
Еңбек пәнін енгізу керек
– Немеремнен еңбек сабағы жоғын білдім. Орнына технология мен сурет сабағы біріккен деп естідім. Жағдай онсыз да «дайын асқа тік қасық» болып үйренген толқынға кежегесі кері тартуға көмектеспей ме? Оқушыны жұмысқа жегу деген түсінік емес, ол өз кезегінде жауапкершілік пен тазалыққа, ұқыптылыққа үйрететін мақсатты пән болды. Өз миссиясын толық атқарды. Ал трактор пән болып оқытылғанда, бәрі егіске кеткен жоқ, есесіне техника тілін білуге ұмтылды. Қоғамдық жұмыстарда ауызбіршілігім артып, бауырдай бола түстік. Өз ойым еңбек пәнінің толық курсын қайтаратын уақыт жеткендігі, – дейді Ерқайрат Жақып.
Жыл басымдықтары
Жыл ішінде елімізде қолға алған шаруаның бірегейі – техникалық және кәсіби білімге басымдық беру. Бұл мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс 10 мың орынға артқан. Оның басым бөлігі техникалық мамандықтар.
Техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялауға арналған 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы қабылданды.
Өңірлерде әлемдік деңгейде беделді оқу орындарының филиалдары ашылуда. Ғалымдар шетелде машықтануға мүмкіндік алып отыр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігінің мәліметі Ұлттық кәсіби классификаторда 1274 мамандық тобы, 12 185 мамандық пен қызмет түрлері көрсетілген. Қызмет көрсету және сауда саласының қызметкерлері, шаруа қожалықтарының және ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы, балық шаруашылығы мен балық аулау жұмысшылары, өнеркәсіп, құрылыс, көлік және басқа да салалардағы жұмысшылар, өндірістік жабдық операторлары, жинақтаушылар және жүргізушілер мамандықтарын қамтуда.
Жұмысшылардың жоғары технологиялық жабдықтармен, автоматтандырылған жүйелермен жұмыс істеуіне байланысты біліктілік арттырылуда. Жаңа дағдылар мен құзыреттерді болжау үшін әкімдіктердің барлығы кәсіптердің өңірлік атласын жасауы талап етілуде. 20 өңірде жоспарлар бекітіліп, 13 министрлік жаңа кәсіпорындар құру, сапалы жұмыс орындарын ашу, жұмыскерлердің біліктілігін арттыру, кадрлар даярлауда колледждермен бірлескен жұмысты жолға қою бойынша кешенді салалық жоспар әзірленуде. Жоспар 7 бағытты қамтитын 70 тармақтан тұрады. Маңызды құжатта жаңа мамандықтар атласын дайындау, кәсіптік бағдар беру тұжырымдамасын жүзеге асыру, техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау, кәсіби білікті кадрлар даярлау, сапалы жұмыс орындарын құру, жұмысшы кадрлардың құқықтарын қамтамасыз ету, жұмысшы мамандықтарының оң имиджін қалыптастыру бойынша шаралар қамтамасыз етілуде.
Кәсіби білім беру жүйесін жетілдіру жұмыстарына маңыз берілуде. Бұл орайда кәсіби білім беру мекемелері мен кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастық жолға қойылуда.
Жыл соңына дейін кәсіпорындармен бірлесіп, ел мектептерінде 1000 бейінді сынып ашылу жоспарлануда.
Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаев «Жас маман» жобасы аясында 180 мемлекеттік колледж заманауи оқу құралдарымен жабдықталатынын жеткізді.
Жыл жаңалығының бірі – жаңадан жұмысын бастайтын Ұлттық құзыреттер орталығының құрылуы болып отыр. Орталық кәсіби құзіреттерді арттырып, жаңа технологиялық шешімдердің жүзеге асуына ықпалдасып, өндіріске енгізуге ықпал етеді деп күтілуде. Сондай-ақ аталмыш құрылым салалық курстар өткізіп, мамандар шеберлігін шыңдауға да атсалыспақ.
Жұмысшы мамандықтар жылында кәсіби маманға лайықты құрмет «Еңбек сіңірген құрылысшы», «Еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері», «Еңбек сіңірген геолог», «Еңбек сіңірген кенші» сияқты наградалардың қолдануысқа енуі сала мамандарын ынталандырмақ.
Үйсіз жұмысшы
күйсіз жұмысшы
Жұмысшы мамандықтар жылында жұрттың жанын жадыратқан жағымды жаңалықтың үлкені – жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын іске қосу болып отыр.
Қазақстандықтардың басты бас ауруының бірі де осы баспана болатын.
Өнеркәсіп, Энергетика, Көлік, Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары министрліктеріне кәсіпорындары, әкімдіктер және Отбасы банкімен бірлесіп, жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын іске қосу тетігі пысықталуда. Жүзеге асыру үшін қазынадан 72 миллиард теңге бөлініп отыр. Жеңілдетілген ипотека бағдарламасы сәтті жүзеге асса, тұрғын үй жағдайын жақсартып, өңірлердің экономикасын қолдау және ірі қалаларға мамандардың кетуін азайтады.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА