Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Абайсызда алаяққа айналма!

Абайсызда алаяққа айналма!

Соңғы жылдары цифрлық қарқын қарыштаған сайын, адамдар оның игілігімен бірге қиындығына да ұшырап үлгеруде. Қолымыздағы сматфон не өзге де қолданыс құралы арқылы сіз бір сәтте алаяққа айналып шыға келуіңіз ғажап емес. Құқықтық сауаттылық қашан да маңызды. Бүгінгі сөз ақша айналымындағы қылмыстық құрамды құрайтын дропперлер мен олардың бизнестегі қауіптілігі туралы болмақ.
Дроппер делдал ма?
«Дроппер» бұл ұрлаған ақшаны жеке банк картасы арқылы тасымалдаушы
Анық мағынаға ие болмаса да, мұндай аударымға қатысатын жандар туралы түсінік қазақстандықтарға өткен ғасырдың 90-жылдарының соңынан таныс.
Сөздікке жүгінсек, «дроопер» сөзі айналасында «Мoney-dropper» сөзіне ұшырастық. Шығу төркіні ағылшынның «құнды ақша тастайтын адам» түсінігін береді. Алғашында аталмыш анықтама «Ол адамның қолында ақша бар. Бірақ оны өз қажеттіліктері үшін жұмсамайтын» немесе «басқаларға қуаныш сыйлау үшін ешқандай себепсіз ақша тастайтын» адамдарға байланысты айтылған. Бұл терминді жағдайы жақсы, қаржылық жауапкершілігі жоғары әлеуметтік ахуалға ден қоя алатын сыйлы азаматқа қолданған.
Ал «drop» сөзінің аудармасы тастау, лақтыру етістігінен қалыптасқан.
Қаржыгер Қарлығаш Мусинаның пікіріне зер салсақ, дроппер өзгеден келген ақшаны бастапқы адамның не өзінің шешіп алуы арқылы қолма-қол түрде алатын адам анықтамасы.
Маман пікірінше, операциялар кейде банк карталары арқылы да жүзеге асады Мұндайда бакоматтармен ақша шешеді немесе толықтыруы мүмкін. Алаяқтар дроппер – делдалдарға өз карточкаларын рәсімдеп, жеке мәліметтерімен бөліскені үшін қаржылай сыйақы ұсынады. Осылай карточкалар арқылы заңсыз ақшалар түрлі бағыттарға жол тартады. Жауапкершілік қашан да карта иесінде екенін көпшілік ұғына бермейді. Оларды дәлелдеу қиынға соғады.
Қарапайым жұрт қалай дауға ілігеді?
Заңгер Бауыржан Нұқсан дроппер атану жолдары туралы тоқталды.
– Қаржылық алаяқтық жасайтын адамдар өте ақылды және адамның көңіл күйін түсінетін «психолог» болып келеді. Олар «дроптар» деп аталады. Әдетте құрыққа психикасы әлсіз, ақшаға мұқтаж немесе оңай ақша тауып, баюды көздейтін жастар не үлкендер көбірек ілігеді. Жасөпірімдер мен студенттер үлес салмағы басым. Әдетте әлеуметтік месенджерлер арқылы жарияланған аз уақытта тындыратын, жұмыс өтілі талап етпейтін жарнамаға алданады.
Мәселен, дроптар оларға жеңіл ваканцияны береді, адам тарту ұсыныстарын айтады. Банк картасының номерін айтып, келісім берген мектеп оқушысы да дропперге айналады, – дейді ол.
Қазақстанда бұған дейін шет елде отырып, телефон арқылы дропперлерді пайланып, жасөспірімдерге ақша аудартып, кейіннен қаржыны криптаға ауыстырғандар да тіркелген. Өзінің осындай әрекеті арқылы азаматтық сотта айып арқалаған жасөспірімдер жылдан- жылға көбеюде. Сондай-ақ «Каспий банк» арқылы қолма-қол ақша шешіп беретін адамдар да дроппер саналды екен.
«Іс бітті, қу кетті»
Заңгер маман құрыққа адамдар абайсызда ілігуі мүмкіндігін де жеткізді. Яғни өзінің әрекетінің заңсыз екенін аңдамай қалу немесе жеке карточкасы арқылы өзгелердің жымысқы ойын жүзеге асыру мүмкіндігі мол. Тұлғалар пайдаланғанын білмеген адам алаяқтық объектісіне айналуы мүмкін. Осылайша, дроп өзінің қылмыстық схемаға тартылғанын кейде түсіне бермейді.
«Сессия жақындаған кез. Үлкен қалада ақшасыз өмір сүру қиын. Көптен араласатын Руслан есімді танысым бір фирмада жұмыс істейтінін айтты», – деп бастады әңгімесін Әнуар Есен (аты-жөні өзгертілді).
Танысының киімі, телефоны, намаз оқитын әдеті студентке сенім ұялатқан. Бұған дейін даяшы, курер болып аз ақшамен қиын жұмысқа «жегілген» жігіт екі адамнан тұратын сұхбаттасудан өтіп, түйіндемесі бойынша жұмысқа қабылданған.
Басшылары жылдамдығы мен жауаптылығына байланысты бір аптада қызметін жоғарылатқан. Қарызға белшеден батқан Әнуар «Іс бітті, қу кетті» деп жарылқаушылардың жалтарғанын айтады. Табысқа ие боламын деп тұтылған ол өз қателігін қайталамауға кеңес береді.
Алматылық зейнеткер Айзада Нұрғаным (ата-жөні өзгертілген) банкоматтық карточкасын жоғалтқан. Екі күннен кейін өзінің атынан күрделі қаржылық аударым жүзеге асқанын естіген. Қылмыскердің сыбайласы атанған алпысты алқымдаған ана ақиқатты дәледей алмай, жауапқа тартылған.
– Каточканы жоғалтып алғаннан кейін үйде бір жерде ұмыт қалдырған болуым керек деп уақыт оздырып алдым. Кез-келген ақша алынғанда, камераға түседі деген түсінік қате. Мені пайдаланған алаяқтар телефон арқылы ойларын жүзеге асырған, – дейді ашына.
Қызылордалық Жанар Меңтай (аты-жөні өзгертілді) дропшиппинг әдісін меңгеріп, «жер сипап» қалғанын жеткізді.
– Алып-сату бағытында бірнеше жыл жұмыс істегенмін. Осыдан екі жыл бұрын қаржылық сауаттылық конкурсын сатып алып, онда жаңа, заманауи, тиімді тәсіл дропшиппинг арқылы сауда жасап, «сан соғып» қалдым. Бұл тәсілде сатушы тауарларды қоймада сақтамай, бірақ тапсырыс түскен кезде тауарларды тікелей жіберетін жеткізушімен келісім жасайды. Қолда жоқ зат туралы интернет-дүкеннің парақшасы жайлы ақпарат жариялап, тапсырыс алады, – деп түсіндірді жүйені.
Жаңашылдыққа иек артамын деп «жалаңаш» қалған Жанар көлемді белшеден батып, жолдасынан ажырасып, баспанасынан айырылған. Қарызынан құтылатын күн қашандығы туралы сұрағанымызда: «Оны тек Алла біледі. Уайымдаймын деп онкологиялық ауруға шалдықтым», – дейді көзінің жасын бұлап.
Қауіп неде? Қауқар қандай?
Қаржыгер Қарлығаш Амаловадан дроптар мен дропперлерден келетін қауіптілік туралы сұрап, кеңісіне құлақ түрдік.
– Дроптар қаржыны сіздің шотыңызға салғанда, ондағы қаражатыңыздан, өзге де мүмкіндіктеріңізден толықтай айырылуыңыз мүмкін.
Бұған дейін жасаған жұмысыңыз не бизнесіңіз болса, алаяқтық жобаларға саналып, нәтижесінде тергеуге ілгіп, айыппұл төлеп, тіпті, қылмыстық істерге де тап болуыңыз мүмкін.
Ең бастысы, беделіңізге сын. Егер сіз осындай әрекеттерге қатысқан болсаңыз, сенімнен арылып, қаржылық әрекеттерден шеттелесіз.
Не істемек керек?
Сарапшылар ұсынған тіимді тәсілдердің бірқатарын оқырманға ұсынуды жөн санадық.
Егер қызмет алушы болсаңыз, жұмыс орны туралы деректі тыңғылықты зерттеңіз. Ал жұмыс беруші болсаңыз, қарамағыңыздағы қызметкерлерді не серіктесті қабылдардан бұрын жан-жақты бақылаңыз.
Қаржылық сауаттылық, әсіресе алаяқтық амалдар туралы үнемі ізденіс пен зерттеуді естен шығармаңыз.
Қауіпті транзакциялар мен корпоративтік жүйелерге өзгенің қолдану жолын кесетін мониторинг және қорғау жүйелерін орнатып, қауіпсіздік жүйелерін пайдалану маңызды.
Басшылар қызметкерлер осындай орынсыз әрекеттерге тап болғанда, еркін хабарлай алатын сенімді орта қылыптастырып, тұрақты ішкі тексеріс жүргізуді ешқашан естен шығармау тиімдісі әрқашан дұрыс тәсіл.
Кез келген жақындарыңа, отбасыңа да оңай олжа деп мол қаржыға қызықпау, өзіңізіге және ата-анаңыз, жақындарыңызға қатысты жеке және банк карталары туралы деректерді ешкімге беруге болмайтынын айтып отыру артықтық етпейді.
Кімге хабарласу керек?
Елімізде мұндай қаржы қарақшыларын құрықтаумен тікелей айналысатын полицияның кибербөлімшелері бар.
Алаяқтық схемаларды әшкерелеп, интернетте тұрғындарды алаяқтардан қорғауды мақсат тұтатын мамандар банктермен жұмыс істейді. Күдікті транзакциялар жүргізілсе, шоттарды бұғаттауға байланысты жедел қаулы шығаруға қауқарлы.
Мұндай полицейлер ұстаған алматылық 1 миллион 200 мың теңгесінен айырылып қалған 80 жастағы кейуана көптің есінде.
Бауыржан Нұқсан ықтималдық жағдайда не істеу керектігін жеткізеді.
«Жақын туыстарыңыз бен достарыңызды, әсіресе, қарт адамдар мұндай алаяқтық туралы білуі қажет.
Сізге өзін полиция қызметкерімін деп таныстырып, өзге қоңырау шалып, ақша сұраса, асықпаңыз. Біздің әріптестердің тұрғындардан ақша сұрауға құқығы жоғын ұғыныңыз. Сұхбаттасушы жеткізген мәліметті "102" арнасында тексеріңіз.
Бейтаныс адам телефон соғып, жақыныңыз ауыр жағдайға түсіп қалғандығы жайында жеткізсе, иланбаңыз, жеке телефоны не жақындарына шығып, жағдайдың анық-қанығына көз жеткізіңіз. Әсіресе үлкен адамдар осындай жалған суыт хабарларды естігенде, абдырап, әрекетіне жауап бере алмай қалып жатады», – дейді.
Дропперлерге қандай жаза тағайындалуы мүмкін деген сауалды жолдадық.
«Қылмыстық әрекет көлеміне қарай, 1000 айлық есептік көрсеткіштен басталап айыппұл арқалатады. Мүлкі толықтай тәркіленеді ҚР Қылмыстық кодексінің «Алаяқтық» 190-бабына сәйкес, бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Жаза 5-10 жылға дейін кесіледі», – дейді Б. Нұқсан.
Сөз соңы. Жақында тәртіп сақшылары Алматы облысынан ақшаны криптовалютаға айналдырумен айналысқан ұйымдасқан дропперлер тобының қызметін құрықтады.
Белгілі болғандай, осы қылмыстық жүйеге қатысты 20-дан астам тұлғаның әрбірі бірнеше банктік шотты тұтынып, әрбір түсірмнен 1-3 процент мөлшерінде сыйақы алған.
Зерттеулер көрсеткендей, алаяқтық әрекеттердің 30 пайыздан астамы дропперлерді пайдалану арқылы жүзеге асуда. Қазақстан Республикасы Киберқылмысқа қатысты іс-қимыл департаментінің деректеріне сүйенсек, жыл басынан бері еліміз бойынша 1200-ден астам «дропперге» қатысты сот үкімі шыққан. Олардың әрекеттері әшкере болып, 1,3 миллиард теңге өндірілген. Сонымен бірге 56 қазақстандық қылмыстық схемаларға қатысып, интернет-алаяқтық жасауға көмектескені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
«Бәлен жерде пайда бар. Барсаң, бақыр да жоқ» дейді халқымыз. Оңай олжа қашан да орға жығады. Қазіргідей ақпарат ағыны дамыған кезде осындай жылтыр жарнамаға жолығып, салымсыз-ақ бизнес бастауға, тәжірибесіз жұмысқа тұруға тұрғындар тәуекел етпегендері дұрыстығын жоғарыдағы мысалдар көрсетті. Дропперлерден қауіп қашан да бар. Сақтықта қорлық жоғын ешқашан ұмытпаған жөн.
Дайындаған Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
Суретті түсірген Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
04 ақпан 2025 ж. 49 0

Еңбегі ерен ер еді

04 ақпан 2025 ж. 45

Ұстаз есімі ұлықталды

04 ақпан 2025 ж. 44

Үшінші рет үйлендім

03 ақпан 2025 ж. 79

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728