Қазақстанның Қылмыстық кодексінде жаңа бап пайда болады
Қазақстанның Қылмыстық кодексі заңсыз сыйақы беруге жауапкершілік қарастыратын жаңа баппен толықтырылады. Бұл өзгеріс сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнамалық актілерге енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар аясында қарастырылған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бүгін Мәжілісте "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" және "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобалары қаралып жатыр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұловтың айтуынша, бұл өзгерістер мен толықтырулар "Жедел-іздестіру қызметі туралы" заңға түзетулер енгізуді қарастырады.
"Заңға енгізілген түзетулердің мақсаты – бопсалау белгілері болған жағдайда заңсыз сыйақы алу деректерін анықтау үшін арнайы жедел іс-шаралар жүргізуге мүмкіндік беру. Сондай-ақ Қылмыстық кодекске жаңа 247-1-бабы қосылады, ол заңсыз сыйақы бергені үшін жауапкершілікті қарастырады", – деді Сарқұлов Мәжіліс отырысында.
Антикор төрағасының бірінші орынбасарының айтуынша, бұл өзгеріс заңсыз сыйақы алушылармен қатар, оны берушілерді де жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді.