Әлеуметтің әлеуеті артпақ
Тағы бір жылды артқа тастап, жаңа жылға қадам бастық. Өткен жылы атқарылған шаруа да, іс те ауқымды. Ал биыл не өзгерді? Көпбалалы аналарға қандай төлемдер қарастырылған? Кімдердің жалақысы өсті? Зейнетақының әу-жайы қалай? Осы және өзге де сауалдардың төңірегінде кеңінен тарқатып көрейік.
Елде биыл ең төменгі күнкөріс деңгейі – 46 228 теңге, ал АЕК мөлшері 3 692 теңгені құрайды. 1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) пен ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері өзгерді. Сәйкесінше зейнетақы, жәрдемақылар мен түрлі әлеуметтік төлемдердің де сомасы артпақ.
Информбюро порталының мәліметінше, жәрдемақы және өзге де әлеуметтік төлемдерді, айыппұл, салық және басқа да төлемдерді есептеу үшін айлық есептік көрсеткіш (АЕК) қолданылады. 2024 жылы АЕК мөлшері 3 692 теңге болса, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 3 932 теңгені құрайды. Ең төменгі жалақы мөлшері бұрынғыдай 85 мың теңге болып қала береді. Базалық әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі 2025 жылға 46 228 теңге шамасында белгіленді. 2024 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 43 407 теңге болды. Мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері – 32 360 теңге (2024 жылы – 28 215 теңге), ең жоғары мөлшері – 50 851 теңге (2024 жылы – 45 578 теңге). Ал жасы бойынша зейнетақының ең төменгі мөлшері – 62 771 теңге (2024 жылы – 57 853 теңге), зейнетақының ең жоғары сомасы – 162 195 теңге (152 295 теңге). Базалық және жасы бойынша зейнетақының ең төмен мөлшері 95 131 теңге құраса, ең жоғары сомасы 213 046 теңгеге тең. Биыл зейнет жасы ерлер үшін де, әйелдер үшін де бұрынғыдай болады. Яки ерлер – 63 жас, әйелдер – 61 жас.
Бала туғаннан кейін әйелдерге жұмыс істесе де, істемесе де біржолғы мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Жөргекпұл сомасы бала кезегіне байланысты тағайындалады. Мәселен, бірінші, екінші, үшінші балаға – 149 416 теңге (2024 жылы – 140 296 теңге), төртінші және одан кейінгі балаларға – 247 716 теңге (2024 жылы – 232 596 теңге). Ал егіз не үшем, төртем болса, мемлекеттік жәрдемақы әр балаға жеке-жеке есептеледі. Декретке шыққанға дейін жұмыс істеген әйелдер үшін біржолғы әлеуметтік төлем мөлшері соңғы 12 айдағы орташа айлық табысына байланысты есептеледі. Жұмыс істемейтін әйелдерге бала кезегіне қарай бiр жарым жасқа толғанша ай сайын төлем беріледі. Бірінші балаға – 22 649 теңге (2024 жылы – 21 266 теңге), екінші балаға – 26 777 теңге (2024 жылы – 25 143 теңге),
үшінші балаға – 30 867 теңге (2024 жылы – 28 982 теңге), төртінші және одан кейінгі нәрестелер үшін – 34 995 теңге (2024 жылы – 32 859 теңге).
Декретке шыққанға дейін жұмыс істеген аналарға бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем орташа жалақысына байланысты есептеледі. Отбасылық кірісіне қарамастан төрт және одан да көп, кәмелеттік жасқа толмаған, орта арнаулы және жоғары оқу орнында білім алып жатқан 23 жасқа толмаған балалары бар аналарға сараланған мөлшерде жәрдемақы беріледі. Төрт балаға – 63 030 теңге (2024 жылы – 59 183 теңге), бес балаға – 78 798 теңге (2024 жылы – 73 988 теңге), алты балаға – 94 565 теңге (2024 жылы – 88 973 теңге), жеті балаға – 110 332 теңге (2024 жылы – 103 598 теңге), сегіз және одан көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 15 728 теңгеден (4 АЕК) қосылады (2024 жылы – 14 768 теңгеден).
Ал «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналарға табысына қарамастан ай сайын мемлекеттік жәрдемақы беріледі. «Алтын алқа», «Батыр ана», I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордені иегерлері – 29 097 теңге (2024 жылы – 27 321 теңге), «Күміс алқа» иегері – 25 165 теңге (2024 жылы – 23 629 теңге).
Жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға 74 428 теңге мемлекеттік жәрдемақы төленеді. 7 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға және бала кезінен мүгедектігі бар адамдарға берілетін жәрдемақы бойынша, I топ – 101 702 теңге, II топ – 84 598 теңге, III топ – 74 428 теңге.
Жалпы жәрдемақы бойынша, I топ – 101 702 теңге (2024 жылы – 95 496 теңге), II топ – 81 362 теңге (2024 жылы – 76 397 теңге), III топ – 55 474 теңге (2024 жылы – 52 089 теңге). Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қамқоршыға ол 18 жасқа толғанға дейін тағайындалатын және төленетін мемлекеттік жәрдемақы – 74 428 теңге (2024 жылы – 69 886 теңге). І топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасаушыға да дәл осындай сомада жәрдемақы төленеді.
Асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы ең төменгі күнкөріс деңгейіне және адам санына байланысты есептеледі. Ата-анасының бірі болмаған жағдайда балаларға немесе еңбекке жарамсыз отбасы мүшелеріне ай сайын – 42 530 теңге (2024 жылы – 39 934 теңге), екі адамға – 78 588 теңге (2024 жылы – 73 792 теңге), үш адамға – 104 014 теңге (2024 жылы – 97 666 теңге), төрт адамға – 120 194 теңге (2024 жылы – 112 858 теңге), бес адамға – 127 129 теңге (2024 жылы – 119 369 теңге), алты және одан көп адамға – 138 685 теңге (2024 жылы – 130 221 теңге). Ал ата-анасының екеуінен де айырылған жетім балаға 71 192 теңге беріледі.
Айнұр ӘЛИ