Қызылордада жаңа форматтағы СуперХҚКО ашылды

Қызылорда қаласында жаңа форматтағы Халыққа қызмет көрсету орталығы – СуперХҚКО-ның ресми ашылуы өтті. Салтанатты шараға ҚР Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының Басқарма Төрағасы Арман Кенжегалиев қатысты.
Жаңа ғимарат заманауи талаптарға сай салынған: кең бөлмелер, ыңғайлы навигация, заманауи дизайн және цифрлық технологиялардың енгізілуі қызмет алу процесін айтарлықтай жеңілдетеді. Барлық жағдай келушілердің уақытын үнемдеп, қызметті барынша жайлы алу үшін ұйымдастырылған.
«СуперХҚКО – бұл халыққа қызмет көрсету жүйесінің жаңа стандарты. Олар азаматтардың ең бағалы ресурсы – уақытын үнемдеуге көмектесіп, қызметтерді қолжетімді, ашық және сапалы түрде ұсынады. Бұл – азаматтардың жайлы өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам», – деп атап өтті «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясының Басқарма Төрағасы Арман Кенжеалиев.
Шара барысында Цифрлық даму министрі Қызылорда облысындағы «Азаматтарға арналған үкімет» филиалының қызметімен, сондай-ақ алдағы жоспарларымен және даму перспективаларымен танысты.Естеріңізге сала кетейік, СуперХҚКО Қызылорда қаласы, Ғ. Мұратбаев көшесі, 2Е мекенжайында орналасқан. Бұл осындай форматтағы Қазақстандағы екінші орталық. Алғашқысы Қарағанды қаласында ашылып, өзінің тиімділігін дәлелдеді.













