Қысым мен қылмыс: қатыгез кім?
Қайнаттың-ау сорымды, сорқұдығым!
Туа сала сен өлдің, мен тірімін…
Не жазығың бар еді, бөлтірігім?! – деп жырлап еді Ершат Қайболдин көптің қабырғасын қайыстырған қаралы оқиғаға арнап. Ел есеңгіреді. Жұрт шулады. Әр жылы бір емес, бірнеше жасөспірім өлімінің куәсі болып келеміз. Қоғам көне бере ме?
Қазір әлсізге әлімжеттік көрсетіп, жұдырық ала жүгіру белең алды. Әсіресе жас балаға қатысты зорлық-зомбылық оқиғалары жаға ұстататыны жасырын емес. Мәселен, 2022 жылы 719 кәмелетке толмағандар жыныстық қолсұғушылыққа қарсы қылмыстардың құрбаны болған. Қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы аутоагрессивті мінез-құлық пен суицид. Бұл бойынша 2023 жылы 95 факт тіркелген. 2023 жылға арналған Wisevoter есебінің дерегіне сүйенсек, Қазақстан суицид статистикасы бойынша 178 елдің ішінде 19-ншы, балалық шақтың қорғалуы бойынша елдер рейтингінде 180-нен 50-орынға жайғасқан. Ал өзгенің қолынан қаза тауып, қорлық көрген қара домалақтың күйі не болмақ?
«Мен шаршадым өз-өзімді құтқара...»
Дәл осындай әуенмен әлеуметтік желіде қайтыс болған жасөспірімдердің бейнежазбасы тарауда. Онда жастар хэштег арқылы өмірі қиылған жеткіншектерге әділеттілік іздейді. Енді ғана өмірінің балғын шағы басталған бозбаланың өлімі дүйім жұртты дүрліктіргені рас. 4-қазанға қараған түні Талғарда жасөспірім айуандықпен өлтірілген. 16 жастағы Шерзат Болат дүкенде әкесіне көмектесіп жүрген. Осы кезде тұтынушымен жанжал басталған. Сатып алушы достарына телефон соғып, олар келіп Шерзатты пышақтап, басынан мылтықпен ұрған. Жанжал кезінде Шерзаттың әкесі, ағасы да соққыға жығылған. Шерзат Болатты әкесі ауруханаға жеткізген, бірақ оны құтқару мүмкін болмады. Оқиғаны кейін бірнеше дереккөздер Талғар оқиғасы деп те атады.
Қақтығыстың басталған нақты себебі әзірге анық емес. Бастапқы дереккөзде, төбелес тұтынушының бір бөтелке сыра үшін ақша төлеуден бас тартуынан басталған. Алайда Ішкі істер министрлігі кейін көрсеткен бейнелерде бұл түсіндірмені жоққа шығарды. Көп ақпарат көздерінің жазуынша, өлімге кінәлі – «Хуторские» (ауылдықтар, қыстақтықтар) ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшелері. ІІМ бұл топтың өз есептерінде болмағанын айтты. Шерзат Болат, оның әкесі мен ағасына жабылып, шабуылдаған 13 адам жайлы ақпарат көп емес. Әзірге қамауға алынған күдіктілер саны — 11 адам. 12-қазанда Болат отбасының үйі өртенді. Ішкі істер министрлігі бұл өрттің адам қолынан жасалғанын мүмкін көрді. Жанұясы қорғауға алынған. Қылмыс салдарынан жергілікті биліктің біраз шенеуніктері, соның ішінде Талғар әкімі, оның бір орынбасары және аппаратының басшысы қызметтерінен босатылды.
Ал Түркістан облысы, Төрткөл ауылында 9 сынып оқитын Аружан Орынбайды өлтірген екі ауылдасына апелляциялық сот үкімі шықты. Ауылдас 18 және 20 жастағы жігіттер қыздың интимдік суреттерін әлеуметтік желіге жария етеміз деп бопсалаған. Үшеуінің арасындағы болған жанжалдың ақыры, қыздың өлімімен аяқталған еді. Прокурор Аружанды пышақтап өлтірді деген 20 жастағы жігітті 20 жылға бас бостандығынан айыруды, ал оның жанындағы жігітке 8 жыл түрмеге қамауды сұрады. Алайда алқабилер қатысуымен өткен апелляциялық сот шешімі бойынша 20 жастағы жігіт 16 жылға, екіншісі 3 жылға бас бостандығынан айрылды.
Атырауда 7-сынып оқушысы белгісіз жағдайда суға батып қаза тапты. Мерланды сол күні көргендер анасына «Жанұзақ балаңызды суға итеріп жіберді, ұлыңызды енді іздемей-ақ қойыңыз» деп айтқан екен. Не деген жауыздық? Белгісіз жағдайда суға батып, қаза тапқан 13 жастағы баланың туыстары тергеудің әділ жүргізілуін талап етеді. Марқұмның жақындары қылмыстық істің бабын ауыстырып, күдіктілерді қамау керек деп есептейді. Қайғылы оқиға тамыз айында Жайық өзенінің жағасында болған. Марқұмның туыстары Мерлан сыныптастарымен кетіп, сол күйі оралмағанын айтады. Сөздерінше, Мерлан Сананы үлкен сыныптың балалары Жайық өзеніне итеріп жіберген. Ал полиция «тергеу әлі аяқталмаған» деп қысқа қайырды. Қылмыстық істе күдіктілердің бар-жоғы да әзірге белгісіз. Жасөспірімнің өліміне қатысты қазір Қылмыстық кодекстің 104-бабына сәйкес, қылмыстық іс тергелуде. Яки «Абайсызда қазаға ұшырату» дерегі бойынша, сот-медициналық сараптамасы тағайындалған. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жарияланбайды екен.
«Теңізді де кешіп өтіп жетпей ме?...»
Осы әнді бала күнімізден тыңдап өсіп едік. Онда ананың бала үшін теңізді де кешіп, барлығына мойымайтынын суреттейді. Қазір ше? Қоғам баланы қорғай алмай жатқанда өзі анасы ішінен шыққан бауыр етін жамандыққа қиып жатыр. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында үй тапсырмасын орындамаған қызына анасы пышақ сұғып алған еді. 11 жастағы қыз бала үй тапсырмасын орындамай, дәптерге дұрыс жазу жазбаған. Анасы соған ашуланып, оған жекіген. Артынша өз қызының санына пышақ сұғып алған. Қазір баланың жағдайы жақсарды. Оның ата-анасы алты бала өсіріп отыр, ата-әжесімен бірге тұрады. Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті осы оқиғаға қатысты ресми мәлімет таратты. Әкімдік пен комиссия ананы қалған балаларынан шеттету туралы шешім қабылдаған.
«Кәмелетке толмаған бала ауруханада жатыр. Оған психологиялық көмек көрсетеміз. Білім басқармасы арнайы комиссия құрды. Сондай-ақ кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау комиссиясы мен әкімдік ананы қалған балаларын үйде тәрбиелеуден шеттету туралы шешім қабылдады. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр» деп хабарлады комитет.
Өзіміздің аймақта да осы іспеттес сұмдық оқиға тіркеліп еді. Шиелі ауданының тұрғыны жалдамалы пәтерде ұлы мен қызын тұншықтырып өлтірген. Бұл мезетте сотталушының басқа қалада жұмыс істейтін күйеуі 15 күн демалысында үйіне келмей, әйелі ренжіпті. Судья «аталған іс мотивіне ерлі-зайыптының арасындағы жанжал себеп болған» дейді. Өз анасы өзегінен шыққан баласын қалайша қара жерге қияды? Қоғамға енді неге өкпелейміз...
Қатыгез де бала бар
Статистикалық деректерге сүйенсек, елде кәмелетке толмаған 3 бала адам өлтіргені үшін, 12 жеткіншек денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Соңғы кезде әлеуметтік желіде жасөспірімдерге қатысты түрлі сұмдық тарап жатыр. Бұл жұртшылықты дүрліктіріп қана қоймай, ата-ана баласы үшін алаңдай бастады. Жеткіншектердің есіруіне, тым қатыгездігі мен жауыздығына, бір-бірін өлтіруіне не себеп?
Елде 14 жастан асқан балалар ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Оның өзінде жеңіл түрдегі қылмыс үшін ата-анасына айыппұл салумен шектеледі. Сондықтан заңды күшейту керек дейді заңгерлер. Қылмыс жасаған жасөспірім заң алдында жауап бермеген соң, әрі қарай да өзінің арам пиғылын жалғастыра беретінін айтады.
Шетел практикасына сүйене отырып, жасы 12 де болсын, 13-те болсын, 14 болсын, бала қылмыс жасаса, оларға қатысты сот-психологиялық сараптама тағайындау қажет. Егер де сарапшының қорытындысына сәйкес, баланың ойлау қабілеті 16-18 жас деп берсе, сол жасқа сәйкес тиісті жауапкершілікке тартылуы керек.
Түнгі рейд не реттейді?
Қазалы ауданында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында түнгі рейд жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Жасөспірімдердің арасында құқық бұзушылықтың алдын алу іс-шара жоспарына сәйкес, Әйтеке би кенті бойынша кəмелет жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілінің қарауынсыз көшеде жүруіне тосқауыл қою, құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында жауапты мамандар жастар көп шоғырланатын орындарда түнгі клубтар мен ойын-сауық орталықтарында, аудан көшелерінде түнгі рейд жұмыстарын жүргізуде.
Рейд барысында түнгі клубтар мен ойын-сауық орындарында, аудан орталығында заңды өкілінсіз жүрген жасөспірімдерге ескертулер беріліп, түсіндірме жұмыстары жасалуда.
Түйін: Бірді айтып, екіншісіне өтіп кетіп жатырмыз. Ойды ой қуалайды емес пе? Жасөспірімдердің арасында жиілеген мұндай қайғылы оқиға бәрімізді де алаңдатып отыр. Әр бала әртүрлі жолмен мерт болса да, бастысы адам қолынан қаза тапты. Мектептегі буллинг, әлімжеттік, кибербуллинг, топтық төбелес, кәмелетке толмағандардың арасындағы суицид, кісі қолынан қаза табу, қай-қайсысы болмасын ұмыта кететін жай емес. Кінәлі кім? Адам ба, қоғам ба?
Айнұр ӘЛИ